Шыңғыстау баурайын мекендеген жұрт үшін табиғат биылғы жазда күтпеген «мінез» танытты. Жаңбыр бірнеше күн толассыз шелектеп құйып, сай-саланы селдете жөнелді. Жал-жал толқыны жағалауды дамылсыз соққылаған Бақанас өзенінің тасқыны бастапқыда көпке созылмай, тыным табатындай-ақ көрінген. Бірақ кезінде бала Ибраһим – Ыбырай мөлдір суында жүзіп, ойнақ салған дария ойда-жоқта «ернеуінен» бір-ақ ақтарылып, жолындағы елдің берекесін алды. Мына өзгеріске соңғы жылдары қуаңшылық салдарынан тасаттық беріп, аспанға телміретін жұрт не қуанарын, не қуанбасын білмей, аң-таң.
Мың сан толқыны жарыса жөңкілген өзен суын бақылай тұрып, мынадай жойқын сел тасқыны түгілі, жайшылықта да ағынға қарсы жүзудің қаншалықты қиын екенін пайымдаймын. Ал заманалар көшінде әбден қалыптасып, «ескірген» сенім-нанымдар, жол-жоралғылар мен салт-дәстүрлер «ағынына» қарсы жүзудің тауқыметін елестету қиын. Халықтың санасын «меңдеген» әдет-ғұрыппен келісе алмай, оларды өзгертпек түгілі, қанға сіңген «мінез-құлықтан» бас тартудың да оңай емесін білеміз.
«Ескіге» бауыр басқан қалың «нөпірге», яки «мылқау тасқынға» қарсы тұрудың азабы көп. Мәселен, қайтыс болған марқұмды бақиға «шығарып салудың» артық дабырасы қаншама!? Сол секілді жабайы замандардың «қыз алып қашу» мен «барымта» және «коммунистік» кезеңнің «комсомол» мен «Қызыл Армия күндері» сияқты мерекелі күндерінің «көлеңкесі» әлі де көлбең қақса, амал қайсы? Тіпті бағзы дәуірлерден жеткен «найзалы қоршаулардан» құтылуға не кедергі!?
Ел-жұртының дағдылы, бірақ қасаң тартқан тұрмыс-салтын өзгертуге тырысқан Абай Құнанбайұлы сияқты данышпан тұлғалардың пешенесіне жазылған тағдыр тауқыметін ойлағанда еріксіз жүрегің сыздап, жаның елжірейді. Көнерген жол-жоралғыны арқаланған «көп шуылдаққа» ой салып, бағыт сілтеу арқылы оларды «жарыққа» жетелеу зор қиямет екен. Ұлы ақынның жауһар мұрасында Хакімнің тірліктен қажып, құлазуы мен түршігіп, түңілуінен туған жан ашуы «буырқанады».
Бас ақынды күйініп, күйзелуге мәжбүр еткен «күбірткелі» жайттерді ақыл таразысында безбендемей тұрып, дара тұлғаның «ағынмен» алысқан, «тасқынмен» арпалысқан жан-дүниесін түсіну екіталай. Хакім тіпті тыңдаушысының жанына батыра айтқаны үшін «Атымды адам қойған соң, Қайтып надан болайын?!..» – деп ақталғандай хәлде. Абайтану ілімінің ізашары әрі «ығы зор» панасы М. О. Әуезовтің ұлы ақынды ұғыну үшін оның «дәуірі мен тарихи ортасын» зерделеу керектігін ескертуі де содан.
Қоғамды жаңғыртуға құлшынып, оны өркениет төріне «жетелейтін» – жасампаз тұлғалар екені белгілі. Ақын ағасының үлгісімен кемеңгер Шәкәрім де қазағын «өрге қарай жетелеп өлуге, тіпті өлген соң да, сөзбен азап салуға» белін буады. «Жарқырап нұрын шашып жанады шам, Талайлар пайда алады жарығынан... – деп толғанады ол, – Жарық алып жалғанды тексерсең де, Таза жүрек таппайсың, сол уайым» («Жалын», А., 1998 ж., 85, 134 б.).
