Империя деген не десек, өзге елдер мен жерлерді бағындырып үстемдік ететін ірі мемлекеттер екен (Жасанды Интеллекттің айтуы бойынша). Ендеше, бұл анықтамаға бүгінде қай мемлекеттер жатады? АҚШ, Ресей, Қытай жатады дейміз. Өйткені, бұл елдерге тән басты індет не десек, күшейген үстіне күшейе түссем деген, байыған үстіне байи түссем деген қомағайлық екен.
Яғни, бұл елдер күшке табынады. Джунгли заңын бәрінен биік қояды. Джунгли заңы әлсізді әлділер екі бүктеп бір шайнайтын заң екені белгілі. Әлімсақтан жабайы тіршілікке тән заң. Бірақ, адам адам емес пе? Адам адам болуға әрқашан ұмтылды емес пе? Ұмтылды. Әділетті қоғам құруға ұмтылды. Нәтижесінде бүгінгі өркениетке жетті. Бірақ, қан кеше жүріп жетті. Грек-Рим, Цин, Моңғол, Алтын Орда, Кеңес империясын алыңыз. Күшке табынған империялар. Алайда, ХХІ ғасыр табалдырығын адамзат күшке емес, заңға табынып аттағаны белгілі. Өкінішке орай, соңғы күндер оқиғасы адамзаттың әлі күнге Джунглиде жүргенін көрсетті.
Бұны Трамптың Венесуэлаға шабуылынан көрдік. Күшті елдер қаласа халықаралық заңдарды белден басып, білек күшіне табына салатынын көрдік. Оны АҚШ президенті Трамп көрсетті. Оның бұл әрекеті әлемде империялық індетті қоздырды. Қараңыз! Ресейлік тележурналист Владимир Соловьев телеэкран арқылы айдай әлем алдында тоқсаныншы жылдары тырапай асқан КСРО-ны қайта қалпына келтіру керек деп жар салды. Оған салсақ, КСРО құлағаннан кейін тәуелсіздік алған 15 республика, енді тәуелсіздігімен қоштасуға тиіс екен. КСРО-ны қайта қалыпқа келтіруге тиіс екен. Оған философ А. Дугин қосылды. Дугин, Соловьевтың империялық ындыны осылай оянды. Оны оятқан АҚШ президенті Дональд Трамптың «Планетаның батыс жарты шарына біз иелік етуге тиіспіз!» дегені болды. Америка планетаның батыс шарына ие болса, онда неге Ресей планетаның шығыс жарты шарына ие болмауға тиіс? Дугин, Соловьевтің пайымы осы.
Өстіп, Трамп әлемді қайта бөліске салу идеясын күн тәртібіне шығарды. Соловьев, Дугиндер оған алақан соғып мәз болды.
Осыдан 35 жыл бұрын тарап кеткен КСРО-ны қалпына келтіру Соловьев, Дугиндердің айта алмай жүрген арманы екен. Дугин, Соловьевтар соңғы мәлімдемелерімен өз тәуелсіздігін жариялаған 15 республикаға түкірді. Бірақ, 15 республика ол түкірікті олардың өздеріне қайтарды. Өйткені, 15 республика Соловьев ойлағандай үп дегенде ұшып кететін шиқалпақ емес. Ол республикалар, ұлыдержавашыл Дугин, Соловьеке қарсы өре түрегелді. Өліспей беріспес мінез көрсетті. Тәуелсіз 15 республикамен алысып жүргенде, Соловьев Дугин мырзалар, Ресей тағы да 15-ке бөлінін кетіп жүрмесін! Татарстан, Башқұртстан бас болып Буриятиямен аяқталып, Ресей іштей ыдырағалы тұрғанын қалайша көрмейсіңдер?! Әлде ол елдердің бәрін орыс танкісінің табанына салғыларың келе ме? Бірақ, шынжыр табан танк жалғыз ғана сіздерде емес, біздерде де жетеді. Оған Түрік танкі, Қытай танкі қосылуы әбден мүмкін! Аталмыш елдердің басшылары: «Қазақстанға тиіскендерің – бізге тиіскендерің!» дегенін есітпеп пе едіңдер, Дугин, Соловьев мырзалар?
Әрине, естідіңдер. Бірақ, сіздер империялық індетке шалдыққансыздар. Империялық індетке шалдыққан ұлыдержавашылдар, бірақ ешқашан өз нәпсісінен өзгені естімейді. Ресей империясы да 250 жыл бойы қазақтың зарын естімеп еді. 1931-32 жылдардағы ашаршылықта да қызыл империя қазақтың алдындағы малы мен қолындағы нанын тартып алып, аштықтан Мәскеуді құтқарған. Сол жылдары қазақтың жартысы қоңыз теріп кетті. 40 пайызы қырылып, тұқымы тұздай құри жаздады. Егер сол жылдары коммунистер билігі кезінде орын алған 3 ашаршылық қазақты қынадай қырмағанда, бүгінде қазақ саны Ұлы Далада 100 миллионнан асар еді. Бұны біз қызыл империяға ешқашан кешіре алмаймыз!
Менің бұл жанайқайым сіздерге бағытталған, Дугин, Соловьев!
Орыс халқына емес. Өйткені, орыс халқы тудырған пайғамбардай Лев Толстой менің де бас иетін ұлы ұстазым. Дугин, Соловьев! Төскейде малы, төсекте басы қосылған ұлттар арасына от тастап арандатуды доғарыңдар!!!
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық хазушысы,
Түркі дүниесі әдеби сыйлығының
лауреаты












