Қаланың келбеті оның ең биік ғимаратымен емес, күн сайын тұрғындар кіріп-шығатын қарапайым тұрғын үйлерден қалыптасады. Көше бойында қаз қатар тізілген көпқабатты үйлер кейде шаһар тарихынан үнсіз ғана сыр шертіп тұратындай. Бірақ уақыт өз дегенін істейді: шатыр тозады, құбыр ескіреді, қасбет өңін жоғалтады, кіреберістің сәні кетеді. Бір қарағанда ұсақ-түйек секілді көрінетін мұндай мәселе түптеп келгенде тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасына әсер ететін үлкен мәселеге айналады. Таразда тұрғын үй қорын жаңғыртуға ден қойылуының мәні де осында. Мұндай жұмыстар ескі үйлердің сыртын бояп, қаланың ажарын келтірумен ғана шектелмейді. Ондаған жыл бойы пайдаланылған тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту, инженерлік жүйелерін жаңарту, қызмет ету мерзімін ұзарту және ең бастысы, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру міндеті осы жұмыстардың қатарында.
Бүгінде Таразда 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның 1 103-і 30 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Аз көрсеткіш емес. Демек, қаладағы тұрғын үй қорының елеулі бөлігі уақыт талабына сай жаңғыртуды қажет етеді. Мұндай жағдайда «ескі үйді сүріп, орнына жаңасын салу» шешім емес. Ғимараттардың өмірін ұзарту, оның инженерлік әлеуетін қалпына келтіру – өркениетті қаланың тәжірибесі.
Биыл осы бағытта 73 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыс барысында шатыр, инженерлік желілер, кіреберістер, қасбеттер және ортақ мүліктің басқа да элементтері жаңартылады. Мұның әрқайсысы тұрғынның күнделікті өміріне тікелей қатысты. Шатырдың беріктігі – жауын-шашыннан қорғаныс, жылу жүйесінің дұрыстығы – қыстағы жайлылық, инженерлік желілердің жаңаруы – апатты жағдайлардың алдын алу. Яғни күрделі жөндеу дегеніміз – қағаздағы жоспар емес, адамның үйіндегі нақты қауіпсіздік. Бірақ мәселенің екінші қыры бар. Тұрғын үйлер қаланың сәулеттік келбетін қалыптастырады. Сондықтан Таразда үйлерді жөндеу тек техникалық қажеттілік деңгейінде қалмай, қаланың сыртқы бейнесін жаңартумен сабақтасып отыр. Қазір орталық көшелердегі көпқабатты үйлердің қасбеттерін біріздендіріп, шаһардың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Биыл Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы 9 көпқабатты үйдің қасбетін жаңарту қолға алынған. Жұмыстың 60 пайызы орындалған. Бұған дейінгі тәжірибе де бар. 2024 жылы Төле би даңғылы бойындағы 12 үйдің қасбеті жөнделсе, өткен жылы Абай даңғылы, Әйтеке би және Қазыбек би көшелеріндегі 15 тұрғын үй жаңаша сипатқа енді. Осы сандардың өзінен-ақ бұл істің бір реттік науқан емес, жүйелі бағытқа айналып келе жатқанын аңғаруға болады. Алайда сәулет дегенді тек әдемі қасбет деп түсінуге болмайды. Қаланың шырайын кіргізетін бояу мен өрнек қана емес, сол үйдің ауласы, кіреберісі, жарығы, инженерлік жүйесі, айналасындағы кеңістігі де маңызды. Сырты жылтырағанымен, іші тозған үйдің ғұмыры ұзақ болмайды. Сондықтан жаңғыртудың ең дұрыс өлшемі – сыртқы көрініс пен ішкі қауіпсіздіктің қатар жүруі. Бұл ретте тұрғындардың пікірі де маңызды. Тұрғын Ержан Сәрсенбаевтың айтуынша, бұрын кейбір үйлерде шатырдан су өтіп, кіреберістер ескіріп, инженерлік желілер жиі істен шығатын. Ал жөндеуден кейін мәселенің негізгі түйіндері шешіле бастаған. Бұл – тұрғын үй жаңғыртуының шынайы нәтижесін көрсететін қарапайым, бірақ маңызды өлшем. Қала тұрғыны жөндеуді статистикадан емес, өз үйінің жағдайынан сезінеді.
Гүлмира Әбдірахманованың үйі де өткен жылы жаңғыртудан өтіпті. Бұрын жаңбырлы күндері шатырдан су ағатын болса, қазір шатыр толық жаңартылып, кіреберістер мен инженерлік жүйелер ретке келтірілген. Үйдің қасбеті де жаңа кейіпке енген. Мұндай мысалдар бір нәрсені көрсетеді: тұрғын үйді жаңарту – қаланың сыртқы бейнесін өзгертумен қатар, адамдардың өз үйіне деген көзқарасын да өзгертеді. Үйі таза, ауласы ұқыпты, қасбеті көрікті болған тұрғын ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауға бейім келеді. Бір үйдің өзгеруі бір көшенің, бір көшенің өзгеруі тұтас ауданның ахуалына әсер етеді.
Соңғы уақытта Тараздың жаңарған тұрғын үйлеріне әлеуметтік желі қолданушыларының назар аударуы да осы өзгерістің сырт көзге байқала бастағанын көрсетеді. Қаланың бұрынғы кеңестік үлгідегі үйлерінің заманауи қасбетпен жаңаруы туралы оң пікірлер айтылып жүр. Бұл жерде әлеуметтік желідегі бағаны ресми рейтинг ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Бірақ сырт көздің назар аударуының өзі қала келбетінің өзгеріп жатқанын аңғартатын белгі.
Тараз – тарихы терең қала. Сондықтан оның жаңаруы өткенін өшіру емес, бар мұрасын бүгінгі өмір талабымен сабақтастыруы керек. Көпқабатты үйлерді жаңғырту осы тұрғыдан қарағанда тек коммуналдық мәселе емес, қаланың болашағына жасалған инвестиция. Ең бастысы – бұл жұмыс бір сәттік сәнге айналмай, жүйелі жалғасуы қажет. Себебі бүгін жөнделген үй ертең қайта қарауды қажет етпеуі үшін жұмыс сапалы атқарылуы керек. Қасбет жаңарып қана қоймай, инженерлік жүйе де сенімді болуы шарт. Аула көркейіп қана қоймай, оның күтімі де жолға қойылуы керек. Қаланың жаңаруы жаңа үйлердің көптігімен ғана өлшенбейді. Кейде ең үлкен өзгеріс – ескі үйдің өмірін ұзартудан басталады. Өйткені ол үйде бір емес, бірнеше буын тұрып келеді. Оның қабырғасында кешегі Тараздың ізі бар, ал жаңарған қасбетінде бүгінгі қаланың талпынысы көрінеді. Сондықтан тұрғын үй қорын жаңғырту – өткенге жасалған жөндеу емес, болашаққа жасалған қадам. Тараздың сәулеті де, тұрмысы да осындай жүйелі өзгерістер арқылы жаңара береді. Ал жаңарған үйдің ең үлкен құндылығы оның алыстан әдемі көрінуінде емес, ішінде тұратын адамның өзін қауіпсіз, жайлы әрі өз қаласына риза сезінуінде.
А. ЖАҚСЫЛЫҚ,Жамбыл облысы Тараз қаласы















