Ұлағатпен өрнектелген ғибратты ғұмыр

Ұлағатпен өрнектелген ғибратты ғұмыр

Адам ғұмырының мәні оның жасымен емес, елге жасаған жақсылығымен, қоғамға сіңірген еңбегімен, артында қалдырған өнегелі ізімен өлшенеді. Әсіресе, 80 жас –  адамның жүріп өткен жолына көз салып, мағыналы ғұмырына тағзым ететін, ел-жұрттың ақжарма алғысын білдіретін айтулы кезең. Осындай абыройлы асқарға биыл журналист, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле  Мешітбаева да көтеріліп отыр.

Оның тағдыр жолы – елге қызмет етудің, білім мен білікті, қалам мен азаматтық ұстанымды қатар алып жүрудің жарқын үлгісі.  Ұстаздық – шәкірт жүрегіне із қалдыру өнері десек, Сәуле Мешітбайқызы осы қасиетті міндетті абыроймен атқарған жан. Ол 30 жылдан астам уақытын білім саласына арнап, талай жастың өмір жолының қалыптасуына ықпал етті. Ұстаздық тәжірибесі кейінгі қызметтерінде де кәдеге жарап, адаммен тіл табысу, қоғамның тынысын сезіну, өзекті мәселені дер кезінде аңғару секілді қасиеттерінің берік негізіне айналды.

Еңбек жолының бір тармағында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру ісіне белсене араласты. 2000-2009 жылдары «Қазақтелеком» АҚ жүйесінде мемлекеттік тілді ісқағаздарына енгізу бағытында жетекші маманнан бас менеджерге дейінгі қызметтерді атқарып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге елеулі үлес қосты. Бұл уақыттарда оның бастамасымен жүзеге асқан жоба-байқаулар мен әдістемелік жұмыстар мемлекеттік тілдің қызметтік ортадағы қолданысын нығайтуға бағытталды. Сонымен қатар телекоммуникация саласына қатысты мыңға жуық терминнің орнығуына үлес қосып, бірқатар әдістемелік құралдар мен сөздіктерді әзірлеуге атсалысты.

Ал журналистика саласына келгеннен кейін азаматтық үні бұрынғыдан да айқын естілді. Қаламды серік еткен жылдары ол ел өміріндегі көкейкесті мәселелерді батыл көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын сөз етті. Алыстағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне үңіліп, елді мекендерді аралап, жұрттың ұсыныс-тілегін билікке жеткізуді журналистік парыз ғана емес, азаматтық міндет деп білді. Оның мақалаларына оқырманның үн қосуы да қаламгер көтерген мәселелердің өміршеңдігін аңғартты.

Бүгінгі мерейтой иесінің журналистік қызметі – бұқара мен билік арасындағы байланысты нығайтуға, қоғамдық мәселелердің шешімін іздеуге бағытталған қажырлы еңбектің шежіресі. Ол республиканың көптеген өңірін аралап, жүздеген аудан мен ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Ауылшаруашылығы саласына қатысты мәселелерді көтеріп, түрлі экспедициялар ұйымдастыруға атсалысты. Халықтың әлеуметтік мәселелеріне бейжай қарамай, нақты ұсыныстардың жүзеге асуына ықпал етті. Сондықтан оның есімі кәсіби ортада ғана емес, қалың оқырман арасында да құрметпен аталады.

Бүгінде ұлттық журналистиканың дамуына, қоғамдық ойдың қалыптасуына, елдік мәселелердің кеңінен талқылануына өзіндік үлесін қосып, «Qazaqstan dauiri» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті әрі «ЕлАна» қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы ретінде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Оның азаматтық болмысының бір қыры – қоғамның әлеуметтік мәселелеріне сергек қарауы. Жетім балалардың, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың жағдайы, көші-қон, мәдени-тарихи мұраны сақтау, мемлекеттік тілдің дамуы секілді ел үшін маңызды мәселелерді көтеруі – соның айғағы. Бұл бағыттағы еңбегі оның журналистік қызметінің қоғамдық жауапкершілікпен астасып жатқанын көрсетеді.

Кез келген саналы адам үшін ең үлкен марапат – халықтың ыстық ықыласы мен  ақжарма алғысы екені белгілі. Сәуле Мешітбайқызының ұзақ жылғы еңбегінің ең қымбат жемісі де осы болса керек. Төрт перзент тәрбиелеп, олардан немере, шөбере сүйіп отырған аяулы ана, ардақты әже ретінде  отбасының берекесін де, елдің аманатын да қатар арқалап келеді.

 

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сізді 80 жастың сеңгіріне шыққан мерейтойыңызбен жеке өзімнің және Тараз қаласының тұрғындары атынан шын жүректен құттықтаймын! Сіздің саналы ғұмырыңыз – елге адал қызмет етудің, өз кәсібіне беріктіктің, азаматтық ұстанымға табандылықпен қараудың жарқын көрінісі. Ұстаздық жолдан басталған еңбек сапарыңыз журналистикамен жалғасып, қоғамдық қызметпен толысып, туған елдің рухани-мәдени өміріне өзіндік өрнегін салды. Сіз қай салада жүрсеңіз де, қоғамға пайдасы тиер істі алдыңғы орынға қойып, елдік мәселеге бейжай қарамай, азаматтық сөзіңізді ашық айтып келесіз.

Тараз төрінен Сізге деген ыстық ықыласымды білдіре отырып, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, бақ-береке, қызметіңізге толайым табыс тілеймін!  Абыройыңыз асқақтап, беделіңіз биіктей берсін! Әр күніңіз қуанышқа, әр жылыңыз жақсылыққа толы болсын!

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ,

Тараз қаласының әкімі

 

23.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27930
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27420
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44781
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40468
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45104