Қоғамда «Отан отбасынан басталады» деген бұзылмас қағида бар. Орал қаласында осы жылы ашылған «Отбасын қолдау орталығының» мамандары осы берік қағиданы ұстана отырып, өз жұмыстарына белсене кірісіп кетті.
Мобильдік топ отбасыларды анықтайды
Атына сырттай қанық болған аталмыш орталықтың жұмысымен танысу мақсатында шаһардың бел ортасындағы зәулім ғимаратқа ат басын тіредік. Бізді орталық директоры Ақтоты Жұбатова өзі жылы шыраймен қарсы алып, мейірім мен шуақ тұнған мекемеге бастап кірді. Жалпы аумағы 618 шаршы метрді алып жатқан екі қабатты ғимараттың төменінде орталық мамандары келушілерді қабылдайды екен. Жап-жарық, тап-таза орталыққа келетін кеудесі мұңға, жүрегі шерге толы аналарға мұндай ортаның қолдауы айрықша болары сөзсіз. «Кеудесі мұңға, жүрегі шерге толы» деген тіркесті де бекерге қолданып отырған жоқпыз. Себебі Отбасын қолдау орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, оларға кешенді түрде қолдау көрсету мақсатында ашылған.
– Орталықта екі құрылымдық бөлімше жұмыс жасайды. Бірі – кеңес беру және кешенді сүйемелдеу бойынша, екіншісі – ақпараттық ағарту жұмыстары бойынша. Бұл орталыққа жалпы барлық отбасылардың келуіне болады. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтауға арнайы құрылған мобильдік топ септігін тигізеді, – деді Ақтоты Сағынқызы.
Осы жерде мобильдік топтың жұмысына кеңірек тоқтала кетсек. Аталған топтың құрамына соңғы енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес ішкі істер, білім, денсаулық сақтау, прокуратура салаларының өкілдері, Орал қаласына қарасты төрт елді мекеннің (Желаев ауылдық округі, Зашаған, Деркөл, Круглоозерный кенттері) әкімдері мен мамандары кіреді. Барлығы 300-ден аса адамнан тұратын мобильдік топтың үйлестірушісі – осы Отбасын қолдау орталығы. Мобильдік топ арнайы алгоритммен және ортақ мобильді қосымшамен жұмыс жасайды.
Жұмысы қауырт бөлімше
Орталық басшысы жоғарыда айтып кеткен қос құрылымдық бөлімшенің алғашқысына жұмыс салмағы көбірек түсетінін білдік. Венера Қайратқызы жетекшілік ететін кеңес беру және кешенді сүйемелдеу бөлімшесінде кейс-менеджер, әлеуметтік қызметкер, заңгер, психолог сынды мамандар жұмыс атқарады. Олар орталыққа келген әрбір отбасыға психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік тұрғыда тегін кеңестер береді. Қиын отбасы анықталған жағдайда да олармен осы мамандар жұмыс жасайды. Алдымен кейс-менеджер отбасы мүшелерімен сөйлесіп, олардың әлеуметтік ахуалына назар аударады. Шынымен де «қиын отбасы» деген санатқа жататын болса, кешенді қолдау шараларын жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс жоспары құрылады.
– Ол отбасының қандай көмекке мұқтаж екендігі анықталғаннан кейін біз әрі қарай жұмыс аясын кеңейтеміз. Айталық, медициналық көмек қажет болса – жергілікті денсаулық сақтау саласы мамандарын тартамыз, ішкі істер саласына қатысты мәселе болса – полиция қызметкерлерімен бірлесе айналысамыз, қажеттілікке қарай өзге де ведомстволармен бірігіп, мәселенің түйінін тарқатуға тырысамыз, – деді орталық басшысы А.Жұбатова.
Бүгінде осы жүйенің жұмысын жеңілдету мақсатындағы цифрландыру жұмыстарынан да хабардар болдық.
– Еліміздің әлеуметтік саласын цифрландыру – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге және мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету процестерін жеделдетуге бағытталған. Осы орайда еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген FSM Social цифрлық платформалары – мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды автоматтандырып, бүкіл процесті айқын әрі тиімді етуді көздейді, – дейді орталық басшысы. Яғни, бұдан былай бұл орталық түрлі мекемелерге хат жазып, 15 күн оның жауабын күтпей-ақ, аталған платформа арқылы отбасылардың мәселесін қажетті ведомстволарға жөнелтіп отырады.
