Израиль Газада 5 журналисті өлтірді

Израиль Газада 5 журналисті өлтірді

«Әл-Жазира» тілшісі Анас аш-Шериф пен төрт әріптесі Газа қаласындағы журналистер шатырында Израильдің нысаналы соққысынан қаза тапты. Бұл туралы «Әл-Жазира» арнасының сайтында хабарланды. 

Оқиға 10 тамыз күні кеште болған. Газа қаласындағы Шифа ауруханасының қақпасы алдында орналасқан шатырға жасалған шабуылдан жеті адам қаза болыпты. Олардың арасында «Әл-Жазира» телеарнасының тілшісі Мұхаммед Куикайя, операторлар Ибрахим Захир, Мұхаммед Нуфал және Моамен Алива бар.

Хабарланғандай, 28 жастағы Анас аш-Шериф – «Әл-Джазира» араб тіліндегі арнасының танымал тілшісі болған. Ол қазірге дейін Газаның солтүстігінде болып жатқан жағдайлардан шынайы ақпараттар таратып келген екен. Ол өмірінің соңғы сәттерінде X әлеуметтік желісінде Израильдің Газа қаласының шығыс және оңтүстік аудандарына жойқын бомбалау жүргізгенін, оны «отты белдеу» деп атағанын жазыпты. Оның соңғы бейнежазбасында қара түнді қақ жарған қызғылт сары жарықтар көрініп, артқы фонда Израильдің жаппай зымыран соққыларының гуілі естіліп тұрған. 

Анас аш-Шериф 2025 жылы 6 сәуірде өсиет жазған көрінеді. Ол хатында: «Барлық қайғы-қасіретті бастан өткердім. Қайғы мен жоғалтудың дәмін қайта-қайта таттым. Соған қарамастан, мен ешқашан шындықты бұрмаламай, боямасыз жеткізуден тайынған жоқпын. Құдай үнсіз қалғандарды, біздің тынысымызды тұншықтырғандарды куә етер деп үміттенемін. Тіпті балалар мен әйелдеріміздің бөлшектенген мүрделері де олардың жүректерін елжіретпеді, бір жарым жылдан астам уақыт бойы халқымызға жасалған қырғынды тоқтатпады», – деген. 

Сонымен бірге ол әйелі Баянмен қоштасуға, ұлы Салах пен қызы Шамның өскенін көруге үлгермегеніне күйініш білдіріпті.

«Әл-Жазира» медиа желісі бұл қырғынды «сөз бостандығына тағы да жасалған ашық әрі қасақана шабуыл» деп айыптады.

Мәлімдемеде: «Бұл шабуыл Израильдің Газаға үздіксіз соққыларының апатты салдарлары аясында жасалды, нәтижесінде бейбіт тұрғындар аяусыз қырылып, аштыққа ұшырап, тұтас қауымдастықтар жойылуда. Газаның ең батыл журналистерінің бірі Анас аш-Шериф пен оның әріптестерін өлтіруге берілген бұйрық – Газаны басып алу мен қосып алу туралы шындықты ашатын дауыстарды өшіруге бағытталған тығырықтағы әрекет. «Әл-Жазира» халықаралық қауымдастық пен барлық тиісті ұйымдарды «жалғасып жатқан геноцидті тоқтатуға және журналистерге қасақана шабуыл жасауды доғаруға нақты шаралар қабылдауға шақырды. Қылмыскерлердің жазасыз қалуы мен есеп бермеуі Израильдің әрекеттерін күшейтіп, шындық куәгерлерін одан әрі қудалауға итермелейді», – делінген. 

Осы қанды оқиғаға қатысты біраз мәліметтерді саралап көргенімізде бұл кездейсоқ болған оқиға емес екендігіне көзіміз жетті. Журналистердің шатырына бомба түскендігі туралы хабар тарала салысымен Израиль армиясы арнайы мәлімдеме жасап Анас аш-Шерифті қасақана өлтіргенін растаған. Оның басты себебі   «Анас аш-Шериф – Хамас тобының жетекшісі» деп айыптап, журналистің «Израиль бейбіт тұрғындары мен әскерлерін нысанаға алған зымыран соққыларын ұйымдастыруға қатысқанын» айтыпты. Сондай-ақ оның палестиналық топтармен байланысын дәлелдейтін «айқын құжаттары бар» екенін мәлімдеген. 

Алайда Еуропа – Жерорта теңізі адам құқықтарын қорғау ұйымының сарапшысы Мұхаммед Шехада: «Аш-Шерифтің кез келген дұшпандық әрекетке қатысқанына ешқандай дәлел жоқ. Оның күнделікті жұмысы – таңнан кешке дейін камера алдында тұру», – деген.

Өткен айда Израиль армиясының өкілі Авихай Адраи әлеуметтік желіде Анас аш-Шерифті Хамас әскери қанатының мүшесі деп айыптап бейнежазба таратқаннан кейін, БҰҰ-ның сөз бостандығы мәселесі жөніндегі арнайы баяндаушысы Айрин Хан: «Израиль армиясының аш-Шерифке қарсы қайталанған айыптауларынан қатты алаңдаймын. Аш-Шерифтің қауіпсіздігіне алаңдауға толық негіз бар, өйткені барған сайын көп дәлелдер Газа журналистерінің Хамас террористері деген дәлелденбеген айыптаулар негізінде Израиль әскері тарапынан нысанаға алынып, өлтіріліп жатқанын көрсетуде», – деді.

«Әл-Жазира» бұрын да Израиль билігін дәлелдерді қолдан жасап, өз қызметкерлерін Хамаспен байланыстыруға тырысты деп айыптаған. Соңғы кездері арна Израиль армиясын, соның ішінде аш-Шерифті де, нысанаға алған «жала жабу науқанын» жүргізді деп айыптады.

2023 жылғы қазаннан бері Израиль Газа секторына соғыс ашқалы, ол жердегі палестиналық журналистерді Хамас мүшелері деп жиі айыптап келеді. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары мұны Израильдің өз қылмыстарын әшкерелейтін хабарламаларды жоққа шығару амалы деп бағалайды.

Бомбалау басталғалы бері Израиль армиясы 200-ден астам журналист пен медиа қызметкерін өлтірген. Олардың арасында бірнешеуі «Әл-Жазира» тілшілері мен олардың туыстары екен.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
15.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16486
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16339
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31512
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30133
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33722