АҚШ Конгресіндегі республика партиясының депутаттары Қытайға АҚШ-тың ауылшаруашылық жерлері мен тұрғын үй жерлерін сатып алуға тыйым салатын заң жобасын қайта көтерді. Бұл туралы АҚШ-тың белді басылымдары хабарлап жатыр. Біз төменде «Америка дауысы» радиосының сайтында жарияланған «АҚШ Конгресіндегі республикалық заң шығарушылар Қытайға АҚШ-тың ауылшаруашылық жерлері мен тұрғын үй жерлерін сатып алуға тыйым салатын заң жобасын қайта көтерді» атты мақаланы аударып беріп отырмыз.
АҚШ сенаторы Джош Хоули 10 шілде күнгі жиналыста Конгресті қытайлықтарға Америка Құрама Штаттарындағы ауылшаруашылық және тұрғын үй жерлерін сатып алуға тыйым салуға тағы бір рет үндеді. Екі күн бұрын Трамп әкімшілігі Америка Құрама Штаттары бұдан былай Қытай азаматтары мен басқа да шетелдік қарсыластарына «ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне» байланысты Американың ауылшаруашылық жерлерін сатып алуға рұқсат бермейтінін хабарлаған еді. Хоули Конгреске Қытай Коммунистік партиясымен байланысы бар Қытай компаниялары мен жеке тұлғаларына американдық фермалар мен үйлерді сатып алуға тыйым салатын «Біздің фермаларымыз бен үйлерімізді Қытайдан қорғаңыз» атты заң жобасын ұсынып отыр.
Хоули Миссуриден келген. Бұл штат ауылшаруашылығын дамытуға қолайлы өңір болып есептеледі.
– Қытайдың Американың ауылшаруашылық жерлерін иеленуі американдық мүдделерге тікелей қауіп төндіреді. Біз ешқашан еліміздің ең үлкен қарсыласының біздің маңызды ресурстарымызға, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етуге қол жеткізуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан мен Қытай Коммунистік партиясынан американдық активтерді біржолата қорғауға арналған заңнаманы ұсынамын, – дейді ол. Заң жобасы тиісті ауылшаруашылық жерлерін сатып алуға толығымен тыйым салатын болса да, тұрғын үй сатып алуға тыйым салу екі жылға ғана қолданылады және президент одан кейін екі жыл сайын тыйым салуды қайта енгізуді таңдай алады. Сондай-ақ заң жобасы АҚШ-тың ауылшаруашылық жерлері мен тұрғын үй жерлеріне иелік ететін Қытай компаниялары мен ҚКП-мен байланысты жеке тұлғаларды бір жыл ішінде меншік құқығынан бас тартуды талап етеді. Заң жобасында заң талаптарын орындамағаны үшін айыппұлдан бастап, тікелей тәркілеуге дейінгі жазалар да қарастырылған.
Хоули 2023 жылдың наурызында «Бұл жер біздің жеріміз» деп аталатын осыған ұқсас заң жобасын ортаға салған.
Тек Хоули ғана емес, Қытай, Иран және басқа да АҚШ қарсыластарының АҚШ-тың ауылшаруашылық жерлерін иеленуіне жол бермеу АҚШ Конгресінің екі жақты мүшелерінің қолдауына ие болды.
2025 жылдың 6 наурызында Невада штатынан келген демократиялық сенатор Кэтрин Кортес Масто және Оңтүстік Дакотадан келген республикашыл сенатор Майк Раундс тағы да «Ауылшаруашылығын қорғау шаралары мен қауіпсіздігін ілгерілету туралы» Заңды таныстырды, бұл екі жақты заңнама Солтүстік Кореядан, Ираннан және Ресейден бақыланатын жеке тұлғалар мен мәдени тұлғаларға тыйым салуға бағытталған. АҚШ әскери нысандарына немесе сезімтал орындарға жақын орналасқан жер және кәсіпорындар қарастырылған.
2023 жылдың шілдесінде «Ауылшаруашылығы қауіпсіздігі мен қауіпсіздігін ілгерілету туралы заң» 2024 жылғы Ұлттық қорғанысқа рұқсат беру туралы заңға түзету ретінде енгізілді және Сенат 91 адамның қолдауымен (7 адам қарсы болған) заң жобасын қабылдаған, алайда заң жобасы ақырында ресми қолданысқа енбей қалған.
Хоулидің соңғы қадамы осы аптаның басында АҚШ Ауылшаруашылығы министрлігі жариялаған Ұлттық ауылшаруашылығы қауіпсіздігі іс-қимыл жоспарының мақсаттарына сәйкес келеді.
АҚШ Ауылшаруашылығы министрі Брук Роллинс сейсенбіде жоспарын таныстыра келіп: «Америкадағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерімізге «біздің өмір салтымызды өздерінің өмір сүруіне икемдегісі келетін жат ниетті адамдар мен қылмыскерлерден, саяси қарсыластар және дұшпандық режимдегі елдерден қауіп төніп тұр», – деп мәлімдеді. Жоспарда әкімшілік реформаның жеті шарасы көрсетілген және Конгресті Хоули заң жобасына ұқсас заңнаманы алға жылжытуға шақырады.
АҚШ Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, 2021 жылдың аяғында Қытай АҚШ-тың шамамен 384 000 акр (155399,424 гектар) ауылшаруашылық жерлеріне ие болған. Бұл шетелдіктерге тиесілі АҚШ ауылшаруашылығы жерлерінің жалпы ауданының шамамен 1%-ын құрайды. Қытайлықтар ие болған бұл алқаптар Құрама Штаттардың 29 штатында таралған.
«The New York Post» газеті 2024 жылдың 20 маусымында Қытай компаниялары мен жеке тұлғаларының АҚШ-тың 19 әскери базасының жанында фермалары бар деп хабарлады. Бұл базаларға Солтүстік Каролинадағы Фейетвиллдегі Форт-Либерти (бұрынғы Форт Брагг), Килиндегі, Техастағы Форт Кавазос (бұрынғы Форт-Худ), Сан-Диегодағы (Калифорния) теңіз жаяу әскерлерінің базалық лагері Пендлтон және Тампадағы, Флоридадағы МакДилл әуе күштері базасы кіреді.
Америка Құрама Штаттары шетелдік қарсыластардың (әсіресе Қытайдың) американдық ауылшаруашылық жерлерін иеленуіне көбірек алаңдайды. Сенаторлар мен конгресмендердің федералды деңгейдегі ұсыныстарынан басқа, 2024 жылы Жаһандық мәселелер бойынша Чикаго кеңесі жариялаған баяндамада 2023 жылы АҚШ-тың 33 штатында Қытайдың АҚШ жеріне иелік етуіне тыйым салатын кем дегенде 81 заң жобасы ұсынылғаны айтылған. Бұл заң жобаларының кейбіреулері Техас, Флорида және Оңтүстік Каролина сияқты кейбір штаттарда заңға айналды.
Қытай тілінен аударған –
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