ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕРДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕРДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ҚАЖ саласында сотталған азаматтарды жұмыспен қамту жүйелі жүргізіліп келеді. Түзету мекемелеріндегі ғимараттарды тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу – кәсіпкерлердің басты мақсаттарының бірі. Мәселен облысымыз бойынша 21 жеке кәсіпкер мекеменің ішкі аумағында және 3 жеке кәсіпкер қала ішінде өз жұмысын атқаруда.  

Бүгінде жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалып отырған жоқ. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың еңбекпен айналысуы олардың қоғамға қайта бейімделуіне, сондай-ақ психологиялық тұрақтылыққа қол жеткізуіне сеп болады. Қазіргі таңда түзету мекемелерінде еңбекке тартылған азаматтардың қатары артып келеді. Олар абақтыда отырып-ақ адал еңбекпен табыс тауып қана қоймай, отбасына қаржылай көмек көрсетіп, тіпті мұқтаж жандарға да қол ұшын созып отыр. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер тарапынан да оң бастамалар жүзеге асуда. Олар сотталғандарды нақты атқарған жұмысына қарай еңбекақымен қамтамасыз етіп, керек-жарағымен жабдықтауға қолдау көрсетіп келеді. Бұл бір жағынан әлеуметтік жауапкершіліктің, екінші жағынан қылмыстық-атқару жүйесі мен кәсіпкерлік құрылымдар арасындағы өзара тиімді әріптестіктің көрінісі. Айта кету керек, кейбір түзеу мекемелерінде бос тұрған өндірістік нысандар жеке кәсіпкерлерге жалға беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мұның өзі мекеме аумағында шағын өндіріс ошақтарының пайда болуына, ал жазасын өтеушілер үшін тұрақты жұмыстың құрылуына жол ашты.

Осыған қатысты қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Динара Мұсаеваның айтуынша, жазасын өтеушілердің өмірге деген көзқарасын өзгерту, оларды пайдалы іспен айналысуға бейімдеу, уақытты тиімді өткізуіне мүмкіндік беру – департамент қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі. Жалпы алғанда, бұл жұмыстар жазасын өтеушілердің қоғамға қайта оралуын жеңілдетіп, болашақта қылмыстық жолдан бас тартуына себепкер болатыны сөзсіз.

– 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты бес түзету мекемесінде тіркелген еңбекке қабілетті 1500-ге жуық сотталған азаматтың 1112-сі тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жалпы көрсеткіштің 74,1 пайызын құрап отыр. Аталған статистика жазасын өтеушілерді еңбекке тарту бағытында жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі. Қазіргі таңда түзету мекемелерінде орналасқан өндірістік учаскелер мен цехтарда 24 жеке кәсіпкер өз кәсібін дамытып, жазасын өтеушілерді еңбекке жұмылдырып отыр. Бұл кәсіпкерлер мен «Еңбек-Тараз» республикалық мемлекеттік кәсіпорны арасындағы өзара ынтымақтастық нәтижесінде түзету мекемелері аумағында түрлі бағыттағы өндіріс орындары сәтті жұмыс істеуде. Атап айтқанда, металл өңдеу цехтарында сотталғандар металл қақпалар, қоршаулар, пештер, есіктер, шкафтар, шегелер мен темір кереуеттер сынды бұйымдарды дайындаумен айналысуда. Мұндай бұйымдарға аймақ көлемінде де, одан тыс жерлерде де сұраныс жоғары. Сонымен қатар тігін цехтарында арнайы киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, аяқ киім және өзге де маусымдық бұйымдар тігіледі. Бұл өнімдер кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, оқу орындары мен балабақшаларға жеткізіліп, нарық талабына сай ұсынылуда. Бұдан бөлек, ағаш өңдеу учаскесінде шахмат, нарды, астау, домбыра секілді ұлттық нақыштағы және тұрмыстық қолөнер бұйымдары дайындалады. Сондай-ақ түзету мекемелерінде кірпіш дайындау цехы, былғары бұйымдарынан аяқ киім, сөмке, құрал-сайманға арналған қобдиша – тігу орындары және наубайхана сынды жұмыс орындары сәтті қызмет етуде. Бұл цехтарда еңбек ететін азаматтарға тиісті жалақы төленіп, олардың еңбек құқығы сақталып келеді.

