АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістанға кедендік баж салығын «айтарлықтай» арттыратынын айтты, бұл екі ел арасында қалыптаса бастаған байланыстарға сызат түсіруі мүмкін дейді сарапшылар. Трамп 4 тамыз күні әлеуметтік желідегі парақшасында осы мәселені қозғады.
«Үндістан қазір Ресейдің мұнайын көптеп сатып алып, оны пайдасына қайта сатып отыр. Оларға ресейлік соғыс машиналарының қанша украиндықты өлтіргені маңызды емес. Сондықтан мен Үндістанның Америка Құрама Штаттарына төлейтін тарифтерін айтарлықтай арттырамын. Осы мәселеге назар аударғаныңызға рақмет!» – деді АҚШ Президенті.
Ол тарифтік мөлшерлемені қанша пайызға көтеретінін және оның қашан күшіне енетінін ашып айтқан жоқ. АҚШ үкіметінің деректеріне сәйкес, Америка Құрама Штаттары 2024 жылы Үндістаннан 87,4 миллиард долларға тауар импорттаған.
Дүйсенбі күні кешке Үндістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Рандхир Джайсвал мәлімдеме жариялап, АҚШ пен Еуропа елдерінің Үндістан Ресей-Украина қақтығысынан кейін де ресейлік мұнайды импорттап, оны қайта сатып пайда көріп отыр деген айыптауларының барлығы негізсіз деп атады. Ол мәлімдемесінде Нью-Делидің Ресеймен жасап отырған импорты «үндістандық тұтынушылар үшін болжамды және қолжетімді энергия шығындарын қамтамасыз етуге арналған» деді.
– Бұл тұрғыда Үндістанды нысанаға алу негізсіз және әділетсіз! Үндістанның ресейлік мұнайды сатып алуға ауысуы «шын мәнінде мәжбүрлі таңдау» болды. Кез келген ірі экономика сияқты, Үндістан өзінің ұлттық мүдделері мен экономикалық қауіпсіздігін сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды, – деді.
АҚШ Президентінің өз мүдделерін қорғау үшін шетелден келетін тауарларға қарата кедендік баж салығын көтеру бастамасы көптеген елдерді әбігерге салғаны белгілі. Осы өзгерістерден кейін АҚШ пен Үндістан сауда келіссөздерінің бірнеше раундтарын өткізген еді. Бірақ Үндістанның АҚШ-қа жекізіп отырған ауылшаруашылығы мен сүт өнімдеріне қарата тарифтік жеңілдіктер беру туралы өтінішіне АҚШ Үкіметі келіспеген болатын. 2025 жылы 31 шілдеде АҚШ жариялаған 69 сауда серіктесі үшін тарифтік мөлшерлемеге сәйкес, АҚШ-қа экспортталатын үнді тауарларына 25% баж салығы салынатыны белгілі болды.