АБАЙ мен МҰҚАҒАЛИ

АБАЙ мен МҰҚАҒАЛИ

Абай әлемін ойласам, мына бір жағдай есіме түсе береді. Абай шығармашылығы туралы айтылмаған сөз, жазылмаған тақырып аз емес. Бірақ, ең басты қайнар, түп қазық қағыс қала береді. Абайдың күллі шығармасының өзегі, басты бағыты «имани гүлдің» бақшасы тасада қалады. 

 

Бұл тоғысқан алыптар ойын  Қарасазға барып, «Мұқағали оқуларының» кезінде жюридің төрағасы ретінде байқаудың басталу сәтінде сөз алғанымда, жұрт құлағына жеткізген пікірім еді. Республиканың түкпір-түкпірінен келген ұстаздар, шабандоз шәкірттер, ата-аналар, облыстан келген өкілдер, аудан әкімі Жолан Омаров мырза да тапжылмай отырып тыңдады. Әр жылы Мұқағали оқулары болып жатыр. Онда барған қаламгерлердің не айтатынын білмеймін. Ал мен сол пікірімді қағазға түсіріп, газет арқылы оқырмандармен бөліскенді жөн көріп отырмын. 

Жұрттың бәрі Абай мен Мұқағалидың ғажайып ойшылдығын, сары алтындай саф өлеңдерін тамсана сөз етеді. Құнығып оқып, үлкен құрметпен әспеттейді. Абай мен Мұқағали ақынның шығармашылығы туралы жазылған еңбектердің басын қосса, әлденеше ондаған том болатыны сөзсіз. Бірақ солардың ішінен имандылық тақырыбын бөліп алып зерттегендер көп емес. Адам көзі жеткен ақиқат төңірегінде ғана айта алады. Өзі танымаған дүниесіне жоламай айналып өтері анық. Сондықтан да ең негізгі түйін, асыл арна сөз болмай қала береді. Зерттеушілердің сапында жүрегі жарықтанған жандардың бар екенін айтқым келеді. Мысалы: Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойында Қарасаздағы жиналыста қаншама баяндамалар жасалды, солардың ішіндегі Нұрлытай Үркімбайдың байыппен айтқан байсалды пікірі жадымызда жатталып қалды. Қаламгер бауырымыз Құл-Керім Елемес «Екі ғасырдың екі ақыны» деген өте көрегендікпен жазған мақаласы басылым беттерінде қалды. Саналы оқырманның назарын аударды. 

Кейбіреулер бұл тақырыпты қозғай бастасаң, «Дін мен әдебиетті араластырмаңдар» деп, даурығады. Адам деген күрделі жаратылыс сенімді серік етеді, ол атеистік әлде діни көзқарас болсын, әйтеуір бір бағытты ұстанады. Адамды сенімнен, сенімді адамнан бөліп қарай алмаймыз. Ендеше, оның шығармасы, әдебиеті қайткен күнде де ішкі көзқарасынан, дүниетанымынан қайнап шыққандықтан қайтіп бөлуге болады? Ал әдебиеттің рөлі тек тәсіл ғана. Танымы жеткен бір ағайындар «Абай – қазақтың ақылы,  Мұқағали – қазақтың жан-сезімі» деп дәлелді  түрде айтып жатыр. Әр оқырман өз деңгейіне байланысты, өз қабылдау аясына қарай Абайды өзінше, Мұқағалиды өзінше сіңіреді. Талғамға талас жоқ, сол бауырларымыз сияқты менің де айтып келе жатқан пікірім бар. 