Алайда өзгеріске өре түрегеліп, жаңаны жатсынатын надан ортаның «қуанышы да, жұбанышы да» кереғар. «Көңілсіз құлақ» ақыл қосқан кісіге қырын қарап, сөз тыңдауға олақ: «Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе?..» – деп шалқаяды. Бұдан соң Хакімнің қабағы еріксіз түйіледі: кейбіреу «...елдің бәрі де сөйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген – ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады...».
Сонда «оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп, көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма?.. Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен?..» – деп күйінетін Абайға халқын «ұйқыдан» оятудың қияметке түскеніне көзіміз жетеді. Бұл қараңғылық пен бодандық қыспағы қазақтың «алқымнан» алған заманы еді.
Осы орайда Ұлжаннан туған екінші ұлын қажының «Ибраһим» деп атауының себебіне қазағымыздың тағы бір ұлы тұлғасы Мәшһүр Жүсіптің «Пайғамбардың – Ибраһим жалғыз ұлы, Жандарын үмбет үшін қылар құрбан» деген өлең сөзі сәуле түсіреді. Құнанбайдың ұлына Ибраһим есімін таңдауы оның Алланың елшісі – Мұхаммедтің жамағат үшін жанын қиған перзентін жанына жақын тартқанынан екені кәміл. Абайдың өмір жолы ақынның «қайран елі, қазағы» үшін жанпида «майдан» ашқанының айғағы.
Баршаға мәлім, орыс патшасының «Сібір қазақтары туралы» 1822 жылғы жарғысы хандық биліктің «тамырына балта шапты». Ат жалын тартып мінген шағында ақын басқыншы үкіметтің жаңа тәртібіне (1868 ж.) сай аға сұлтандықтың жойылғанын көреді. Қазақ өлкесі алты облыс пен уезге бөлініп, генерал-губернаторлар, уез басқармасының бастықтары өз алдына, «крестьян бастығы» дейтіндер «нагайкасын» үйірді. Патша үкіметі халықты езіп-жаншып, құрдымға кетіру саясатын «тізеге салды».
Шен-шекпенге малданған болыс-билердің көпе-көрінеу зорлық-зомбылыққа көнуден басқа амалы қалмаған. Осы ащы шындықты «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек?..» – деп Хакім Абай еріксіз мойындатады. Бұл соңғы он жылда ақынның әбден көзі жеткен ақиқаты еді. Алғаш оның қырық жастың бел ортасынан асқан шағында «Менсінбеуші ем наданды, Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып...» – деп шарасыз қынжылатынын білеміз.
Амал қайсы, айналасындағы «көп надан әдетіне қарысып, өзіне көмек таппай, лажы қалмай бара жатқан». Басқасы-басқа, барымта мен партия «додасы» ушығып, жалған жала мен арызқойлық «отына» отаршыл билік аямай май құйды. «Ұлттар теңдігі» деп ұрандатқан «қызыл» диктатура одан да асып түсті. Қазақты ұлт ретінде жоюдың «жаппай ұжымдастыру, кәмпеске, саяси қуғын-сүргін, тың игеру, ядролық қарумен тепе-теңдікті сақтау» секілді қитұрқы науқандары қыспаққа алды.
Ал «заманды билеу» мүмкін бе өзі!? Демек, коммунистік содыр кезеңде өмір сүрген ұлт қайраткерлерін «ақ пен қызылға» жіктеп, «жерден жеті қоян тапқандай», тымақты аспанға ату – кешірілмес күнә! Шындығында ұлт қайраткерлерінің қай-қайсысы да ел-жұртына және жеке сеніміне адал болды. Әлбетте, «барлық ұлттар мен адамдар тең болатын қоғам құру» идеясына иланып, қателеспеу де қиын еді. Тіпті Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында заманға «иленбек» түгілі, «күйлегендер» аз ба?!
