Дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан сахна: Алматы IV халықаралық қуыршақ театрлары фестивалін қабылдады

Дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан сахна: Алматы IV халықаралық қуыршақ театрлары фестивалін қабылдады

Алматы қаласында 21-24 қазан аралығында IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» қуыршақ театрлары фестивалі өтуде. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өтіп жатқан халықаралық мәдени шараға 11 елден 14 театр ұжымы қатысып, қуыршақ өнерінің озық үлгілерін ұсынуда. Фестиваль аясында 150-ден астам қуыршақ өнерінің шебері бас қосып, кәсіби тәжірибе алмасуға және халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік алды.

Төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған фестиваль Италия, Франция, Иран, Молдова, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан және Қазақстан,  Қырғызстан елдерінің театрларын бір сахнада тоғыстырды. Бұл – әр елдің ұлттық мәдениеті мен театрлық дәстүрін таныстырып қана қоймай, қуыршақ өнерінің бүгінгі даму бағыттарын саралауға жол ашатын маңызды халықаралық шығармашылық алаң.

Фестивальдің басты мақсаты – дәстүрлі қуыршақ өнерін дамыту, заманауи сахналық ізденістерді дәріптеу, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайту және көрерменге әлемдік қуыршақ театрының сан алуан көркемдік мүмкіндіктерін таныстыру.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді фестивальдің маңыздылығына тоқталып, халықаралық шығармашылық байланыстың өнер саласын дамытудағы рөлін атап өтті:  «Almaty Puppet Festival – ең алдымен, қуыршақ өнеріне қызмет ететін шығармашылық диалог алаңы. Әлемнің әр түкпірінен келген театр ұжымдары мен 150-ден астам қуыршақ өнерінің шеберін бір ортаға жинау – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Әр елдің өзіндік сахналық тілі, қалыптасқан дәстүрі мен заманауи ізденісі бар. Осындай кездесулер арқылы біз бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасып қана қоймай, қуыршақ театрының көркемдік көкжиегін кеңейтеміз. Біздің мақсатымыз – ұлттық өнердің құндылықтарын сақтай отырып, оны әлемдік театр үдерісімен сабақтастыра дамыту және көрерменге қуыршақ өнерінің шексіз мүмкіндіктерін көрсету.

 

Фестиваль бағдарламасы: әлемдік театрлар және сан алуан сахналық шешімдер

21 қазанда фестивальдің баспасөз конференциясы мен ресми ашылу салтанаты өтті. Фестивальдің алғашқы күнінде Иранның Тегеран қаласындағы «Deemak» театры «Маршмэллоу», Түркияның Ыстанбұл қаласынан келген Кемал Фатих Полаттың «Карагөз» театры «Әлем жұлдыздарының шоуы» спектакльдерін ұсынды. Сондай-ақ М. Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» қойылымын сахналады.

22 қазанда көрермен назарына Өзбекстанның Ферғана облыстық қуыршақ театрының «Чемодан», Молдованың Кишинев қаласындағы «Izvorașul Vesel» қуыршақ театрының «Теңбілді ханшайым», Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театрының «Қағазды жаңбыр» спектакльдері ұсынылады. Әзірбайжанның Гянджа мемлекеттік қуыршақ театры «Етік киген мысық» қойылымын, Грузияның Озургети қаласындағы Александр Цуцунава атындағы кәсіби мемлекеттік драма театры «Ит» спектаклін көрсетті. Ал Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры фестиваль қонақтары мен қатысушыларына «Taza.KZ» спектаклін ұсынды.

23 қазанда Италияның Флоренция қаласындағы халықаралық театр орталығы «Жұлдызды жаңбыр» спектаклін көрсетеді. Ресейдің Татарстан Республикасындағы «Экият» Татар мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Адәмнәр», Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры «Алқызыл гүл», Екатеринбург қаласындағы «Тохот» театры «Аңдар детективі» қойылымдарымен қатысады.

24 қазанда Францияның Париж қаласындағы «Le Soleil des Abysses» театры «Рамаяна» спектаклін, Қостанай облыстық қуыршақ театры «Жындының жазбалары» қойылымын ұсынады. Сонымен қатар режиссер, профессор Құралай Ешмұратованың «Қуыршақ театры: дәстүрден заманауи өнерге дейін» тақырыбында шеберлік сағаты өтеді. Бұл кәсіби кездесу қуыршақ театрының көркемдік мүмкіндіктерін тереңірек зерделеуге, дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын талқылауға бағытталған.

 

Кәсіби сараптама және шығармашылық тәжірибе алмасу

Фестивальге қатысушы спектакльдерді отандық және шетелдік театр өнерінің мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалайды.

Қазылар алқасының төрағасы – театртанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек. Қазылар алқасының құрамында театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстан халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Меруерт Жақсылықова; театртанушы, театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент, Загир Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының Өнер тарихы және теориясы кафедрасының меңгерушісі Айсылу Сагитова; режиссер, актер, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, халықаралық фестивальдердің лауреаты Кубанычбек Адылов бар.

Қазылар алқасы спектакльдерді режиссерлік шешім, актерлік орындаушылық, қуыршақ жүргізу шеберлігі, сценография және көркемдік тұтастық өлшемдері бойынша саралайды. Мұндай кәсіби бағалау театр ұжымдарының шығармашылық жетістіктерін айқындап, қуыршақ өнерінің даму үрдістерін талдауға мүмкіндік береді.

IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» – түрлі мәдениеттерді өнер тілі арқылы жақындастыратын, шығармашылық ізденістерге жол ашатын және қуыршақ театрының халықаралық беделін нығайтуға үлес қосатын маңызды мәдени оқиға. Фестиваль аясындағы спектакльдер мен кәсіби кездесулер көрермендерге әлемдік қуыршақ өнерінің жаңа қырларын таныстырып, отандық театр өнерінің халықаралық шығармашылық кеңістіктегі байланысын кеңейтуге ықпал етеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Гүлім Көпбайқызы

23.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28821
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28349
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45642
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41286
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45961