БҚО: Ауданға 17 мыңнан астам турист келген

БҚО: Ауданға 17 мыңнан астам турист келген

Батыс Қазақстан облысының шалғайда орналасқан аудандарының бірі – Бөкей ордасы. Қойнауы тарихқа толы ауданда биылғы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жетерлік.

2026 жылы – қос мерейтой 

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжісінде баяндады. 

– Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың бірінші кезектегі міндеті – билік органдары мен халық арасында ашық әрі тиімді диалог орнату, қоғамның сеніміне ие болу, жергілікті жердегі өзекті мәселелерге жедел әрі жүйелі түрде жауап беру. Мемлекет басшысының биыл жарияланған кезекті Жолдауында мемлекеттік басқарудың тиімділігі және халыққа жақын болуы қажеттігі баса айтылып, елде туындаған мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу міндеттілігі атап өтілді. Біздің басты мақсатымыз – аталған стратегиялық құжатта белгіленген міндеттерді ескере отырып, ауданымыздың инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция көлемін ұлғайту арқылы аудан халқының әл-ауқатын арттыру, – деген Нұрлыбек Жасқайратұлы осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді.

Сөз басында айтқанымыздай, тарих тұнған шежірелі аудан келер жылды қос бірдей үлкен мерейтоймен қарсы алмақ. Яғни, 2026 жылы Бөкей хандығының құрылғанына – 225, ал Хан ордасы ауылына 200 жыл толады. Соған орай дайындық жұмыстары бүгіннен басталып, аудандық жоспар жасақталып, ұйымдастыру комиссиясы құрылған. Сәйкесінше, Хан ордасы ауылындағы тарихи музей-кешенінің құрамындағы «Хан мешіті» және «Хан кесенесі» секілді тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстары басталған. 

Хан ордасы мен Бисен ауылындағы кітапханаларға және аудандық балалар кітапханасына «Қазақстан халқы» қоры арқылы заман талабына жай  жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар бірқатар жаңа нысандар салынып, ауылдықтардың қуанышы еселенуде. Мысалы, Жетібай ауылында жаңа клуб халық игілігіне берілсе, сондай мәдени нысан Тайғара ауылында да салынатын болады. Бөрлі ауылында жаңа футбол алаңы пайда болса, Саралжында осындай спорттың нысанның құрылысы аяқталуға таяу. Ал Хан ордасында құрылысы жүргізіліп жатқан модульдік спорт кешені жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. 

Тағы бір айта кетерлігі, Хан ордасы ауылындағы тарихи музей-кешені – облыс бойынша ең көрнекті орындардың бірі. Шалғайда орналасқан елді мекен болғанымен, бұл тарихи құнды кешенге келушілер саны жыл санап көбеюде. Биылғы сегіз айдың өзінде алыс-жақын шетелдерден 17 мыңнан астам турист келіп, тарихи мұралармен танысқан.

15 жоба  іске қосылған

Аудан әкімдігі инвестициялық ахуалды жақсарту және жеке инвестициялар тарту жұмыстарына бас назар аударуда. Нәтижесінде жыл басынан бері шағын және орта бизнес саласы бойынша жалпы сомасы 285 млн теңгеге 15 жеке инвестициялық жоба іске асырылыпты. Атап айтқанда, бөкейордалықтар жылыжай құрылысын, құс, бау-бақша, біржылдық және көпжылдық шөп өсіру сынды шаруашылықтарды қолға алған. Сондай-ақ сауда нысаны, қоғамдық жуыну орны, қонақүйі, наубайхана, ағаш өңдеу цехы, көлік жуу сияқты халыққа қызмет көрсететін кәсіптермен айналысуда. Жылдың соңына дейін 5 млрд теңгеге жуық қаражатты құрайтын 40-тан астам жоба жүзеге асырылмақ. Әсіресе, аудан көлемінде тапшы мал сою алаңдарының құрылысы, жол бойында қызмет көрсету сервисі, көпжылдық және бір жылдық екпешөп өсіру сынды жобалар – солардың қатарында. 