Шынында Алла құдіретті!.. Ұлы жаратушы өзі жасаған мұғжизаларының ішінде адамға соншалықты артықшылықтар, абзал ақыл, сайраған тіл, таңғажайып өнер, елеңдетер ерекшеліктер нәсіп етіпті. Солардың арасында Құран Кәрімде тілге алынатын ақын деген қауымды артық жаратты десек, қате болмас. Сол жазатындардың қалың қатарынан Абайды, Мұқағалиды ілгері оздырып, өзіне қолын создырып, артықша болмыспен, ойға кіріп шықпайтын парасат пайыммен өмірде даралаған екен.  Бұл екі  таланттың тоғысқан тұсы, тоқтаған жері бір нүкте екенін таныдық. Ол – Алланың ақ жолы. Біреу айтса, сенбес едік, ал жазып кеткен жырларымен, қалдырған қолтаңбасына қарап, еріксіз бас изейміз. Өздерін таныған, өздері арқылы Иесін сүйе білген олар Алланың хикметіне бас иіп, біржолата тәсілім болғанын көреміз. Басқа жырларын айтпағанның өзінде екі ақыннан бірден өлең оқып алайық. Сонан соң талдауымды жалғасақ, жөн болатындай.

Абайдан үзінді:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас.

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

 

Аманту оқымаған кісі бар ма?

Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

 

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойландағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

 

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

 

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

 

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.

Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,

Тә'уилін білерлік ғылымың шақ.

 

Мү'мин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,

Шын илан да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

 

Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,

Пендесіне қастықпен кінә қойма.

Распенен таласпа мү'мин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

 

Мұқағалидан:

Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?!

Құбылаға бет алып қол қусырып,

Сәждеге жығылатын қайда күнім?

 

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

 

Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,

Құмменен топырақтан жаралғанмын.

Құдайдың құлымын мен – мұсылманмын,

Денемде түйірі жоқ арам қанның,

Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.

 

Мекенім Ніл дария – Меккем менің,

Келеді мәңгілікке мекендегім.

Дариға-ай, Зұлпыһарды ерттеп мініп,

Көрмеген мекеніме кетер ме едім?!

Семсерін Әзірет Әлі ескек жасап,

Жерорта теңізінен өтер ме едім?!

 

Қаны аққан қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның?!

…Бірігіңдер, әлемнің мұсылманы,

Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!

 

Салыстырып көрелік, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деген ақиқатты Абай айтса, «Бәрі рас айтқанының Ақ Алланың, Құмменен топырақтан жаралғамын» деген шындықты Мұқағали айтыпты. Бұл жолдар бір ой, бір таным екені сонадайдан мен мұндалайды. Еліктеу емес, тіпті ұқсап бағу да емес. Ол жүрек қалауы, иіліп шындыққа жүгінген жері деуге болады. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және Хақ жолы осы деп әділетті» – деген Абай тобықтыны ғана жақсы көр, қазақты ғана қастерле деп тұрған жоқ. Күллі адамзат баласын аяла, ардақта, өз бауырыңдай сүй деп үндеу тастайды. Ал Мұқағали «Қаны аққан қайран менің мұсылманым, Осы ма екі ортада қысылғаның. Бірігіңдер әлемнің мұсылманы, Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!!!» – деп, алыстан барып ат басын тартады.  «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай хакімге, «Бірігіңдер әлемнің мұсылманы» деп Мұқағали үн қосып бірлікке, бауырмалдыққа, ынтымаққа шақырады.  «Алла мінсіз әуелден, Пайғамбар хақ, Мүһмін болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ. Құран рас, Алланың сөзі дүр ол, Таһуилін білерлік ғылымың шақ» деген ұстаз ұлағатына, «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен, Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем. Таппайтын күнде тыным, түнде тыным, Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін» деген жүрек сөзін Мұқағали қосады. «Пайғамбар хақ, талассыз ақиқат, мүһмін болсаң сөзге тоқта, басыңды и, сәжде жаса!» деген арғы ғасырдағы данышпан Абайға, «Мұсылман Мұхамедтің үмбетімін» деп, бергі ғасырдан Мұқағали мақұлдық танытады. 

«Дариға-ай, Зұлпыһарды ерттеп мініп,

Көрмеген мекеніме кетер ме едім?!