Заман тауқыметін ертерек ұққан Ибраһимнің балалық шағы өзге қатарластарына қарағанда қысқарақ болды. «Ерте оянып, ой кіргелі өзіне ерік тимеген» ақын отбасы-ошақ қасында ұйқылы-ояу қамалған, «малдан басқа мұңы жоқ етекбастыдан» жиренеді. Өркениет көшінің алдыңғы сапынан көргісі келген халқының өзге жұрттың соңында қалып бара жатқанынан қабағын айықпас мұң басады. Қазағының «күңгірт» келешегіне алаңдаған Хакім «дүние кірін жуынып, көрініп ойға сөз салады».
Сәулелі ақыл, терең ой мен суретті сөздің иесі Ибраһимді адамдық қарызы жастайынан ойландырады. Сөз патшасы – өлеңді серік етіп, Әуезов жазғандай, өткір сезім мен ащы мысқылды «ақындықтың шарты» деп біледі. Оның ойынша, адам болып туған соң, «ақыл қайраттан асып, тереңге бет қоймаса, тіршіліктің несі сән?». Кестелі өлең мен шешендік сөздерге қызығып, ақыл мен қайратты жүрекке билетеді. Қоғамдағы қарама-қайшылықтың сырына жіті үңіліп, қандастарын түзу жолға салудан дәмелі.
«Жасымда ғылым бар деп...», «Бір дәурен кемді күнге...», «Жігіттер, ойын арзан...», «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдерінде ұстаз Абай жастарға балауса, балғын шақтың қызығына алданбауды қадай айтып, адал еңбек пен «үйренуге тоймауды», шен-шекпен қумай, ар-ұятты «сақшы» қоюды аманат етеді. Ол әрбір адамның пешенесіне жазылған тағдырдың барын біледі. Бірақ қаншама жанның тұрмыс тауқыметінен
«шөгіп, тізерлеген» күйі өмірден өтуіне келіспейді.
Қандастары үшін «арман» аспандағы жұлдыздай, қол жетпек түгілі, үш ұйықтаса түске кірмейтін ұғым. Осыған көзі жеткен Абай «Базарға қарап тұрсам, әркім барар, іздегені не болса, сол табылар», – деп толғанады. Ендеше, арманшыл жанның көптігі мен аздығы да, адамдардың өмір «базарынан» нені іздеп, нені таңдайтыны да қоғамның кемелдік дәрежесіне тәуелді екен. Бірақ ақынның «ақыл сөзге ынтасыз», кісімсінген білімсіз төңірегі «көнгенім-ақ соған» деп табандағанның кебін киеді.
Қырық жастың «қырқасына» енді ілінген Хакімді «жүдетіп», ерте «қартайтатын» да осы надандық пен бодандық бұғауындағы ел-жұртының алтыбақан алауыз тірлігі. Ол «мұңдасарға сөзді ұғарлық кісі таппай, ашуы – ашыған у, ойы – кермек». Қандастарының «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» бірдей ұстағанын қалап, өнер-білімді, адалдық пен әділдікті ардақ тұтады. Ұрлық, қулықпен, арамдықпен «айдарынан» жел ескендердің «түбінде жамандық көрмей қалмасын» талмай ескертеді.
Алайда заман «ағыны» желкенсіз қайықтай, қудалаған қауым «не өзі ермей, не ерік бермей қор етеді». Ақын «Қадірлі басым, Қайратты жасым /Айғаймен кетті амал жоқ», – деп, мең-зең күйде: «Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға. Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім күн емес...». Бұдан асқан қасірет болар ма?! Жаңаға – басшы, ескіге – «жұмбақ жанның» күйінішін ұға қоймас көп надан «құлағын салмай, тілін алмай» түңілдіреді.
Төңірегін қалың тұман тұтып, «ой саларлық ағайын табылмаса», амал қайсы? Хакімнің «Естісем үнін, Білсем деп жөнін, Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас», – деген ащы тілінен «Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным», – деп, «улы сия» төгіледі. Ақынның өзінің «нені сүйіп, неден күйгеніне бір Алла мен ары ғана қазы» тұтудан басқа амалы жоқ.
