Елім деп ет жүрегі езіліп келген азаматтардың бірі де бірегейі бүгінгі кейіпкеріміз Толыда туған Толқын Ақанұлын ерекше атауға болады. Толқын Ақанұлы 1968 жылы көршілес ҚХР (Қытай халық республикасы) Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Толы ауданында дүниеге келген. Тарихи отанына оралған Толқын ініміз құр алақан келмеді десек, артық емес. Бозбала шақтан басталған біліммен оқуға деген құштарлық жас Толқынның жан-жақты дамуына зор септігін тигізіп келеді. Елге келген бетте іскер азамат «мемлекет маған не берді емес, мен мемлекетке не беремін» деген ниетпен бірден қолынан келген шаруасын бастап кетті.
Толқын ініміздің бір басындағы дарынымен қабілеті Құдіретті Жаратушымыздың оның бойына берген бірнеше қасиеті азаматты жерде қалдырмады. Толқын Ақанұлы білікті дәрігер, өз ісінің кәсіби маманы. Еуропалық-қытайлық біліммен бірге ата-бабадан, сонау Өтейбойдақ заманынан басталған қазақ емшілігінің соның ішінде тамыр ұстау дәстүрін қатар алып жүрген азамат. Ол туралы елден естіп жол түсіп, жолдасымды емдеуге алып бардым. Толқын Ақанұлының жекеменшік «Қазақ емханасына» орналасып, бізге арнайы білікті дәрігерлерін бекітіп ем-домды бастап кетті. Адам жанына теңдесіз шипа жылы шыраймен ыстық ықылас екенін өмірдің өзі көрсетіп келеді. Осындай көзқарас танытқан емхана мамандарының адамшылықтары кәсібилігінен де жоғары екеніне көзіміз жетті. Кейін Толқын інім ем арасында мені де қарап, тамыр ұстап, бұрыннан мазалап жүрген сырқаттарды дәл тауып айтқаны таңғалдырды. Бұл оқу-тоқудың сыртында Жаратушының Толқын Ақанұлына берген қасиеті екені сөзсіз.
Ер туған жеріне дегендей, Толқын Ақанұлы елге келгесін «Бақкелді-12» емдеу сауықтыру орталығын ашып, қазір еліміздің түпкір-түпкірінде соның ішінде Алматы, Атырау, Құлсары, Тараз, Көкшетау, Қарағанды, Астана қаласынан екі жерден бөлімшелерін ашып, халықтың дертіне дауа, еміне шипа беріп, ел алғысын арқалап жүр. Қазірге дейін 50 мыңнан астам адам емделіп, соның шамамен 90 пайызының сауығып кетуіне себепкер болғаны туралы ақпарат айтылуда. Толқын ініміздің басшылығымен бұл емдеу орталықтарынан еліміздің ғана емес, алыс-жақын сырт мемлекеттерден 22 елден келіп, ем-дом алғанын айта кету керек.
Сегіз қырлы, бір сырлы Толқын Ақанұлы дәрігерлігімен бірге табысты кәсіпкер, психолог, қанмен келген ақындық пен сазгерлік өнерді қатар меңгерген жан. Қоғам қайраткері, Қазақстан агроөнеркәсіптік палатасының вице-президенті, «Барқы би» қоғамдық қорының президенті, «Ер Жәнібек» Халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті, сонымен қатар бірнеше ғылыми бағытта кітаптары шыққан ғалым, білікті дәрігер, жыр -жинақтары шыққан ақын, 20-ға тарта әуендері шыққан сазгер, үлкен жүректі Атымтай жомарттығы бар арда азамат. Жомарт жүректі Толқын Ақанұлының бір ғана қайырымдылық қарекеттерін ерекше атап өткім келеді. Солардың бірегейі Қытайдан келген қандас 1600 отбасының елге оралуына ықпал жасауының өзі ерлік десе болады. Бұнымен шектеліп қалмай, Толқын ініміз 20-дан астам отбасыға тұрғын үй салуға жер телімін сыйлап, 5 отбасыға баспана алып берген. Ал жыл сайын мерекелік шараларда мұқтаж жандарға қаржылық және заттай көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған.
Толқын Ақанұлының кәсіби дәрігерлігінің де жақсылығын көрген жандар аз емес деуге болады. Осы жылдар ішінде еміне шипа іздеп келген 15 мыңдай науқасқа ерекше жеңілдік бағамен жәрдем жасаған. Бір сөзінде кейіпкеріміз қайырымдылық жасаған сайын өзімді бақытты сезінемін деген еді. Шаруаны қиыннан қыйыстырған кәсіпкер елге келгесін, негізгі мамандығымен емдеу орындарын ашып, адам жанының арашасы болса, кейіннен ата кәсіп мал шаруашылығына да көңіл бөліп Ақмола облысының Егіндікөл, Ерейментау аудандарынан жер алып, шаруа қожалығын құрып, жылқы шаруашылығын дамытып, табыс көзін еселеуде. Кәсіби мамандығымен қаламгерлігін, бизнесті бір-бірімен шатастырмай шеберлікпен үйлестіре білген. Дәрігерлікті қаржыны молынан табудың жолы деп санамаған азамат, қаржыны іскерлік жолмен табудың механизмін жақсы меңгерген.
