Тараз қаласында теміржол арқылы бөлінген аудандарды байланыстыруға бағытталған ірі көлік инфрақұрылымы Абай даңғылы бойындағы аспалы көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бұл көптен күткен нысан тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қоймай, қаланың логистикалық жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталған. Аспалы көпір 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыс құны – 16 миллиард теңге. Жоба қала тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ететін заманауи шешімдердің бірі саналады.
Қазіргі таңда Абай даңғылы теміржол арқылы екіге бөлініп тұр. Бұл көлік ағыны мен жаяу жүргіншілер қозғалысын қиындатқан басты кедергілердің бірі болғаны рас. Ал салынып жатқан аспалы көпір осы мәселені түбегейлі шешпек. Көпірдің өткізу қабілеті тәулігіне 80 мың автокөлікке дейін жетеді. Ол заманауи техникалық талаптарға толық сай жобаланған. Көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысы, жаяу жүргіншілер өткелі, жарықтандыру мен қоршаулар сынды барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
Алайда осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан үлкен дайындық жұмыстары атқарылды. Ең алдымен, құрылысқа кедергі келтіретін ғимараттарды сүру қажет болды. Барлығы 58 нысан, жеке тұрғын үйлер, коммерциялық ғимараттар және халыққа қызмет көрсету орталығы сүрілуге жатады. Бүгінде олардың 35-і бұзылған. Қалғандарымен келіссөздер жүргізілуде. Қазір құрылыс жұмыстары Абай даңғылының теміржолдың арғы беті де қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл аймақта көлік қозғалысы уақытша шектелгенімен, тұрғындар мен жүргізушілерге балама бағыттар ұсынылған. Қала билігі айналма жолдарды барынша ыңғайлы етуге күш салуда.
Дегенмен, ірі құрылыс жұмыстарының өзіне тән қиындықтары да жоқ емес. Құрылысқа жақын орналасқан үйлердің тұрғындары ауыр техникалардың дыбысынан және олардың дірілінен үйлерінің қабырғаларында жарықтар пайда болғанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Алайда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, құрылыс басталмас бұрын, аталған аумақтағы тұрғын үйлердің барлығы арнайы тексеруден өткен. Техникалық зерттеулер нәтижесінде үйлердің құрылысқа төтеп бере алатыны анықталған.
– Түсінеміз, тұрғындар үшін құрылыс жұмыстары кейде қолайсыздық тудырады. Алайда бұл уақытша құбылыс. Ең бастысы жоба қаланың болашағы үшін аса маңызды. Бүгінгі қиындық – ертеңгі игілік, – дейді әкім орынбасары.
Құрылысқа байланысты кейбір әлеуметтік нысандар да жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Мәселен, Абай даңғылы бойындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен Глазунов атындағы офтальмологиялық клиника жабылды. Нысандардың қызметіне үйреніп қалған тұрғындар үшін бұл жағдай қолайсыздық тудырғанымен, жоба аяқталған соң, ауданда жаңа инфрақұрылым, заманауи мекемелер бой көтереді деп күтілуде.
Жобаға қатысты қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының пікірі де екіұдай. Дегенмен, көпшілік құрылыстың болашағына сеніммен қарайды. Тараздық кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Сержан Қайырбеков аспалы көпірдің тарихи маңызы бар екенін айтады.
– Қалада теміржолдың арғы бетінде орналасқан аудан бұрын «Оторвановка» деп аталып келген. Себебі орталықпен байланыстың болмауы ауданды шаһардан оқшаулап тастаған еді. Енді жаңа аспалы көпір сол ауданды қаланың ажырамас бөлігіне айналдырады. Иә, кей тұрғындар үшін бұл құрылыс уақытша қиындық әкелуі мүмкін. Бірақ жүздеген мың тараздық үшін бұл үлкен жеңіс. Қала үшін ең бастысы – болашаққа бағытталған нақты қадамдар, – дейді ол.
Жобаның жүзеге асуы Мемлекет басшысының бастамаларымен де тығыз байланысты. Жыл басында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистика жүйесін жаңғырту стратегиялық басымдық екенін атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында 2025 жылы Жамбыл облысында 181 жол инфрақұрылымы жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл мақсатқа 23,6 миллиард теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 444,6 шақырым жол орташа жөндеуден өтсе, 8 шақырым қайта жаңартылады. Сонымен қатар, Тараз қаласының төрт ірі тұрғын ауданында көшелерге асфальт төселмек.
Түйіндей айтқанда, Тараздағы аспалы көпір – жай ғана көлік өткелі емес. Ол қаланың келбетін өзгертетін, оның тұтастығын қамтамасыз ететін, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын ауқымды жоба. Қазіргі қиындықтар уақыт өте артта қалып, Тараз заманауи, үйлесімді инфрақұрылымы бар үлкен қалаға айналмақ.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Тараз қаласы