Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арахчи 21 шілде күні Fox News арнасына сұхбат бергенде, Иранның уран байыту бағдарламасынан бас тартпайтынын білдірді. Бас-аяғы 16 минутқа созылған сұхбаттың негізгі мазмұны қазір әлемдік БАҚ беттерінде жарияланып жатыр.
– Бұл нысандар өткен айда АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдарынан айтарлықтай зардап шекті. Қазір тоқтады, өйткені залал елеулі және орасан зор болды, бірақ біздің уранды байыту жұмыстарынан бас тарта алмайтынымыз анық. Өйткені бұл – өз ғалымдарымыздың жетістігі, ал енді, ең бастысы, бұл ұлттық мақтаныш мәселесі, – деді Арахчи сұхбатында.
Арахчи сонымен қоса Иранның Америка Құрама Штаттарымен «келіссөздерге ашық» екенін, бірақ «әзірше» тікелей келіссөздерге бармайтынын айтты.
– Егер олар (АҚШ-ты меңзеп) ұтымды шешім іздесе, мен олармен араласуға дайынмын. Біз Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін және әрқашан осы ұстанымнан таймайтынын, Иран ешқашан ядролық қаруға ұмтылмайтынын дәлелдеу үшін кез келген қажетті сенім шараларын қабылдауға дайынбыз және оның орнына олардан санкцияларды алып тастауды күтеміз. Сондықтан менің Америка Құрама Штаттарына айтарым: Иранның ядролық бағдарламасының тағдырын келіссөздер арқылы шешейік, – деді ол.
Арахчи сонымен қоса қазір Атом Қуаты Ұйымы Иранның байытылған материалдарына жасалған шабуылдардың әсерін әлі де бағалап жатқанын айтып: «Жақында МАГАТЭ-ге қорытындылары туралы хабарлаймыз. Сондай-ақ МАГАТЭ-ге инспекторларды жіберу туралы кез келген өтініш «мұқият қарастырылады». Біз агенттікпен ынтымақтастықты тоқтатқан жоқпыз», – деді. Президент Масуд Пезерхзиян осы айдың басында Иранның МАГАТЭ-мен ынтымақтастығын тоқтату туралы заңға қол қойғаннан кейін МАГАТЭ инспекторлары Ираннан кеткен болатын. Сыртқы істер министрінің бұл сөзіне қарағанда Тегеран мен МАГАТЭ арасында диалогтар жандана бастаған сияқты.
Иран өзінің ядролық байыту бағдарламасының тек азаматтық мақсаттарға арналғанын ұзақ уақыт бойы қуаттап келеді. Ал израильдықтар болса Иранды «құпия ядролық бағдарлама» жүргізіп жатыр деп айыптауын тоқтатқан емес. Осындай даудың соңы қарулы қақтығысқа әкеліп соққан еді. Жан-жақтылы сараптамалар жасаған саясаттанушылар 12 күндік соғыста кімнің нақты жеңімпаз екенін анықтау қиын деп отыр. Ал адам шығыны мен ойран болған нысандарды салыстыратын болсақ, бұл соғыста Израильдың жеңгені анық. Ресми деректерде Ираннан 900-ден астам адам қаза болса, Израильден 28 адам опат болғандығы айтылған еді. Бұл жерде Иранның қуатын айрықша бағалаушылар «әлемде теңдесі жоқ» деп бағаланған «Темір күмбездің» соңғы күндері Иран зымырандарын түгелдей қағып алуға шамалары жетпей қалып, көптеген инфрақұрылымдарының жойылғандығын ескерсе керек.