«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» дегендей, Толқын Ақанұлының тағы бір қазақи қалпы, адамға үйірсек, бауырмал, сыйластыққа, достыққа адал азамат екеніне көзім жетті. Осындай азаматтық қалпының арқасында елге белгілі игі жақсылармен де етене араласып сыйласа білген. Оның дастарқанынан елге танымал тұлғалар – М.Шаханов, К.Сағадиев, О.Әбдікәрімов, Қ.Сұлтанов, Н.Айтұлы, Н.Өнербаев, Д,Кәпұлы сияқты белгілі азаматтар дәм татып, ем-дом алған. Мен 2023 жылы Ташкент қаласының шипажайында болып, (басшысы қазақ азаматы, қызметкерлерінің 80-85 пайызы қазақ азаматтары) сол ұжымның ұйымшылдығын, кәсіптеріне адалдығын, кішіпейілдігін көріп, разы болып, бізде де осындай емдеу орындары ашылса деп арманмен келіп едім. Сол өзбекстандық мен жатқан шипажайдың жылдық табысы шамамен 6-8 млрд теңгені құраса, емделушілердің 85-90 пайызы қазақстандықтар еді. Қазақстандық ем алушылар Өзбекстанның медициналық туризміне қаншама қаражат түсіріп жатқанын осыдан-ақ көруге болады. Бұл бір ғана шипажайдағы жағдай. Кейіннен сол арманым Толқын Ақанұлы басшылығындағы «Қазақ емханасында» болып емделгенде орындалғандай болды. Тіпті Өзбекстан емханасынан ем-домы да, қызмет көрсету сапасы да (тазалық, ас-ауқаты) анағұрлым артық десем еш қоспасы жоқ. Емхана дәрігерлері де, кіші медицина қызметкерлері де өте кішіпейіл, өз ісінің шеберлері, мәдиениетті, жанға жайлы қызмет көрсетеді. Тіпті бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Рысхан ініміз менің инсульт алған әйелімді күнде өзі қарап, орезді (аяққа киетін арнайы құрал) өзі кигізіп, жүргізіп тұрды. «Ас – адамның арқауы» дегендей, дастарқан мәзірінде ағзаға пайдалы қымыз, айран, жеміз-жейдектер молынан әрі тұрақты күніне бес мезгіл беріледі. Ал ем-домы тамыр ұстап ауруды дәл анықтайды. Қосымша анализдер алып, лабораторияда өкпе, бауыр, асқазан т.б. ағзалардың жұмыстарын жіті тексертеді. Емханада инемен емдеу, электр массаж емдік физкультура үш мезгіл шөп дәрі, әртүрлі уколдар, системалар, булау әдістері жүзеге асырылады. Емі үш-бес күнде әсер ете бастайды. Аурудың асқыну деңгейіне байланысты бір-үш сеанс алғанда алдымен Алла, сосын емхананың емдік шаралары арқасында шамамен науқастардың 90 пайыз көлемінде ауруы жазылғаны туралы мәліметтер бар. Бұл – үлкен жетістік. Ұжымның мұндай жетістігінің сыры, әлемдік медицина жетістіктерін, қытайлық, қазақи ем-домды ұштастыра білген жақсы мамандардың білім-білігінің арқасы, сондай-ақ ұжымға білікті білімді басшылық жасаған азаматтың адал қамқорлығының жемісі деп білемін. Олай дейтінім Толқын Ақанұлы ұжымдағы қызметкерлеріне алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасаған. Еңбекақылары жақсы, ұжымның төрт қызметкеріне Астана іргесіндегі «Жібек жолы» кентінен сыйлық ретінде жер алып берсе және 8 қызметкеріне шетелден дем алып келуіне жолдама, мерекелерде ақшалай, заттай сыйлықтар беру дағдыға айналған. Қызметкерлеріне жанашырлықпен, әділдікпен қарайтын басшы.
Сөз соңында Толы да туған Толқын інімізге кәсібіне табыс, отбасына амандық, деніне саулық, балаларының қызық-қуанышын көріп, қазақ еліне абыройлы қызмет ете беруіне тілектестік білдіремін. Абыройы артып, жұлдызы жана берсін. Емің шипалы, сөзің дуалы, кәсібің берекелі болсын, Толыда туған Толқын!
Әмір ҚОНЫСБАЕВ,
Қостанай облысы, Арқалық қаласы