Жалпы алғанда, бұл бастамалар сотталған азаматтардың еңбекке деген ынтасын арттырып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне, кәсіптік машықтарды меңгеруіне және болашақта әлеуметтік ортаға бейімделуіне зор ықпал етуде, – дейді Динара Меделбекқызы.

Сала мамандарының айтуынша, түзету мекемелерінде ұйымдастырылып отырған жұмыс орындарында жазасын өтеушілерге барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жұмыс процесінің талапқа сай әрі қауіпсіз жүргізілуі үшін сотталған азаматтар арнайы жұмыс киімімен, қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етіледі. Бұл қажеттіліктер өндіріс орындарында қызмет көрсетіп отырған кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер есебінен жүзеге асырылады. Мәселен қазіргі таңда «ИП Теңізбаев» жеке кәсіпкерлігі түзету мекемесімен жасалған келісім аясында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Аталған өндірістік құрылымда бүгінде 40-қа жуық жазасын өтеуші тұрақты еңбекке тартылып, өз үлестерін қосып отыр.

– Осы салада үздіксіз қызмет етіп келе жатқаныма он бес жылға жуықтады. Бұл кезең ішінде сотталған азаматтарды еңбекке тартудың және кәсіпкерлік үшін тиімділікті сезініп келемін. Ең алдымен олардың бос уақытын пайдалы еңбекпен қамту арқылы әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалады. Сонымен қатар әрбір азаматқа атқарған жұмысына қарай әділ түрде жалақы төленеді. Ең бастысы жұмысқа деген адал көзқарастары мен жауапкершілігі мені шын жүректен қуантады. Өндірістік тапсырыстар уақытша тоқтап, жұмыс жүрмей қалған жағдайлардың өзінде, уақыт өте қайта шақырған кезде сол азаматтардың жұмысқа ықыласпен келуі мені қуантады.

Менің кәсібім – былғарыдан аяқ киім тігу. Осы кәсіптің негізінде 2010-2018 жылдар аралығында №59 түзеу мекемесінде арнайы цех ашып, тұрақты жұмыс жүргіздім. Ал 2019 жылдан бері бұл кәсіпті №58 түзеу мекемесінде жалғастырып келемін. Жақында ғана тағы бір кәсіпке қадам жасалып, №25 түзету мекемесінің аумағынан жаңа тігін цехын аштым. Қазіргі таңда бұл өндіріс орнында 18 жазасын өтеуші тұрақты түрде еңбек етуде.

Жалақы көлемі де атқарылған жұмыс көлеміне сай белгіленеді. Бүгінде жұмысшыларымыздың орташа айлығы шамамен 150 мың теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы мөлшері 80 мың теңге. 

Біздің цехтағы еңбек  ауыр да, жан қинап, мұрын қанатарлық жұмыс емес. Керісінше, әр адамға бейімделіп, үйретілетін, шыдам мен икемділікті қажет ететін кәсіп. Қолының ебі мен еңбекке деген ынтасы бар әрбір азамат бұл істі меңгере алады. Әрине, бұл ретте жазасын өтеушінің денсаулығы мен еңбекке жарамдылығы бірінші кезекте назарға алынады. Осы бағыттағы жұмысымыз алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді жеке кәсіпкер Бауыржан Бақытханұлы.

Қазіргі таңда түзету мекемелерінде өндірістік цехтар мен жұмыс орындарын ашу мемлекет үшін де, жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін де тиімді бастамаға айналып отыр. Бұл  бір жағынан еліміздегі өндірістік әлеуетті арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға сеп болса, екінші жағынан бас бостандығынан айырылған азаматтарды қоғамнан алшақтатпай, пайдалы еңбекке баулуға мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба. Ең бастысы еңбекке тартылған азаматтардың өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп, олар өз болашағына жаңаша үмітпен қарай бастайды. Осындай азаматтардың өзгеге де көмек қолын созуға, отбасына қаражат жіберіп, қоғам алдындағы қарызын өтеуге талпынуы  бұл бастаманың адамгершілік тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да аса өзекті екенін айғақтайды. Сонымен қатар олардың оң өзгерісі туыстары мен жақындарына да үміт сыйлап, жаңа өмірге деген сенімін нығайтады.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ
30.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14857
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14755
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29902
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28519
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32079