Биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтары аясында маусым айы бойынша 30 жас жұмыспен қамтылды. Ал шілде айында 40 жасты, тамыз айында 30 жасты бағдарламаға қатыстыру жоспарланып отыр. Осылайша, үш ай ішінде жалпы 100 жасты қамту көзделген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Жеті Жарғы» қоғамдық қорының жоба менеджері Заманбек Құрақбайдың айтуынша, биыл қала бойынша жобаға қатысу үшін 300-ден астам өтініш түскен. Оның айтуынша, «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да бағытталған.
– Маусым айында жастар арасында «Жасыл ел» квест ойыны өтті. Шілде айында «Puzzle» интеллектуалдық ойынын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ маусым-тамыз айлары аралығында түрлі байқаулар өтіп, жеңімпаздарға жүлделер табысталады. Алдағы бастамалардың бірі – экологиялық бағыттағы «Балмұздақ» акциясы. Оның аясында 10 пластикалық бөтелке тапсырған әрбір қатысушыға балмұздақ беріледі. Жалпы акцияға 7 мың дана балмұздақ дайындалып, 70 мың пластикалық бөтелке жинау көзделіп отыр, – деді ол.
Бұдан бөлек, өңірде «Апгрейд Атырау» жобасын іске асыру жоспарланған. Жоба аясында балалар ойын алаңдары, мүсіндер мен саябақтар сырланып, қоғамдық орындардың келбеті жаңартылады.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында шілде және тамыз айларында әрқайсысына шамамен 150 адам қатысатын үш ауқымды іс-шара ұйымдастырылады. Оған қоса жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында эко-квиз, эко-рейд, эко-тимбилдинг, эко-плоггинг және «Қалдықсыз шеберхана» секілді бес экологиялық іс-шара өткізу жоспарланған.
Бағдарлама қорытындысы бойынша белсенділігімен ерекшеленген жеті жас үздік деп танылып, әрқайсысына өз қызығушылығына сай үш айлық оқу курсына қатысуға мүмкіндік беретін 120 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталады.















