Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, жазушы, журналист әрі зерттеуші Құрманбай Толыбаев Игілікұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Саналы ғұмырын халқына, әдебиет пен мәдениетке қызмет етуге арнаған қаламгердің өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Құрманбай Толыбаев 1926 жылдың 14 наурызында Алматы облысындағы Асы жайлауында дүниеге келген. Оның өмірге келуі әулет үшін ерекше қуаныш болды. Жеті қыздан кейін дүниеге келген ұл баланы ата-анасы зор үмітпен қарсы алған. Әкесі Игілік қария: «Артымда ізімді жалғар ұрпақ қалатын болды», – деп шаттанған екен.
Алайда Құрманбайдың балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. 1930 жылдардағы ашаршылық пен індет талай отбасының тағдырын тәлкекке салды. Сол қиындықтардың салдарынан олардың отбасы Құлжа қаласына қоныс аударуға мәжбүр болды. Тағдырдың ауыр сынағы жас Құрманбайды ерте есейтті. Ол жеті жасында анасынан, он үш жасында әкесінен айырылды. Артында өзі мен он тоғыз жастағы әпкесі Нұрбүбі ғана қалды. Өмірден өтер алдында әкесі қызына: «Нұрбүбі қызым, Құрманбайдан үлкен үміт күтемін. Қолыңнан келгенше оқыт, арманда қалмасын. Асыл пышақ қын түбінде жатпайды, бір жерден жарып шығар», – деп аманатын тапсырған екен.
Нұрбүбі әке өсиетін адал орындап, бар қиындыққа қарамастан бауырының білім алып, елге танылған азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін жұмсады. Құрманбай Құлжа қаласындағы ұйғыр мектебінде білім алып, кейін гимназияда оқуын жалғастырды. Білімге құштар, зерек жас оқуын үзбей, өз қабілеті мен талапкерлігінің арқасында қатарынан озық шықты. Кейін Құлжа қаласындағы мектептердің бірінде қазақ әдебиетінен дәріс берді.
Жас қаламгердің шығармашылыққа деген қызығушылығы ерте оянды. Мақалалары мен очерктері Құлжа мен Үрімші қалаларында жарық көретін газет-журналдарда жарияланып тұрды. Кейбір мақалалары мен шығармалары ұйғыр, қытай және татар тілдерінде де жарияланып, есімі журналистік ортаға кеңінен танылды.
Әкесінің көзі тірісінде айтқан «Балам, мына елде қалып қойма, еліңе орал» деген аманаты Құрманбайдың жадында мәңгі сақталды. Сол өсиетті орындап, 1955 жылдың тамыз айында тарихи Отанына оралды. Алматы қаласында баспаханада корректор болып еңбек жолын жалғастырды.
Білімге деген құштарлығы оны үлкен жолға бастады. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдап, кәсіби маман ретінде әдебиет пен журналистика саласына белсене араласты. 1963-1966 жылдары «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейін «Балдырған» журналында, республикалық «Шалқар» газетінде жауапты қызметтерде еңбек етті.
Қаламгердің әдеби шығармалары оқырман қауымға кеңінен танылды. Оның өлеңдері мен поэмалары «Достық даусы» (1958), «Жырға сапар» (1961), «Жас дәурен» (1964) жинақтарында жарияланды. «Бел-белестер» дастаны әдеби ортада жоғары бағаланды. Құрманбай Толыбаев қазақ халқының рухани мұрасын жинақтауға да үлкен үлес қосты. Ол 1984 жылы «Алтын сандық», 1985 жылы «Бозінген» атты қазақ ертегілері мен аңыздарын қамтыған жинақтарды құрастырды. Сонымен қатар композитор Әсет туралы роман жазып, «Бабадан қалған бар байлық» секілді танымдық әрі көркем шығармаларымен оқырман жүрегінен орын алды. Оның шығармалары мектеп оқулықтарына енгізіліп, бірнеше буын шәкірттің тәрбиесіне қызмет етті. Жалпы, қаламгердің қаламынан 18 кітап жарық көрді. Құрманбай Толыбаевтың өміріндегі ең үлкен бақытының бірі – отбасы еді. Өмірлік жары Роза Жанқызы екеуі Дина, Мира, Жанат және Нарат есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
Құрманбай Толыбаев шығармашылықты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған қаламгер ғана емес, перзенттерін ерекше сүйген аяулы әке де болды. Әр баласы дүниеге келгенде жүрек қуанышын өлеңмен өрнектеп отырған.
Өмір жолында Құрекең талай қиындықты бастан өткерді. Ауыр сырқатқа шалдығып, соңғы жылдары екі аяғынан айырылса да, рухани жігерін жоғалтқан жоқ. Тағдырдың ауыртпалығына мойымай, қолынан қаламын тастамай, шығармашылықпен айналысуды жалғастырды. Құрманбай Толыбаев ақын да, жазушы да, журналист те болды. Ол халқына адал қызмет етіп, соңына мол әдеби мұра қалдырды. 2004 жылдың 21 тамызында қайсар қаламгер дүниеден өтті. Бұл қаза туған-туыстары мен қаламдас достарының қабырғасын қайыстырды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де оның қадірін білетін достары мен әріптестері келіп, соңғы сапарға шығарып салды.
Құрманбай Толыбаевтың өмірі – табандылықтың, қайсарлықтың және адал еңбектің үлгісі. Ол тағдырдың талай сынына төтеп беріп, адамдық болмысын жоғалтпай өтті. Артында өнегелі ұрпақ, бағалы әдеби мұра және жарқын есім қалды.
Бүгінде оның ұрпақтары – Дина, Мира, Жанат және Нарат әке аманатына адал болып, оның рухын құрметтеп келеді. Қаламгердің туғанына 100 жыл толуына орай туған-туыстары мен ұрпақтары бас қосып, әруағына Құран бағыштап, ақ дастарқан жайды. Бұл – әке еңбегіне деген құрметтің, ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі.
Осы мақаланы құрастырған ақынның қарындасы Гүлсара Борантайқызы Бозжігітова ағасына арнаған жүрек сөзінде былай дейді:
«Құреке ағатайыма айтарым: адам боп келдің өмірге, адамдық қалпыңмен аттандың. Жатқан жерің жарық, пейіштің төрі болсын!»
Маруана ХАМЗАҚЫЗЫ














