ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ. оған қарсы шығу – тексіздіктің белгісі

ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ.  оған қарсы шығу – тексіздіктің белгісі

Аятжан Ахметжанұлын бір-ақ рет көрдім. Оған да екі-үш жылдың шамасы болып қалды-ау деймін. Аятжанның ұйытқы болуымен қазақтың айтулы ақыны, асқақ ақыны Қасымхан Бегманов  ағам Қайым Мұхамедханов атындағы мектепте оқушылармен кездесу өткізді. Сол шарада ақын Бауыржан Бабажанұлы, ұстаз Роза Есенбаева т.б. азаматтар болғаны есімде.

Жақсы ұйыдастырылған  кездесуде оқушылар ақынның өлеңдерін оқыды, әндерін шырқады. Сонда байқағаным, оқушылардың көздерінен от ұшқындап, қазақылықтың қайнар бұлағынан қанып ішкендері сонадайдан менмұндалап тұр еді.  Риза болдым.

Аяжанның ұлтжанды, өз айтары бар азамат екенін әлеуметтік желі арқылы көріп, біліп жүрсем де, өзі басқарып отырған мектептегі аура мүлде бөлек болып шықты.  Бізде сөзі бөлек, ісі кереғар жандар аз ба?

Аятжан олардың санатынан емес екен. Нағыз ұлттық мектеп деп соны айт!  Кіргеннен қазақылықтың жұпар исі аңқиды. Әр бөлме, әр бұрыш, кең дәліз бәрі ұлттық нақышпен безендірілген. Қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы хандар мен билер, батырлар мен жыраулар көз алдыңнан көлбеп өтіп жатады.

Алаш қайраткерлері мен ақын-жазушылардың портреттері, ұлағатты сөздері үзіліске шыққан оқушыларға тағалымды тәрбиені қосымша беріп жатқаны айқын сезіледі.

Неткен ерен еңбек! Жанкештілік! Айқайламай-ай, жаһанға жар салмай-ақ ұлтқа қызмет ету деген осы емес пе! Аты дардай кей мектептерге барып, ұнжырғаң түсіп, рухың сынып қайтатыны өтірік пе! Бірнеше күн болды, әлеуметтік желіде Аятжан бауырымызға түрлі «шабуылдар» жасалып жатқаны байқалады.

Сырттан келгенін бетіне басып, арсыз іске барып жатқандарды да көріп отырмыз. Бұл, қазақша айтқанда, иттік! Көреалмаушылық! Өз қағынан жерігендердің әрекеті.  «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді». Біз осыны естен шығармауымыз керек!

Жек көрсең, өзі қазақ бола тұра, ұлттық болмысын жоғалтқан, немересімен шүлдірлеп сөйлесетін, салт-дәстүріңе түкіргені бар екіжүзділерді аяма! Бетіне айт! Сырттан келгенді сынасаң, Ресейден ағылып келген, мемлекетіңе де, ұлтыңа да, мәдениетіңе де бір түйір пайдасы жоқ «оралмандарды» аяма!

Бір заманда Қытайға өтіп кеткен атажұртыңнан келген Аяжан – көненің көзі, асылдың сынығы! Егер шынымен бойыңда тектіліктің бір түйір қаны болса, Аятжанға тиіспе, қазақ! Жұмысын істеуге, алға қойған мақсатына жетуге мүмкіндік бер! Қайта оны қолда, қорға, қазақ! Ұлт болашағы үшін!  Білімді ұрпақ өсіру үшін!

Біздің елде Аятжандай еңбек етіп жатқан мұғалім аз. Директор аз! Көбі жалтақ! Өзіндік ұстанымы, көзқарасы жоқ!  Содан да болар, қазақ мектептерінде үзілісте шүлдірлеп тұратын оқушы көп. Себебі ұлттық рухтан жұрдай!

Айтайын дегенім, Ұлттық мектеп қалыптастыру оңай жұмыс емес! Түрлі кедергілер болуы да мүмкін. Себебі ұлт туралы айтудан қорқатындар көп…

Аятжан сол жолда тәуекелге барып отыр. Бұл – үлкен жүректілік! Бойында ұлттық рухы бар әр қазақ Аятжанды қолдайтынына сенемін!

Алға бауырым, Алла жолыңды оңғарсын!!!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
05.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15120
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15025
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30162
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28779
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32347