Ақыл қосып, кеңесер ағайын табылмағаны аздай, құлдықтың қырсығы шалған қарындастары күйбең тірлікті шүкіршілік етуден аспайды. Ақынның «аяз мүйізді қысса, мүйіз тұқылды қысқан» бодан әрі надан ортада тынысы тарылады. Оңашада «бұлттан өтіп мұнарды болжайтұғын» Бұқар, Дулат пен Шортанбай секілді ақындармен «мұңдасады». Алты алаштың дұшпанын «улы тілмен улатқан» ақын-жыраулар Абайдың «кегін» сөзбен әперіп, өзара «сұхбаттан» көңілінің көзі шырадай ашылады.
Әттең, Хакімнің ақылын тыңдап, өсиетінен өнеге түйетін замандастары аздау. Данышпан ағасы Абайдан үйренуге Шәкәрім ақын шақыратын жастардың, бірақ «қараңғы ортадан» жол тауып, «сытылып» шығуы оңай емес. Құныққан бай мен болыс, би мен бек, тіпті жарлы-жақыбай да «сатымсақ пен аларманның» жолын құшады. «Атаны – бала, ағаны – іні аңдыған» уақытта достың да «бермесең бұлт беріп, жауыңа қосылып, сырт берген» жылмаң мінезі онда да, бүгін де таң емес.
Мұндай қоғамда адалдықтың «тұқымын егіп», әділеттің «егісін» жайқалтуға тырысу, ақылдың «дәнін» желге ұшырғандай, обал. Айналасының ойсыз, кекшіл, күлкішіл құр даңғаза мінездеріне ашынған Хакімнің «қаны қайнайды». Алайда, ол достан да, дұшпаннан да «көңілі қайта тұрып та» қалың ұйқыда мүлгіген ел-жұртын алғыр сөз, көркем тілмен сергітіп, жарқын заманға бастаудан үмітін үзбек емес. Қандастарын «ел қарызы үшін» еңбек етіп, өнер мен білім жиюға үндейді.
«Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой...»
Дегенмен, ақылға арқа сүйеп, нәпақасын адал еңбек пен өнерден іздейтін жан қашанда сирек. Абайдың аузынан Алланы тастамайтын Абыралы секілді замандастарына да «ынталы жүрек пен шын көңілден өзгесінің Хаққа жол емесін» ұғу маңдайларына жазбағандай. Қазір де солай, намазхан кейбіреу «Алла деген сөздің жеңіл екенін, Аллаға ауыздың қол емесін» түсінбей, өзінің күнделікті күйбең тірлігі, ұсақ-түйек шаруасы үшін Жаратушы иемізді жөнсіз «мазалап», алақан жаюдан қысылмайды.
Хакім өзара қырқысқан төңірегінің «қу сөзбен қулық сауған, арын сатып, ант ішкен» тірлігінен түршігеді. Осы аздай, «болыс сайлауының» ел ішін бұрынғыдан бетер бұзғанын көре тұрып, жаны одан сайын суынады. Пайдасы үшін жолдас боп, «бастан жыға қисайғанда» көзден таса болатындардың да талайын көреді. Тіпті дұшпанды қойып, жанына жақын тартқан достан да көңілі қалады. «Жүрегі қырық жамау» Абайды жасына жетпей ұлғайтып, «қайғы ойлататын» да осы «қиянатшыл дүние».
Қаламын тақ бір өші бар жандай «қылқындыра» қысып, Хакім енді ақ қағазға шүйіледі. «Сырын түзеудің орнына сыртын түзеген, шаруаға олақ сидаң жігіттердің» бетпердесін сыпырады. Шынында да «арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік» замандасқа кім жетсін! Хакім, әсіресе, ата мен ру абыройын желеу еткен жалған намысқа қарсы әділетті сөз ұстап, «өткір тілді найза етіп, сайысып-ақ бағады». Әттең, «қайран тіл, қайран сөздің» қадірін білмейтін жұрты «оянбай, жым-жырт».