Түрлі шеберлік сағаттары өткізіледі
Біз орталық басшысымен бірге ғимаратты аралап көрдік. Алдымен төменгі қабаттағы ас үйге ұқсас бөлмеге бас сұқтық. Сөйтсек, бұл бөлме көпбалалы, қолдауға мұқтаж аналарға шеберлік сағаттарын ұйымдастыру үшін арнайы жабдықталыпты. Күні бүгінге дейін орталыққа түрлі саланың білікті мамандары не кәсіпкер әйелдер келіп, аналардың аспаздық шеберліктерін дамыту мақсатында өз білгендерімен бөліскен. Сондай-ақ нәзік жандардың тігіншілік, қолөнер бұйымдарын дайындау, киіз басу секілді ісмерлік қабілеттеріне де ерекше мән беріліп, осы бағытта кәсіпкерлерді орталыққа шақырып немесе олардың жұмыс орындарына аналарды апару арқылы шеберлік сағаттары ұйымдастырылған.
Шеберлік сыныбына арналған келесі бөлмедегі шағын көрмеге де көзіміз түсті. Мамыр айында орталықтың ашылуына өз өңірімізден бөлек көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарынан келген қонақтарға аналар өздері тіккен түрлі қолөнер бұйымдарын көрсеткен. Көбінесе, әйел адамдар кондитерлік өнімдер дайындап үйренгісі келеді екен. Осыған орай Отбасын қолдау орталығы олардың «Happy Cake», «Айнуша» секілді атауы танымал болып үлгерген жеке кәсіпкерліктердің цехтарына барып, тәттілердің түр-түрін дайындап үйренулеріне мүмкіндік жасаған. Бұдан бөлек, аналарды «Skills Enbek» онлайн платформасы арқылы онлайн оқыту қолға алынған. Бір айлық оқытуға қатысушыларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сертификаты беріледі. Мысалы, жуырда аналар шаштараздық кәсіптің қыр-сырын меңгеру үшін арнайы курстан өтіп, сертификат иеленген.
Ғимараттағы психолог маман Қасиет Маусымқызының да жұмыс бөлмесіне кірдік. Қоғамда психолог пен заңгерге сұраныс көп екені анық. Сол секілді орталықтағы психолог маманның тегін кеңесін алуға асығатын отбасы мүшелері де жетіп артылады. Жалпы мұндай білікті мамандар бүгінде тапшы, бар болғанның өзінде қызметі қалтаны қағатыны жасырын емес.
– Бізге арнаулы әлеуметтік орталықтан келген психолог маманымыз тәжірибелі. Оған түрлі санаттағы адамдар келеді. Заңгерімізден де келушілер заң аясындағы жұмыстар бойынша кеңес алады. Көп жағдайда алиментке қатысты сұрақтармен жүгінеді, – дейді орталық директоры.
Аналардың уақытша тұрағы
Ал енді Отбасын қолдау орталығындағы келесі бөлімше ақпараттық ағарту жұмыстарымен айналысады. Ғимараттағы бір бөлмеге орналасқан бөлімше мамандары келушілерге анықтамалық көмек көрсетеді және жұртшылықпен жұмыс жасайды. Айталық, түрлі семинарлар мен тренингтер өткізеді, колледждер мен мектептерге барады, ата-аналар жиналысына қатысады. Яғни, қоғамға орталықтың қызметінен бөлек отбасы құндылықтары туралы пайдалы ақпараттармен бөліседі. Бұл – болашақта жанұя құратын бүгінгі ұрпақ осындай қадам үлкен жауапкершілікті талап ететінін біліп жүрсін деген ізгі мақсаттан туындайтын іс-шаралар.
Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелерінің уақытша бір айға дейін тұрақтауына да жағдай жасалыпты. Ана мен бала үшін талапқа сай жабдықталған, 10 адамға арналған бөлмелерге біз де бас сұқтық. Жатын бөлме, ас бөлмесі, жуынатын бөлме – барлығы мұнтаздай жарқырап тұр. Бір бұрышта тұрған бесік те назарымызды аудартты. Әр келушіге жаңадан төсек жабдықтары беріліп, ас-ауқатпен қамтылады. Әрине, іштей «ондай мұқтаждықпен келетін ана мен бала болмаса екен» деген ой да қылаң берді.
– Негізінен, орталыққа уақытша тұрғысы келетіндер көп, бірақ барлығының бірдей отбасылық проблемасы стандартқа сәйкес келе бермейді. Себебі, бұл орындар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандарға ғана беріледі, – деген Ақтоты Сағынқызы біздің әлгіндегі ойымызды аңғарғандай, төмендегі мәліметтермен бөлісті.
