Алматы қаласы Білім басқармасының Алатау аудандық Білім бөліміне қарасты №156 жалпы білім беретін мектеп кітапханасында қазақ және әлем әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абай – дана, Абай – дара» атты ұстаздар арасында ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу және әндерін орындаудан сайыс өтті.
Сайыстың мақсаты: Абайдың рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның шығармашылығы арқылы ұлттық болмыс пен тарихи құндылықтарды дәріптеу. Ұстаздардың кітап оқуға деген, ақын шығармашылығына деген қызығушылықтарын арттыру, поэзияға деген сүйіспеншіліктерін дамыту.
Сайысқа төрелік етуге «Аманат» партиясы Алатау аудандық филиалынан Азамат Бағдатұлы, Алатау ауданы «Ұстаз» кәсіподағының төрағасы Қ.Т.Мухамедиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының қызметкері Акима Аманқызы, №210 мектеп-лицей кітапханашысы Күнтуғанова Шынар Саматқызы және №204 ЖББ мектеп кітапханашысы Қалманова Гүлмира Қайырбекқызы қатысты.
Сайысқа мектебіміздің бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілі, тарих, математика, география пәндерінің мұғалімдері үлкен дайындықпен қатысты. Қазақ халқының ұлттық киім үлгілерін насихаттап, ерекше оюлармен көмкерілген қазақтың дәстүрлі киімдерін киіп, шекелігін тағып шыққан қатысушылар да болды. Мектебіміз 3 тілде оқытатын аралас тілді болғандықтан, ағылшын тілі мұғалімі Демидова Анастасия Витальевна және ұйғыр сыныбының бастауыш мұғалімі Зиявдунова Айымгүл Кенжахуновна да қатысып, қазақша таза сөйлей отырып, ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқулары арқылы мемлекеттік тілге деген құрметтерін, сүйіспеншіліктерін дәлелдеді.
Тарих пәні мұғалімдерінің демеушілігімен ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, көрініс көрсету арқылы Ахметкаримова Оралғайша Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, математика мұғалімі Тұралық Мира ақынның «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін керемет орындау арқылы күміс көмейлі әнші екенін көрсетті.
Аталған сайыста ұстаздар ішінен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өтебек Асылзат Өнербекқызы бас жүлдені иеленіп, аудандық сайысқа жолдама алды. Асылзат Өнербекқызы ақын өлеңін мәнерлеп оқумен ғана шектелмей, өз жадынан ұлы ақынға арнап жазған төмендегідей арнау өлеңін жатқа оқу арқылы көрерменнің ризашылығына ие болды:
«Қазағым» деп өмірі өткен Абайдың,
Себеп болған шабытына талайдың.
Ұлы ақынның ұлы тойы кезінде
Қалайша мен өлең жазбай қалайын?!
Кеудем, шіркін, қуанышқа толып тұр!
Бүгін, міне, айтулы күн болып тұр!
Қазағым деп қабырғасы қайысқан
Ұлы Абайым 180-ге толып тұр!
Ұлы Абайды Тәңір өзі ептеген,
Ұлы ақынға ғасырда ешкім жетпеген.
Ақын болсын, батыр болсын ол мейлі
Аты қалса бұл жалғанда өлмеген.
Осылайша сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз ұстаздарымыз «Аманат» партиясы Алатау аудандық филиалының және Алатау ауданы «Ұстаз» кәсіподағының Алғыс хаты, мадақтамаларымен марапатталды.
Аудандық кезеңге жолдама алған орыс тілі мұғалімі Өтебек Асылзат Өнербекқызына сәттілік тілейміз.
Б.Д.УМАРОВА,
кітапхана меңгерушісі
Ж.Д.АХМЕТОВА,
кітапханашы,
Алматы қаласы













