Түрмеде босанған Жансұлудың жазығы не?

Түрмеде босанған Жансұлудың жазығы не?

Редактордың айтары бар

Жансұлу деген кім? Алдымен осы мәселені анықтап алайық. Бұл қарындасымызды көңіл көзі қарақты оқырмандар жақсы білуі тиіс. Оның басынан кешкен оқиғасы ғаламторды дүр сілкіндіріп, зор талқыға түсті. Негізінен, оны қазақы көңілді, тіл, ұлт жанашырлары қолдады. Оның түрмеден босануын талап етті. Алайда әлі де ұйықтап жүрген жандар үшін оның неге түрмеге түскені туралы қысқаша айта кетелік. Жансұлу Дарханбаева Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны. Мамандығы – мұғалім. Осы жылдың 20 мамырында қылмыстық кодекстің «ұлтаралық араздықты қоздыру» (174 бап) бабы бойынша екі жылға сотталған. Осылай «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, аяғы ауыр Жансұлу түрмеге қамалады. Көп ұзамай толғақ қысып, жедел түрде перзентханаға жіберіледі. Босанады.

          Ұстаз, жас ана Жансұлу не үшін сотталды? Сот оған «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген бап берді. Негізінен, әу бастан Жансұлу ұлтының тағдырына жан дүниесімен алаңдайтын жан. Мектепте мұғалім болып жүргенде-ақ ана тілін қызғыштай қорғап, насихаттаған жанашыр азаматша. Мектеп директоры болғанда да мемлекеттік тілді білмейтіндерге қамқорлық жасайды. Бұл әрекеті кейбіреулерге ұнамайды да, білім басқармасына арыз түсіреді. Өз ісінің дұрыстығына сенген Жансұлу тіл үшін күресін жалғастыра береді. Әрине, бұл әрекетіне бола ол сотталған жоқ. Бірақ көп қысастық көреді. Күрескер ана осы жылдың қаңтарында Тик-ток әлеуметтік желісінде бейнежазба жариялайды. Ресейдің Қазақстаннан жалға алған жерлерінің мерзімі аяқталғанын айтып оның президенті Путиннен сол аймақтарды қайтаруды талап етеді. «Егер жерді қайтармасаңдар, о дүниеден хабар күтіңдер!» деп Жансұлу айтып салады. Осы сөз Жансұлуға бәле болып жабысады. Ісі сотқа беріледі. Айыптау құжатында осы сөздер «орыс ұлтын қорлайтын сипатта» екендігі айтылып, қайран қарындасымыз айдың-күннің аманында 2 жылға сотталып кете барады. Жансұлу кешірім сұрайды. Аяғы ауыр келіншектің жазасы жеңілдетілмейді.

          Жансұлудың адвокаты Ардақ Батиеваның мына қорғау сөзін келтірейік. «Жансұлудың ісінде ұлтаралық алауыздықты қоздыру фактісі бар деп айта алмаймын. Оның бар айтқаны Путинге қарата «біздің жерімізді қайтар, жалға алған уақыты бітті, қайтармасаң, Аллаға тапсырдым» дегені. Шынын айтқанда, мұндай мәселе бұған дейін де қайталанған. Орыстардың өздері де «Алматы – біздің жер» деп айтып жатады...

          Иә, адвокат дұрыс айтады. Біздің солтүстігімізді де олар иемденіп, оны қайтарамыз деп айтып жатқандар жетеді. Оларды неге соттамайды? Әрине, осындай сөздерді айтқандардың кейбіреулерін соттады. Бірақ Н.Сечугов деген біреу: «Қостанай – Ресейдің жері және бұл жерді он жыл ішінде қайтарып алады!» – деп доқ көрсетті. Бірақ ол сотталмай-ақ тайраңдап жүр. Жалпы, соңғы кездері жерімізді, тілімізді қорғау мүмкіндігінен айырылып барамыз. Қит етсе жоғарыдағы баптарды алдымызға тартып, сотқа беретінді шығарды. Сонда біз енді не істеуіміз керек? Іштей тұншығып, құсадан өлеміз бе?

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ 

07.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15118
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15023
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30159
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28777
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32345