«Ұлтқа балта шабар ЛГБТ-ны насихатауға тыйым салынсын!»

«Ұлтқа балта шабар ЛГБТ-ны насихатауға тыйым салынсын!»

Осындай тақырыппен өткен аптада қоғам белсенділері  мен құқық қорғаушылары ЛГБТ  насихатына  тыйым салуды көздейтін нормалар бойынша  баспасөз конференциясын  өткізді. Қатысушы спикерлер –  қоғам белсендісі, петиция авторы Бағила Балтабаева, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Жазушылар одағы Деректі проза кеңесінің төрағасы Марат Тоқашбаев,  қоғам қайраткері Жібек Әменова,  заңгер, қоғам қайраткері  Шолпан Ризабекова,  «Республикалық Желтоқсан  – 86 Тәуелсіздік қырандары» Халық қаһармандары қозғалысы төрайымы Гүлбахрам Жүніс,  «5000 Jigit» жігіттер қауымдастығының өкілі Айдос Оразай,  «Әкелер форумы» жобасының  жетекшісі Серікбол Молдаш. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары ұсынған дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу туралы заң жобасын қолдау және қоғамды ақпараттандыру. Баспасөз жиынын қоғам белсендісі әрі құқық қорғаушы Бағила Балтабаева ұйымдастырды. Оның айтуынша, бұл бастамаға Қазақстан азаматтарының басым бөлігі қолдау білдіріп отыр.

«2019 жылдан бері қарай біржынысты қарым-қатынасты қолдаушылар өз белсенділіктерін күшейтіп, түрлі алаңдарда жалауларын көтеріп жүр. Бұл бізді бей-жай қалдырмады. Мен қоғам белсендісі әрі ана ретінде мұндай насихатқа қарсы әрекет етуге мәжбүр болдым. Жастардың осындай ұйымдардың жиындарында жүргенін көріп, үнсіз қала алмадым. Сол себепті дәстүрлі емес қатынастарды насихаттауға толық тыйым салу мақсатында петиция жарияладық. Нәтижесінде 50 мыңнан астам қол жиналып, ұсыныс үкіметке жеткізілді. Қазір ол Сенаттың қарауында. Мемлекет басшысы қол қойса, заң толық күшіне енеді», – деді Бағила Балтабаева.

Жиын барысында қатысушылар әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін де ұсынды. Зерттеулер Қазақстан азаматтарының басым бөлігі дәстүрлі емес қатынастарға қарсы екенін көрсетті. «Қазақстандық қоғамды дамыту институтының» дерегінше, респонденттердің 90,5% гомосексуалдық қатынастарды өз балаларына қабылдауға дайын емес екенін айтқан. Ал халықаралық зерттеулерде мұндай қатынастардың «ақталу деңгейі» небәрі 2,2 балл болған.

Біз келешек ұрпақтың рухани қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз

Марат Тоқашбаев: «Бүкіл дүниежүзінде біржыныстыларды қолдайтын болса, Иранда, Ауғанстанда, т. б. 7-8 елде таспен ұрып, дарға асып жіберетін еді. Ал біз ондайды талап етіп отырған жоқпыз ғой.  Біз келешек ұрпақтың рухани қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Менің 12-13 немерем бар. Сол балалардың ұлттық болмысқа жат, арсыз дүниелердің ықпалына түскенін қаламаймын. Біржынысты ұйымдар халықтың небәрі 1%-ы болды. Сол азшылық үшін қалған 99% халық зардап шекпеуге тиіс», – деді ол.

                          

Насихаттың астарында қылмыстық әрекеттер болуы да мүмкін

Белгілі  қоғам қайраткері, заңгер  Шолпан Бостанқызы да заңның шығуын қолдап, бұл келешек ұрпақ үшін маңызды құжат  екенін баса айтты. 

«ЛГБТ өкілдері өз құқықтары тапталды деп жиі мәлімдеме жасайды. Бірақ біз олардың жеке өміріне араласып жатқан жоқпыз. Тек олардың ашық түрде насихат жүргізуіне, келешек ұрпақтың санасын улауына қарсымыз. Осыны дұрыс түсінген жөн. Олардың насихатының астарында қылмыстық әрекеттер болуы да мүмкін. Осы арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіріп отыр. Мұндай теріс пиғылды насихаттаушылар тек әкімшілік жауапкершілік  емес қылмыстық  жазаға тартылуы тиіс!» – деп атап өтті ол. 

