ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

Жалпы, құқықтық мемлекет құру – кез келген елдің орнықты дамуының негізгі шарттарының бірі. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күресу, мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу – құқықтық саясаттың басты бағыттары. Бұл міндеттердің тиімді жүзеге асырылуы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Ал құқық бұзушылық жасаған адамдардың заң алдында жауап беруі мен істердің сотта қаралуы әділ сот төрелігінің жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Соңғы жылдары елімізде заң үстемдігін нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік органдар құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында кешенді шараларды қолға алып келеді. Бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметі құқықтық саясатты іске асырудағы маңызды тетіктердің бірі саналады.

Айталық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметіне сәйкес, биылғы мамыр айында 83 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген. Анықталған қылмыстардың басым бөлігін пара алу, алаяқтық және мемлекет мүлкін иемденуге қатысты құқық бұзушылықтар құрады. Қылмыстық істер бойынша 45 адам күдікті деп танылып, 85 іс бойынша тергеу аяқталды. Оның 66-сы сот қарауына жолданды.

Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың заң аясында әділ қаралуына ерекше мән беретінін көрсетеді. Өйткені заңның үстемдігі тек қылмысты әшкерелеумен өлшенбейді. Әрбір істің сотқа дейін толық әрі жан-жақты тергелуі, дәлелдемелердің заң талаптарына сай жиналуы және соттың әділ шешім қабылдауы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды кепілі болып табылады.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де құқықтық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі. Тергеуі аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал көлемі 1,5 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 835,3 миллион теңге мемлекет бюджетіне қайтарылып, құны 11,2 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Бұл мемлекет қаржысының сақталуына ғана емес, қоғамдық әділеттіліктің қалпына келтірілуіне де ықпал етеді.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік шекараны күзету мен қорғаудың да маңызы ерекше. Себебі шекара қауіпсіздігі – елдің егемендігі мен қоғамдық тұрақтылығының басты кепілі.

 

Құқықтық саясаттың нақты көрінісі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың мамыр айында мемлекеттік шекарада Қазақстан заңнамасын бұзған 3881 адам ұсталған. Оның ішінде 1125-і – шетел азаматтары. Сонымен қатар мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1180 фактісінің жолы кесілген.

Заңсыз тасымалдың ішінде есірткі заттарына қатысты 41 дерек, қару-жарақ пен оқ-дәрі өткізудің 61 әрекеті анықталды. Бұдан бөлек, 85 тоннадан астам жанар-жағармай материалдарын, жалпы құны 665 миллион теңгеден асатын халық тұтынатын тауарларды және шамамен 1,5 миллиард теңге болатын шетел валютасын заңсыз алып өту әрекеттері тоқтатылды.

Каспий теңізі акваториясында табиғи ресурстарды заңсыз пайдалануға қарсы жұмыстар да жалғасты. Мамыр айында браконьерлікпен айналысудың 12 фактісі анықталып, заңсыз аулау құралдары мен бекіре тұқымдас балықтар тәркіленді. Соның нәтижесінде мемлекетке келуі мүмкін 210 миллион теңгеден астам шығынның алдын алу мүмкін болды.

Шекара қызметі өз құзыреті шегінде 62 қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады. Ал қалған материалдар құқық қорғау және сот органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Бұл заң бұзушылықтардың әрқайсысының құқықтық бағасы беріліп, сот арқылы әділ шешім қабылдануына мүмкіндік жасайды.

Құқықтық саясаттың тиімділігі тек құқық қорғау органдарының жұмысымен ғана емес, қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейімен де өлшенеді. Заңды құрметтеу, азаматтық жауапкершілікті сезіну, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік таныту және мемлекеттік мүддені қорғауға атсалысу – құқықтық мемлекеттің маңызды қағидалары. Осы құндылықтар орныққан жағдайда ғана азаматтардың құқықтары мен бостандықтары толық қорғалып, қоғамдағы тұрақтылық нығая түседі. Заңның бұлжымай орындалуы, құқық бұзушылықтардың дер кезінде анықталуы, қылмыстық істердің сотқа жеткізіліп, әділ қаралуы – құқықтық мемлекет қалыптастырудың нақты көрсеткіші. Сондықтан құқықтық саясатты дәйекті жүзеге асыру, құқықтық мәдениетті дамыту және сот арқылы құқықтарды қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да елдегі заң үстемдігін нығайтудың басты тетігі болып қала бермек.

 Елқуат Елтөре

 

17.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144