«Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да бола алмайды, жеміс те бермейді» - деп Бауыржан Момышұлы ағамыз қазақтың ән, музыка өнерін, олардың адам өмірінен алатын орнын керемет суреттеп берген еді. Киелі өнер күй өнерін дамытып жүрген кейіпкеріміз Әділет Қабиденұлы бүгінде оныншы сыныпта оқиды. Жас дарын иесінің халқымыз киелі санаған күй өнеріне деген қызығушылығы ерекше. Әділет мектепте үздік оқушылар қатарында. Оқуда озат жігіт түрлі қоғамдық жұмыстарда да белсенді.
Әділет жас домбырашылардың облыстық, республикалық байқауларына қатысып, ата-анасы мен ұстаздарының мерейін үстем етті. «Балалар жылы» аясында 1 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай күй өнерін насихаттау мақсатында өткізілген шарада қала әкімінің марапатына ие болды. Әділет Құрманғазы Сағырбайұлының "Адай","Балбырауын" күйлерін ерекше ықыласпен орындайды.
– Әділет өзі кішкентай күнінен домбыраға әуес болып өсті. Жеті жасында мектепте ұйымдастырылған “Өрлеу” оркестрінің мүшесі болып, әртүрлі сайыстарға, мерекелік шараларға қатысты. Әр үйдің төрінде ілініп тұруы тиіс қара домбыраны шертпейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Алғашқы ұстазы Қуандық Имашевтің жетекшілігімен байқауларда жеңіске жетті, – дейді кейіпкеріміздің әкесі. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын Әділет ұстазы Қ.Имашевқа шексіз алғысын білдіреді.
Әділеттің тағы бір қыры математика пәнінен олимпиадаларға қатысып жеңімпаз атануы. Көптеген мектеп оқушылары үшін математика қиын және қол жетімсіз пән болып көрінеді. Математиканы барлық оқушы бірден түсініп, жақсы көре қоймайды. Өйткені, математика ойлауды, уақытты керек етеді. Дегенмен, математиканы да жақсы көруге болатынын Әділет сияқты дарынды балалар дәлелдеп келеді.
«Әр адамның өмірінде өз болашағын айқындайтын маңызды таңдау бар. Мен үшін ол — мамандық таңдау. Мен болашақта қаржы саласында білім алып, кәсіби қаржы маманы болғым келеді. Себебі бұл сала — ел экономикасының жүрегі, ал қаржыгерлер — сол экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тұлғалар. Қаржы саласы маған есеп жүргізу, талдау жасау және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамытатынымен ұнайды. Қаржы маманы тек сандармен емес, үлкен жауапкершілікпен жұмыс істейді. Ол мемлекет пен кәсіпорындардың, тіпті жеке адамдардың табысын тиімді басқаруға көмектеседі. Мен де болашақта осы саланың бір бөлігі болып, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосуды армандаймын. Қаржы саласында оқып, кәсіби білім мен тәжірибе жинақтау — менің басты мақсаттарымның бірі. Мен осы мақсатқа жету үшін жақсы оқуға, математика мен экономика пәндерін терең меңгеруге тырысамын. Қаржы саласы — тек табысты ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігі мол әрі қызықты сала. Мен бұл бағытта білім алып, өз ісінің нағыз маманы болуға бар күшімді саламын» дейді кейіпкеріміз.
Талабы таудай жалынды жастың алда алар асуы, шығар шыңы биікте екеніне сенім кәміл. Мектеп бітіріп, үлкен жолға қадам басуды мақсат еткен өнерпаз асқақ арманы жолында бүгіннен еңбек етуде. Ендеше Әділетке арманың асқақ, болашағың жарқын болсын деп тілек білдіреміз. Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, Шығарар олар біртаңда
Мен жастарға сенемін,- деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, Қазақстанның болашағы - жастар. Сондықтан бүгінгі елімізде жастардың игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды тірліктер өз жемісін беретіндігі ақиқат.
Г.Тұрлыбекова