Аудан бойынша жалпы ұзындығы 385 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының жағдайын түзеу де – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Соның ішінде ауыл арасындағы жолдарды жөндеу тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарта түсері сөзсіз. Аудан әкімі өз баяндамасында республикалық маңызы бар «Өнеге-Бисен-Сайқын» жолының жүзден астам шақырымына асфальттың бірінші қабаты толықтай төселгенін айтты. Бұл жоба жыл соңына дейін толықтай өз мәресіне жететін болады. Ал Хан ордасы, Мұратсай, Сайқын, Мәмбет, Жәрмеңке елді мекендерінде кірме және ауылішілік жолдар жөнделуде. 

Мал басы көбеюде

Басқа аудандар секілді Бөкей ордасы да мал шаруашылығын өркендетуге, төрт түліктің бабын табуға қолайлы. Ауданда өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда, ауылшаруашылығының барлық санатында мал басының өскені байқалған. Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 8 айдың қорытындысы бойынша 8 млрд 884 млн һтеңгені құраған. Бүгінгі таңда Бөкей ордасындағы 567 шаруа қожалығы мен алты кооперативтің 52-сі асылтұқымды мал өсірумен айналысып отыр. Сөз басында бөкейордалықтардың мал азықтық дақылдар, бақша және жылыжай шаруашылықтарын қолға алғанын келтірген едік. Екі шаруа қожалығының 820 гектар жерге еккен судан мен қара бидайдан алған өнімі, Мұратсай және Бисен ауылдарындағы қос азаматтың 4 гектар жерге отырғызған бақша өнімдерімен ауылдастарын қамтуы, Бисен және Сайқын ауылдарындағы кәсіпкерлердің жылыжайда өсірген көкөністерін халыққа тиімді бағада ұсынуы – сол сөзіміздің дәлелі.

Бір шаруа қожалығы былтыр іске қосқан мал бордақылау алаңының сыйымдылығын биыл мың бастан 3 мың басқа дейін кеңейткен. Жылдың соңына дейін тағы екі шаруа қожалығы Бисен және Темір Масин ауылдарында осындай бордақылау алаңдарын салуды жоспарлап қойған. Аудандық ветеринарлық станцияның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында биыл Темір Масин және Ұялы ауылдық округтерінде жаңа ветеринарлық пункттер салынған.

«Жұмыссыздықты қысқартамыз»

 Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына Бөкей ордасы халқының да қызығушылығы жоғары. Осы бағдарлама аясында несие ұйымына құжаттарын тапсырған 44 адамның сегізі несиеге қол жеткізсе, 31-інің жобасы мақұлданыпты. 

– Баршаңызға белгілі, ауданымызда ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар жоқ. Дегенмен, жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылуда. Жыл басынан 355 жаңа жұмыс орны құрылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 14 жас маманға 129 млн теңгеге тұрғын үй алуға несие қаралып, 38 маманға 393 200 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Әлі де осы бағыттағы жұмыстарымызды жандандырып, жұмыссыздықты қысқартамыз, – дейді аудан басшысы. 

Бөкей ордасы ауданында 17 мектеп жұмыс жасайды. Ал денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселесі өзекті екенін аудан әкімі де жасырмады. Өткен жылы аудандық аурухана құрамы өте қажетті алты дәрігермен толықса, биыл да ауданға сонша ақ халатты маман келіпті. Жыл соңына дейін балалар невропатологі және ультрадыбыстық зерттеу дәрігерін алдырту жоспарланған. Ал жұмысқа келген дәрігер мамандардың барлығы аудан әкімдігі тарапынан баспанамен қамтылған. Баспана демекші, аудан бойынша 327 адам тұрғын үй кезегінде тұр екен. Осыған орай биыл бес ауылда әлеуметтік осал топтарға арналған 29 пәтер салынуда. 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

 Батыс Қазақстан облысы

09.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18473
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18337
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33519
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32069
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35837