Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Woosong» білім беру қорының төрағасы және басқарма мүшесі Сонг Кён Ким бастаған делегациямен кездескен болатын. Кездесу кезінде өңір басшысы Түркістанда ашылатын халықаралық университетті уақытылы тапсыру, жұмысын бастау, құжаттарын реттеу, оқу процесін нақтылау бағытындағы мәселелерді жүйелеген еді.
Түркістан қаласындағы халықаралық талапқа сай «Woosong University Kazakhstan» университеті алдағы күзде ашылғалы отыр. Оның құрылысы аяқталған. Бүгінде талапкерлерді қабылдау жұмыстары басталып кетті. Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша комиссия өткізіліп, қазіргі таңда 100 грант есептеліп, жергілікті мәслихат сессиясында қолдау тапты. Қабылдау комиссиясы Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде орналасқан.
Заманауи ІТ университетінде жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау мен бағдарламалық қамтамасыз ету – осы 2 мамандық бойынша білім беру жоспарлануда. Оқу орны 2000-ға жуық студентке дейін қабылдай алады. Қазірдің өзінде 300-ден аса талапкерден өтініш түскен. Олардың 160-қа жуығы Астана, Алматы қалалары мен Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген. Қарақалпақстан Республикасынан да 1 үміткер оқуға құжат тапсырған.
Жалпы, елімізде білім сапасын арттыру үшін шетелдік оқу орындарын ашудың маңызы зор. Олар халықаралық стандарттарға сай білім беруге жол ашады, жастарға зор мүмкіндік береді. Шетелдік заманауи оқу орындары қажетті кадрлар даярлауға да өзіндік үлесін қосатын болады. Елде инновациялық жобалар мен стандарттар дамиды. Олар кәсіпкерліктің дамуына жол ашады, аймақтың инвестициялық тартымдылығы артуына да үлес қосады. Өңірдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени және инновациялық дамуына серпін береді. Ол білім беру жүйесін халықаралық деңгейге шығаруға да сеп болады. Түркістан қаласында ашылған шетелдік университет осындай талаптар шегінде жұмыс істеп, елге пайдасын молынан келтіреді деп күтілуде.