Семсерін Әзірет сұлтан ескек жасап,

Жерорта теңізінен өтер ме едім?!» – деген жолдарға қарап тұрсаң, Мұқағалидың Ислам әлемінен, Құран Кәрімнен, шариғат білімдерінен соншалықты хабардар екенін көруге болар еді. Хабардар болу ғана емес, табу, тану, келісудің астасып тұрғанын түсіндік. Хазіреті Әлидің жан жолдасы болған қаруы Зұлпыһарды ерттеп мініп сапарға шыққысы келеді. Хақтың ризалығы үшін қажыға баруды, мұсылмандар үшін нұрлы мекен Меккені зиярат жасағысы келетін таза ниетін жырға сіңіріп кетіпті.  Семсерін ескек жасап, Жерорта теңізінен өтіп, Мекке мен Мединеге жеткісі келеді. Ислам әлеміндегі ерекше белгілерді, бүгінде Стамбұл қаласы «Топхапыда» тұрған Пайғамбар аманаттарын көз алдымызға әкеліп,  қазақы ұғымдармен айшықтап сұлу жырмен сымбатын асырып, сырын жайып салады. 

Абай хакімнің заманында Алла туралы, ақиқат туралы айтуға мүмкіндік болды. Ішкі жан сырын, шыққан тұғырын паш етуге кедергі болған жоқ. Ал Мұқағали заманы мүлде басқа болатын. Қылышынан қан тамған социализм, атеистік бағыттағы коммунистік жүйені елең қылмай мынау секілді өлең жазып күнделігіне қондыру Мұқаң секілді жүрекжұтқан батырдың ғана қолынан келсе керек. Тәуелсіздікті алғалы 34 жыл болғанын ойымызға ала отырып, еркіндік қолға тиген, айтуға шек қойылмайтын бейбіт заманның өзінде «бісмілла!» деуге тілі келмей жүрген ортаны ойласақ, Мұқағалиды ерекше жаралған жан демей амалымыз жоқ. Сұлу сөзді, ұйқасты өлеңді әркім-ақ жазар, алайда ұлы ақиқатты мойындап, сарқылмас рухани қайнардан нәр алу екінің біріне бұйырмаса керек.

Мәңгі тірі Хаят-Алла өз құлдарының ішінен осындай шоқтығы биік, мерейі үстем, аузынан маржан төгілген, қаламынан қасиет тамшылаған сүйіктілерін жаратады екен. Оған дәлел Абай хакім мен мұзбалақ Мұқағали дер едім. «Ақындарға азғындар ереді. Рас, олардың ойпаттарда қаңғып жүргенін көрмедің бе? Рас, олар істемеген істерін айтады, Бірақ, иман келтіріп ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін кек алғандар басқа. Ол зұлымдық қылғандар жақында қалай айналдырылатындарын біледі. Бұл мүмін ақындар Абдолла Рауахаұлы, Хасан Сәбитұлы, Һақап Закірұлы, Кағап Мәлікұлы» («Шұғара» сүресі, 223-аят) деп Қасиетті Құранда анық жазылған. Ақындарды атап өткен Кітабымызда бетімен кеткен ақындардың өте қиын жағдайда болатынын, Хақты тапқан ақындардың қастерлі екенін көрсетеді. Дәлел ретінде төрт ақынның аты Құран арқылы мадақталады. Абай мен Мұқағалидағы ортақ ой, нұрлы шындық олардың тұтас шығармаларына, өлеңіне сіңіп кеткендіктен, еңбектері өміршең. Жырларының нұрланып тұратыны, иіріміне тарта жөнелетіні де сондықтан деп ойлаймын. Абай: «Басты байла, жолына малың түгіл» – десе, Мұқағали:  «Құрбан болсын Құдайың үшін жаның!» – дейді. Осындай ішкі туыстықты, байланған берік бауды көріп тұрып, «Әлхамдулилла!» демей амал жоқ. Жүрек қалауы бір, ақыл-таразы өлшемі бір, тоғысқан алыптар демей не дейміз?!

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, 

ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы 

 

07.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16105
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31273
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29905
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33471