Осы уақытқа дейін орталықтың уақытша тұрағын төрт ана, 11 бала паналаған екен. Олар да тағдырдың түрлі теперішіне ұшырағандар. Айталық, облыстық полиция департаменті жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу инспекторларының жолдауымен келген келіншек жұбайының тарапынан психологиялық қысым көргенін айтып, шағымданған. Қос сәбиімен келген ананың жағдайын орталық мамандары жан-жақты зерделеп, отағасымен де сөйлесіп, қажетті кеңестерін ұсынған. Отбасы жағдайына байланысты қосымша мамандар тартылған. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар тіл табысып, қайтадан жарасып, отанасы бір аптадан соң балаларымен ыстық ұясына оралған екен. Сонымен қатар тағы бір келіншек ойынқұмар жолдасынан зәбір көріп келсе, тағы бірін ащы суға салынған отағасы үйінен қуып жіберіпті. Олардың да жағдайын заң жолымен реттеген мамандар ана мен баланың өз шаңырақтарына қайта оралуына ықпал еткен. Орталықтың мақсаты отбасын сақтап қалу болғандықтан, шаңырақтың бірлігі мен ынтымақтастығына нұқсан келтірмеуге баса назар аударылады.
Түрлі тағдыр иелерімен беттеседі
Отбасын қолдау орталығында 15 қызметкер жұмыс жасайды. Негізінен орталықтың көмегіне жүгінетін отбасылар түрлі әлеуметтік, тұрмыстық және психологиялық қиындықтармен келетіні белгілі. Бұл жерде жан-жақты көмек көрсете алатын білікті мамандардың жұмысы маңызды. Әлеуметтік салада шыдамдылықпен, төзімділікпен және кәсіби жауапкершілікпен қызмет ететін мамандар болуы тиіс. Біз орталыққа келгенде соңғы есеп бойынша, 25 отбасы консультация беру және кешенді сүйемелдеу бөлімшесінің көмегін алып жүргенін білдік. Отбасылардың мәселелері шешімін тапқанша, орталық қызметкерлері олармен белгілі мерзім көлемінде жұмыс жасайды. Ал түрлі күрделі жағдайға тап болған жанұялардың өмірін қалыпқа келтіру үшін бір жыл бойына бақылауда ұстайды.
Бірде орталық қызметкерлеріне есірткілік заттың ауыр түрін қолданатын ананың тағдырымен күресуге тура келіпті. Үш баласы бар ананы арнайы емдеу мекемесіне жатқызған. Ал балаларының мәселесімен жергілікті білім беру саласының қорғаншылық бөлімі айналысып жатқанын айтты.
Мына бір оқиға да жүректі селт еткізбей қоймады. Орталық мамандарына қала мектептерінің бірінен әлеуметтік жағдайы төмен жалғызбасты анаға қатысты хабарлама түскен. Білім ордасының басшылығы бұл толық емес отбасының мектеп жасындағы балалары сабаққа келмейтінін айтқан. Мектеп әкімшілігі тарапынан жалғызбасты анаға көмек-қолдау көрсетіліп, түрлі шаралар қолданылған. Кіші қызметкер ретінде жұмысқа да алған. Алайда бұл шаралар нәтиже бермеген. Кейіннен орталық мамандары араласып, отбасының жағдайын түзеуге бар күштерін салады. Қазіргі уақытта жалғызбасты ана балаларымен бірге қала маңындағы аудандардың біріне көшірілген. Аудан әкімдігінің қолдауымен оларға баспана берілген. Аналары жұмыспен қамтылып, балалары мектепке және балабақшаға орналастырылған.
Мінекей, осындай түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін Отбасын қолдау орталығы мамандарының жұмысы оңай емес. Жоғарыда шыдамдылық, төзімділік, біліктілік туралы да бекерге тізбектемедік. Орталық мамандарының күнделікті жұмысы осындай қасиеттерді еріксіз талап ететіні сөзсіз.
Орталық директоры Ақтоты Жұбатова Батыс Қазақстан облысы бойынша республикалық деңгейдегі сарапшылар пулының құрамында болғандықтан, оның жұмысы бір міндетпен шектелмейді. Еліміздегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шақыртуымен оқыту курсынан өткен кейіпкеріміз облыс көлеміндегі ғана емес, өзге аймақтардағы әріптестерімен де тығыз байланыста жұмыс жасайды. Өзінің тәжірибесімен бөліседі, қажет кезде кеңес те береді. Республикалық мобильдік топтарды оқыту бойынша семинарға қатысқан.
Басшы ғана емес, әйел-ана ретінде де қоғамдағы қолдауға, қорғауға зәру отбасылардың жағдайына алаңдайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүрген аналар айналамызда көп болғанымен, олардың барлығының бірдей көмекке жүгінуге батылы жетпейді. Мұны орталық басшысы да жоққа шығармады.
– Ал бұл – жасыратын нәрсе емес. Ең алдымен, адам өзін-өзі қорғауы керек, басынан өтіп жатқан күрделі жағдайды ешкімнен жасырмауы тиіс. Сонымен қатар қоғам да оларды елеусіз қалдырмауы керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған көршің бе, туысқаның ба, танысың ба, мейлі кім болса да, құзырлы мекемелерге олар туралы ақпарат жеткізген дұрыс. Сонымен қатар «111» сенім телефонына да хабарласуға болады, – деді Ақтоты Сағынқызы.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО Орал қаласы