Рахаң фотоөнер шеберінің бірі еді...

Рахаң фотоөнер шеберінің бірі еді...

Марқұм Рахымбай Ханалы ағамыздың атын естіген адам (әрине, бұрынғы таныстары ғой) бір жымиып қоятыны анық. Мен негізі Рахаңмен курстаспын. Бірге оқыдық, бірге жүрдік. Адамдардың ол туралы естігенде жымиятыны – ол іс-қимылдарымен, сөздерімен Қожанасырлау болып көрінетін. Оның басынан кешкен қызықты да көңілді оқиғалары халық арасына кеңінен тарап кеткен. Оның жұбайы Априза да өзіне сай. Рахаңның еркелігін, серкелігін көтеріп, оның оғаш қылықтарын кешіре салатын. Әрине, ағамыз ол қызықты, күлкіге шақыратын оқиғаларды әдейі, қасақана жасамайды. Сондықтан да олар шынайы шығатын. Рахаңның жақсы көретін, бауырына тартатын інісі, белгілі, көрнекті қаламгер-журналист Сапарбай Парманқұлов (курстаспыз) онымен үнемі бірге жүретін, араласатын. Арасында мен де барып, Сапекеңмен Апризаның шайын жиі ішетінбіз. Міне, сол кездері талай қызықты оқиғаларды бастан кештік. Олардың өзі бір сүре әңгімеге арқау болады.

Шынтуайтқа келсек, Рахаң бала мінезді еді. Курсымызда алғаш рет үйленген Рахаң енді байсалды болатын шығар деп ойладық. Сол баяғы аңқылдақ, бала мінезімен қалды. Ең басты жаңалығы – мотоцикл сатып алды. Әпекеңді мінгестіріп, олай да, бұлай да зулап, көзімізді қызықтыратын. Ол кезде біздей кедей студенттерге мотоцикл сатып алу деген үлкен байлық, зор арман болатын.

Рахаң студент кезінде-ақ фототілшілікке бейімделді. Мінезі де, ылдым-жылдым қасиеті де сол мамандыққа келетін. Сол кезде-ақ оның «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» және басқа да беделді басылымдарда суреттері жиі шығатын. Кейін осы басылымдарда жұмыс істеді. Республика бойынша белгілі фототілші болып, даңқы алысқа кетті. Мойнынан фотоаппараты түспей, небір тамаша суреттер түсірді.

Ол адамдармен тез тіл табысатын. Өнердің және басқа салалардың жұлдыздарымен етене араласты. Оның құстың ұясындай екі бөлмелі пәтері қонақтан арылмайтын. Таныстары көптігінен бе, қандай қиын жұмыстарды да оп-оңай істеп, атқара салатын Рахаң көмекке ділгір адамдар келсе, бар жұмыстарын жиып қойып, соларға көмектесетін. Оның ғажайып адамдық қасиеті де сол болатын. Кейін оның балалары, қыздары өте тамаша өмір сүрді. Сірә, оның адамдарға жақсылықтарының қарымтасы сол балалары арқылы қайтқан болуы керек.

Мен «Қазақстан ZAMAN» газетіне бас редактор болып келгенде, Рахаң осы басылым директорының орынбасары екен. Мұнда ауысқанымды көріп, ол қатты қуанды. Бірақ бірге жұмыс істейміз ғой деген үмітіміз жүзеге аспады. Аяқ астынан ол қатты науқастанып, көп ұзамай қайтыс болды. Ол осы Түркия мен Қазақстанның арасында алтын көпір болған басылымға көп еңбегі сіңді. Әрине, бүгін тірі болғанда Рахаң 75 жасқа келер еді. Дәм-тұзы ерте таусылды. Шүкір, жары Априза оның өмірін әдемі жалғастырып, оған Алматыдан көше әперді. Оның артында қалған мол мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, еліміздің фототарихына кеңінен танытып, енді кітабын шығармақшы.

Мен Әпекеңді мына мерейтойы күнінде әңгімеге тарттым.

− Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, осы саланың бірнеше дүркін лауреаты, республикаға белгілі фототілші марқұм Рахымбай Ханалиев тірі болғанда өзінің 75 жасын дүркіретіп тойлап жатқан болар еді. Ол 1951 жылы 25 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында диқаншының отбасында дүниеге келген. Алтыншы сыныпта әкесі Ханалы жүрек ауруынан қайтыс болған. Он екі құрсақ көтерген анасы Қасиет тоқсан алты жасында балаларының алдында өмірден өтті. Кішкентайынан ширақ Рахымбай мектепте оқып жүрген кезден бастап суретке түсіріп, аудандық газетке мақалалар беріп жүрді. Он жылдықты бітіріп, Отан алдындағы борышын орындау үшін Қиыр Шығыстағы порт Находкада үш жыл қызмет қылды. Армияның бүге-шігесіне дейін газеттерге жазып, бірнеше рет әскер басшылығынан марапат алады. Келгеннен кейін Алматы қаласына білім іздеп келеді. Баратын үй жоқ. Қаражат та шамалы, 28-ші Панфиловшылар паркінде отырғанда, өтіп бара жатқан композитор Әсет Бейсеуовты көреді. Тоқтатып, мән-жайды айтады. Әсет ағаның өзі ол кезде жалдамалы пәтерде тұрады екен, үйіне ертіп барады. Содан бастап «Әсет Бейсеуовтың інісі» аталады. Ол кісі қайда барса, бұл сонда. Сол кездегі С.М.Киров атындағы университеттің журналистика факультетіне құжатын тапсырып, оқуға кеш келгендіктен дайындық бөліміне оқуға түседі. 

«Қазақстан пионері» газетінде штаттан тыс тілші болып қабылданып, оқи жүріп, баспасөзде жиі көріне бастайды. Қазақ фототілшілерінің тапшы кезі. «Қазақ әдебиеті» газетінің фототілшісі болып қабылданады. Редакторы – Сайын Мұратбеков. Қазақстан Жазушылар одағының өмірбаяны Рахымбайдың фотообъектісінде. Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың, Жазушылар одағындағы ақын-жазушылардың суреттері бәрі тарих. Сөйтіп жүріп, үшінші курс оқып жүргенде Достық даңғылы мен Төле би көшесінен үш бөлмелі үй бұйырады. Еңбектері «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жас» газетінде жүргенде Грузия, Украина, Үндістан елдерінде көрмеде көрсетіледі. 1980 жылы Мәскеуде өткен Бүкіл дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысып, олимпиада күнделігі баспасөз беттерінде күнде шығып тұрды. Ол кезде интернет жоқ, телефон жоқ, факс қана. Бірақ ебін тауып, өзіне жүктелген тапсырманы артығымен орындады. Оның аузынан «жоқ» деген сөз ешуақытта шыққан емес. Ақырғы нанын сұрағанға береді. Отбасынан бұрын көмекті сырттағы адамдарға көп жасады. Кейінгі жылдарда қызмет жасаған «Қазақстан ZAMAN» газеті марқұм Жұмабай Шаштайұлы редактор болып тұрған кезде, қаражат болмай жабылып қалды. Түрік елінде жер сілкінісінен бірнеше ғимараттар, үйлер, зауыттар қирап, газетті қаражатпен қамтамасыз етіп отыруға Түрік елінің шамасы келмей қалды. Газетті ашамыз деп, Ахмет Алязбен екеуі Астанаға барып, ақырында газетті қайтадан ашу үшін біраз қаражат керек болды. Өзіміз тұрған «Самал» ықшам ауданындағы төрт бөлмелі үйді банкке кепілдікке қойып, несие алды. Сөйтіп газет қайтадан жұмыс жасай бастады. Үйіміз тола студент, жолсеріктері, ағайындары, журналистерге тола болатын. Тіпті жататын жерде болмаушы еді. Суретке түсірген кейіпкерімен ағайын, дос болып кететін. 

Бірнеше кітаптың авторы, бірақ Жазушылар одағының мүшелігіне өтуге өтініш берген емес. Бір айта кететін жай, мектепте оқып жүргенде Қадыр Мырзалиевпен хат алмасып тұрыпты. Ауылдағы кітап сататын дүкендерде небір классикалық кітаптар өтпей жатады ғой. Соларды поштамен Қадыр ағама салып отырған. Мектепте жүргенде өзі баян тартады екен. Бірнеше ән шығарған. Өзіне тартқан балалары бар ма деген сұраққа үлкен баласы Азат «Алматы ақшамы» газетінде Ерғали Сағаттың басшылығы кезінде фототілші болып жасады. Кіші баласы Жасұлан дипломат. Оның да жазуға бейімділігі бар, суретке де жақсы түсіреді.

Қазіргі кезде жиырма бір қазақстандық фототілші Қазақстан Журналистер одағының арнайы Рахымбай Ханалы атындағы сыйлығымен марапатталған. Алматы қаласы Наурызбай ауданында және туған жері Жаңабазарда Рахымбай Ханалы атындағы көше бар, – деп еске алды жары Априза Айтбайқызы.

Әпекеңе рақметімізді айттық. Рахаң үшін атқарып жатқан жұмыстарына табыс тілеймін. Рахымбай ағамыздың жатқан жері жайлы, иманы саламат болып, жаны жәннатта болуын Алла Тағала нәсіп етсін.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

23.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26000
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25451
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42849
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38671
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43246