Жуырда курорты аймақтың орталығы Щучинск қаласында маңызды демалыс орындарының біріне айналуға мүмкіндігі мол «Ұмай ана» экопаркі ашылды. Бұл парк қала тұрғындары, келуші қонақтардың демалысы, спортпен шұғылдану және отбасылық уақытын жайлы өткізуге арналған қоғамдық орынның біріне айналыпты.
Экопарктің ашылу шарасына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің туристік әлеуетін дамыту үшін заманауи әрі экологиялық бағыттағы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік туғанын жеткізіп, кезекте тұрған әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға пәтер кілттерін табыстап, спорт саласында жетістіктерге жеткен спортшыларды марапаттаған болатын.
Әкім құттықтауында: – Экопарк Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ашылып отыр. Осындай жобаларды жүзеге асыру қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға, экологиялық мәдениетті нығайтуға және тұрғындардың белсенді демалуына қосымша мүмкіндік жасауға ықпал етеді. Бұл – қалаларымызды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі, – деп атады.
Жаңа экопарк абаттандырылған аумақта орналасқан, онда серуендеу аллеялары, демалыс аймақтары, спорт және балалар алаңдары, оның ішінде инклюзивті алаң, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандары бар. Саябақтың атауына негіз болған басты нысан – сәбиін құшағына алған ананың мүсіндік композициясы. Қалалық жаңа кеңістікті қалыптастыру барысында табиғи ландшафтты сақтау, экологиялық қауіпсіздік пен барлық жастағы келушілердің жайлылығы басты назарға алынған.