Ұлы ақынды қайғы-мұңға «қамап», күйіндіріп, жалғаннан мүлде түңілдіретін де сол, өзімшіл қауым. Ол, бірақ қанша ашуланса да, жүзі түтігіп, алдындағы қарындастарын жер қылудан аулақ, тіпті олай жасау қолынан келмейді. Ақын трагедиясы да сонда: оның ашуының ызғары жоқ, түйілген қабағының ар жағында жанашырлықтан туған кірбің, жүректі сыздатар ауыр мұң тұнады. Бұдан кейін «сүйеу болар жан таппай, жабығып, жалыққандай» көңілі құлазып, тірліктен түңілгендей шерленеді.
Надандық пен бодандық ауыртпашылығы Абайдың жанына жазылмас жара салып, жүрегін тулатады. Оның, әсіресе, малқұмар ашкөздік пен жалқаулыққа және билікке деген жағымпаздық пен арызқойлық өршіткен «тайғақ» мінез бен сатқындыққа қаны қас. Бірақ «әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» дегенде Абайдың «әкенің баласы болма», – деп отырмағанын, оның етегіне жабыспай, «Алланы, адам мен әділетті сүюді» өсиет ететінін наданның түсінуі қиын.
Абайдың ұлылығы да сонда, ол өлеңге жаңа «арна» ашып, өмірде тыңнан жол салды. Сөз патшасын төрге оздырып, ел-жұртын «жарыққа» жетелеп, мылқау «ағынның» қауіп-қатеріне қасқайып қарсы тұрды. Өмірге, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, адам бақытын ұлықтады. Бірақ жаңаның пайдасын ұғу мен қолдау «заманы билеп, илегендердің» ойына да кіріп шықпайды. Сырты сау көрінгенімен «үлгісіз жұртты үйретіп, мыңмен жалғыз алысқан» ақын жанының «дерті» асқына түседі.
Ел-жұртына жақсы мен жаманды көрсетемін деп, ақыл «дариясына» сүңгіген сайын көңіл «терезесі» қымтала береді. «Әдетіне қарысқан», сөзіне көнбеген «көп наданның» көзін ашуды мақсат еткен ақынның, Шәкәрім айтпақшы, «сөзді ұғарлық замандасы болмады». Жалтақ би мен жағымпаз болыстың сұлбасы нашар көлеңке тәрізді жан-жағынан қалбаң қағады. Қараңғы әрі басқыншыға кіріптар ортада өксіген өлеңмен бірге Абайдың кеудесі күйіп, жаны құлазиды.
Асыл мұрадан «қалың қазағын» қараңғылық қапасынан қалайда құтқарсам деген ақын үмітінің сарқылып бара жатқаны аңғарылады. Өлім туралы жиірек ойға кетіп, «мен келмеске кетермін түк өндірмей», – деп өкінішін жасырмайды. Қандастарының оқу-білім мен өнер іздеп, еңбек пен әділетке жүгінудің орнына, өзара аңдысқан, тобырлық мінезінен жалыққандай. «Бүгінгі дос – ертең жау» болған соң, «іші өлген, сырты сау» қалпы «мен не қылдым, япырым-ау?!» деп іштей қынжылады.
Өнеріне сүйініп, отызға жуық өлеңін аударған Лермонтовтың да өмірден түңіліп, өзін-өзі жұбатқан сыры Абайдың көңіл-күйімен үндеседі: «Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным, Пейішке басшы болар деме, залым! – деп қайғырады Михаил ақын, – Суық қабір – қайғысыз ұйқы орны ғой, Оңай ма жас өмірден айрылғаным?..». Хакім, бірақ орыс ақынына елжірей тұрып та «Өмірдің өрін тауысып, Білімсізбен алысып, Шықтық міне белге енді. Енді аяңда, жығылма...» – деп, ағартушылық жолдан айнымайды.