                         

Азғындарға тосқауыл қоятын кез жетті

Жібек Әменова: «Спикерлерді қолдап, алғысымды айтқым келеді. Бұл – заңға қайшы келмейтін жоба. Былтыр петиция қабылдап, екі аптада 50 мыңнан аса адам қол қойды. Бұл біздің аз ғана болса да жеңісіміз. «Отбасы мен неке» туралы кодекстің 1-статья, 26-тарауында  біржыныстылардың отбасын құрып, бала тәрбиелей алмайтыны егжей-тегжейлі түсіндірілген. ЛГБТ-ның өте белсенді түрде шабуыл жасап жатқанын барлық жерден байқауға болады. Оны масс медиа, тикток, ютуб, телеграмм арналарынан, тіпті кино, мультфильмдерден де көріп, сеземіз. Сондықтан тез арада азғындарға тосқауыл қоятын кез жетті!»

                                                

Ертең  кеш қалуымыз мүмкін 

Серікбол Молдаш: «Жастардың ұлттық сана-сезімін қорғау бүгінгі таңда аса  маңызды болып тұр. Осылардың бәрі   заңды түрде жүзеге асуы керек. Балабақша, мектеп, ата-аналар болып бүкіл қоғам күресуі керек. ЛГБТ өкілдері өз құқықтарымыз  тапталды деп жиі мәлімдеме жасауда. Олардың бұл жымысқы әрекеттеріне, мүләйімсігендеріне  еш сенбеу қажет! Егерде жоғары жақ шұғыл шара қолданбаса, ертең біз кеш қалуымыз мүмкін», – деп атап өтті ол.

                              

ЛГБТ-ның тамыры кеңге жайылып бара жатыр

Гүлбахрам Жүніс: «Бізді қойшы, мына өсіп келе жатқан жас ұрпаққа обал. Қазіргі мемлекеттің идеологиясы дұрыс емес. Жастармен дұрыс жұмыс жасалып жатқан жоқ. Кінәлі өзімізбіз. Күнкөріспен жүріп, балаға көңіл бөлмейміз. Ата-аналар, балаларыңызбен  сырласып, дос болайық! ЛГБТ-ның арсыз істері нағыз тойынғандық! Мал екеш мал да ондай қылық істемейді. Олардың тамыры кеңге жайылып бара жатыр. Қазақстан бойынша 600 болып кетті. Бұл жолға әдетте кімдер барады? Әсіресе интернат, жетімдер үйі, түрме, т.б. зорлық-зомбылыққа ұшырағандар азғындардың алдап-арбағанына көніп, жылы сөздің жетегінде кете беруі мүмкін. Масқара! Қазір тегін ота деген шықты. Меніңше, олар жүйкелерінде ауытқуы бар ауру, миларын тексерту керек. Әйтпесе дені сау ер-азаматтарымыз құдайдың берген жыныстарын өзгертіп, қызтеке бола ма?! Бұларды заң бойынша қудалап, жауапкершілікке тарту керек!»     

                  

Тәрбие отбасынан басталады

Айдос Оразай:  «ЛГБТ өкілдері адам құқығын қорғағансып, өздеріне саяси желеу етіп, көздеріне жас алып, әртіс болып,  жанұшыра айғайға басып жатыр. Бізге заңды батыл қабылдап, шешім шығарып тиым салу керек! Тәрбие отбасынан басталады. Балабақшаға да идеологияны сіңіру керек. Мен ата-әженің тәрбиесін көрген баламын. Мынадай мәселені олардың алдында көтеру тірі өліммен тең дер едім! Жігіт адам жігіт болып қалу керек қой. Олардың бұлай шәуілдеп үріп жатқанына назар аудармау керек. Тек заңмен сөйлескен жөн».

                              

Мақсат – жастардың санасын теріс насихаттан сақтау

Бағила Балтабаева: «Иә, қазір баламыздың не ішіп, немен тыныстап отырғанын қадағалап отыру қажет. Неше түрлі арналар бар. Кез келген бала  сілтеме арқылы өтіп, қарай береді. Әсіресе  телеграмм арналарды ашып,  осындай азғындықтың көріністерін көре беруге жол ашып қойған. Қарастырылып отырған  заң жобасы сөз бостандығына шектеу емес, қоғам мен жастардың психикалық және рухани денсаулығын қорғауға бағытталған. Яғни бұл  бастама ұлттың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  арналған. Мақсат – біреуді қудалау емес, жастардың санасын теріс насихаттан сақтау», – деп жиынды қорытындылады. 

Дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу туралы заң жобасы қазіргі таңда Сенат қарауында. Заң қабылданған жағдайда, ол «Бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы»,    «Масс-медиа туралы» және басқа да бірқатар заңдарға енгізіледі.

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

27.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 82
Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 80
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 78

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20395
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20221
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35328
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33893
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37747