Неліктен бүгінде «жасыл» саясат қоршаған ортаны қорғаудан бұрын экономиканың бәсекеге қабілеттілігімен өлшенеді? XX ғасырда мемлекеттердің экономикалық қуаты табиғи ресурстарының көлемімен бағаланса, XXI ғасырда бұл өлшем біртіндеп өзгеріп келеді.
Қазір әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігі оның қанша мұнай өндіргенімен ғана емес, экономиканың қаншалықты экологиялық таза, энергия жағынан тиімді және климаттық өзгерістерге бейім екенімен де анықталады. Сондықтан «жасыл экономика» ұғымы экология мамандарының тар кәсіби терминінен мемлекеттік даму стратегиясының негізгі бағытына айналды.
Бүгінде климаттың өзгеруі табиғатқа ғана емес, халықаралық саудаға, инвестиция тартуға және өндірістің болашағына тікелей ықпал ететін фактор саналады. Еуропалық одақтың көміртегі шекаралық реттеу тетігі (CBAM) соның айқын мысалы. Бұл механизм көміртегі шығарындылары жоғары өнімдерге қосымша талаптар қояды. Демек, қазақстандық экспорттаушылар үшін ендігі басты мәселе өнімнің бағасы ғана емес, оның өндірісі кезінде атмосфераға қанша көмірқышқыл газы шығарылғаны да маңызды болмақ. Сондықтан жасыл экономикаға көшу – экологиялық бастама ғана емес, сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың шартына айналып келеді.
Қазақстан бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Президенттің 2023 жылғы Жарлығымен бекітілген 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы ел экономикасын кезең-кезеңімен жаңғыртуды көздейді. Құжатта энергетиканы әртараптандыру, энергия тиімділігін арттыру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, ESG қағидаттарын енгізу және «жасыл» инвестиция тарту басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
Жасыл экономика дегенде көпшілік күн мен жел электр стансаларын ғана елестетеді. Шын мәнінде оның ауқымы әлдеқайда кең. Ол өнеркәсіптегі энергия тиімділігін арттыруды, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуді, суды ұтымды пайдалануды, электр көлігін дамытуды, цифрлық технологияларды енгізуді және қалалардың тұрақты инфрақұрылымын қалыптастыруды қамтиды. Яғни мақсат – табиғатты қорғау ғана емес, әрбір өндірілген өнімнің ресурстық тиімділігін арттыру.
Халықаралық тәжірибе бұл бағыттың экономикалық тиімділігін дәлелдеп отыр. Германия өнеркәсіпті жаңғырту арқылы энергия шығынын қысқартып, жоғары технологиялы өндірістердің үлесін арттырды. Қытай соңғы онжылдықта жаңартылатын энергетикаға салынған инвестиция көлемі бойынша әлемдік көшбасшыға айналып, күн панельдері мен электр көліктері өндірісінде жаһандық нарықтың маңызды бөлігін иеленді. Ал Оңтүстік Корея «жасыл өсім» саясатын инновация мен өнеркәсіпті жаңартудың құралы ретінде пайдаланып келеді. Бұл тәжірибе экологиялық саясаттың экономикалық өсімге кедергі емес, керісінше жаңа технологиялардың драйвері бола алатынын көрсетті.
Қазақстанның да бұл бағыттағы артықшылықтары аз емес. Елде жел және күн энергетикасын дамытуға қолайлы табиғи әлеует бар, сирек металдардың мол қоры жаңа энергетикалық технологияларға сұраныстың артуымен бірге стратегиялық маңызға ие болып келеді. Сонымен қатар Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы «жасыл» қаржы құралдарын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Дегенмен негізгі сын-қатер де жоқ емес. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан экономикасының көмірге тәуелділігі, өндірістік инфрақұрылымның едәуір бөлігінің тозуы және энергия сыйымдылығының жоғары болуы жасыл трансформацияны күрделендіреді. Сондықтан бұл үдеріс бір реттік жоба емес, ондаған жылдарға есептелген жүйелі реформаларды талап етеді.
Қазір әлемде экология мен экономика бір-біріне қарсы ұғым емес. Керісінше, табиғи ресурсты тиімді пайдалана алған мемлекеттер ғана жаңа технологиялық жарыста алға шығып келеді. Қазақстан үшін де жасыл экономика – сәнге айналған халықаралық тренд емес. Бұл – ұлттық экономиканың жаңа жағдайда бәсекеге қабілетті болып қалуының маңызды шарты. Сондықтан жасыл даму жолы бүгінгі таңда таңдау емес, уақыттың талабы.
Сағадат Бақытбек