Ол надандық пен бодандықтың «ағынына» қарсы жүзіп, өмірдің небір «соққысына» талай жыл қасқая тұрып, тірліктің қызығы ғана емес, қиындығына да төтеп берумен болады. Ел-жұртының басындағы бар тауқыметті өз иығына аударып алып, қапалы көңілі ақыл-ой «қайнарынан» ғана сергігендей, жұбаныш табады. Қандастары қанша қажытса да, «қуатты ойдан бұрқырап шыққан» сәулелі сөзі, нар «тәуекелі мен батыр ойы» заман ығын іздемей келген еді.
Ескінің дүлей «ағынына» қарсы тұрған ақын жаны талай зардап шегеді. Әсіресе, Мұқырдағы сайлау кезінде жасалған қастандық оның әлі де болса сөнбеген әлсіз үмітін шайқалтып-ақ кеткен. Ақынның «мұз» боп қатқан жүрегінің уайымы енді өлеңдеріне көшіп, сұм дүниенің аяусыз тонап жатқанын, қуатының қайтқанын бүкпейді: «Баяғы күш, баяғы түсің бар ма? Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір, Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!..» – деп, «сұрғылт тартқан бейуақпен» сырын бөліседі.
Хакімнің өкініші «өңкей у-ды жиып алып, сорлы жүрегіне» төгіледі. Айтқан ақылы «адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтып, тыныш өлгеннен басқа» амалы қалмағандай. Екіұшты туысқан мен досқа, ар мен ұятты ұмытқан көрсеқызарға қапалы. Артта қалған бұлдыр күндер көңіліне қара бұлттай төніп, «үмітінің жапырағы қуарғандай». Жүрегі тірліктің қызығынан жұрдай болып, бұл өмірдің де мәні қалмай бара жатты. Өткен күннің бәрі бір көрген түс сияқты өкінтіп, жүрегі дүрсіл қағады.
Адамның қартаң тартқан шағында жүрегіндегі «қызу-қызба мен от-жалын» азайған соң, «жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ» деген ақын сөздерімен іштей келісеміз. Өмірінің соңына қарай ол ел-жұрт бас қосқан топқа да сирек барады. Көңілі оңаша қалғанды, қолына кітап пен қалам алғанды қалап тұрады. Шығыс пен Батыс ақындарына жүгінеді. Соның бірі – Лермонтов сөзін жан сыры секілді қабылдап, арман-мақсатын «ойсыз» замандастарына жеткізіп үлгеруден үмітті.
Адалдық «суалып» бара жатқан ортада Абайдың бар мақсаты «алыс пен жақынға көрген, білгенін әділет пен ақылға сынатып» тағылым түю. Көкбай ақын: «Билікке келгенде Абайдай әділ, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы, соңғы заманның қайсысы болса да көрген жоқ... Абайдың тергеуіне ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын... Тобықты ішінің өзге ешбір адамына да билік турасында бұрынғы, соңғы заманда болса да мұндай сенім болған жоқ», – дейді.
Отарлық «бұғауындағы» қараңғы ортада ақынның адалдығы, би ретінде әділ шешім қабылдауы тілектес дос қана емес, аңдысқан жау да тауып береді. Жер мен жесір және мал дауындағы «белден басқан» бұрмалаушылыққа ол үзілді-кесілді қарсы. Семей губерниясына қарасты бес ояз елдің төтенше сиязында қабылданған «Қарамола ережесі» соның дәлелі. Дәстүрлі жол-жоралғыларға жетік Абай жазған ереже қылмысты тексеру мен жаза тағайындау жағынан тиянақты қағидасымен тәнті етеді.
Барымтаға байланысты, айталық, бұрын ұрымен қоса оның ағайыны жауапкер саналса, бұдан былай ұрлық үшін кесілген мал «ұрыны ат беріп аттандырған, ұрлыққа бірге барып септескен, ұрлаған жылқыны және ұрлықты біле тұра жасырған» жаннан, яки серіктес жолдасынан алынады (60-бап). Ал жерге қатысты «дауларды билер жері пәленшенікі деген елубасының куәлігіне қарай тікелей өздері барып тексереді... шығынын қайтарып, үстіне һәм айып салады» (54-бап).
Қараңғы халықтың қыз-келіншектерге өз басында еркі жоқ мал секілді қарауына Хакім тыйым салғанды қалайды. Аталмыш «Қарамола ережесіне» ол әйел тұрмысына да қатысты нақты ұсыныстарын қосады. Соның бірінде әмеңгерліктің де жөнімен атқарылуы талап етіледі. Мәселен, әмеңгері болмаса, әйел адам қайта сатылмай, оған еркіндік берілетін болады. Адам теңдігі, еркек пен әйелдің теңдігі сияқты жаңа ұғымдар, әсіресе оқыған жастардың арасында бірте-бірте қолдау табады.
Абайдың би ретінде Топай руынан Әліман, Мамайдан Ақбордақ деген жесір әйелдерге, Жуантаяқ пен Сыбаннан тиісінше Қадиша, Зылиқа сияқты қыздарға бас бостандығын алып бергені және Көкше руынан еркек есімді Батырбай мен Аналық деген жесір әйелдерге байланысты дауды әділ шешкені белгілі. Сондай-ақ, ереженің қазақтың талай ғасыр қалыптасқан салт-дәстүріне сүйене отырып, ескінің әйел баласына қатысты басқа да зорлық-зомбылығына тыйым салуына да айналасының өшікпеуі қиын еді (41, 45, 46, 50-ші баптар).
Абай «бұл билік деген біздің қазақ ішіндегі әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді... Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз-Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде жиын болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек», – деп жазады. Бірақ «ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ» (3-ші қара сөзден).
Сондықтан Хакімнің арманы – халқының оқу-білімге ықылас қойып, өркениеттің алдынан көрінуі. Ол «Бес дұшпан: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» сақтандырып, «бес асыл: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» өсиет етеді. Бірақ тұтас қоғам ғана емес, жеке адамның өзгеруі де өзіңнен күші басым палуанмен алысқандай ауыр. «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр, Ішінде түсі суық, бір жан отыр. Алысты тұманданған ол ойлайды, Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр...».
Данышпан ойшыл әрі ақынның шығармалары келе-келе мол рухани мұрасының қисынды қорытындысына айналады. Өлеңмен талай айтқан ойларын енді ол қара сөзбен әдіптейді. Хакімнің түйілген қабағында шынайы жанашырлықтан туған уайым жатады. «Қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?» – деп ойлана келе, «ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін... кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» деген байлам жасайды.
«Даурыққан, күліскен, өлеңдеткен қайғысызға» қарап отырып, Абай «ашуланса да, ызалана алмайды. Күлсе, қуана алмайды, сөйлегені өз сөзі емес, күлгені өз күлкісі емес, бәрі әлдекімдікі...». Суынған көңіліне айналасының бәрі тым жат: «бұ да жақсы өлер кезде «әттеген-ай», сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп, қайғылы болмай... артқа алаң болмай өлуге», – деп күңіренеді: «Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті, Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!».
Ресейде 1905 жылғы төңкеріс таяп келе жатты. Алда – 17-нің ақпаны мен қазанында ушығып, бай-кедей, ақ-қызыл боп қырқысатын зобалаң кезең. «Қызыл» диктатура азабын көруді Хакімге, әйтеуір, жазбапты. Бұған не дерсің? Тағдырдың ұлы тұлғаға кәрілікті «қимай», «көк тұман келешектің» тозағына салмағанына шүкіршілік ететін шығармыз. Ақиқат ұшқыны – Абай сөзі көзімізді ғана емес, көкірегімізді де ашып, адам рухы – асқақ болып, тән оның құлы ретінде қызмет етсе, ғанибет.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
жазушы














