Төлеген Ильяшев – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жазушы-сатирик, карикатурист-суретші. Ол 1950 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тамамдаған. Содан №12 мектепте, Политехникалық институтының сәулет факультетінде дәріс берген. 1980 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке келіп, 1991 жылы «Ана тілі» газетіне ауысады. 2004-2014 жылдар аралығында «Қазақстан-ZAMAN» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарған.
2007 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша «Алдардың арманы», 2013 жылы «Тер» деген кітаптары жарық көрген.
«Мектепте жүргенде-ақ газетке махаббатым ауған»
– Мерейтой құтты болсын, ағасы! Жалпы өзіңіз туған күндерді тойлауға қалай қарайсыз?
– Рақмет! Жалпы атам қазақ бұрыннан оны тойламаған ғой. Негізі туған күн, мерейтойларды тойлау ата-бабамыздан келе жатқан салт емес. Бірақ мүшел жасқа қатты мән берген. Адам мүшелге толғанда ырымдап, киімін, сүйікті затын таратқан. Бірақ біздің ақын-жазушы, өнер адамдары мерейтойларын тойлап, өздерінің шығармашылық кештерін өткізіп жүр. Заманына қарай бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Артына қарап «мен осы уақытқа дейін не бітірдім?» деп есеп береді, толғанады, ойланады дегендей... Шығармашылық адамы ретінде енді өз басым тойлауға қарсы емеспін. Атап беру ниетім бар.
– Қазақтың өр ақыны Иса Байзақовтың ауылында, асау Ертістің жағасында дүниеге келіпсіз. 75 жастың шыңында тұрып балалық шағыңыздың қандай қызықтарын еске алар едіңіз?
– Сөзіңіз орынды. Иә, мен Павлодар облысының Ертіс ауданында дүниеге келіппін. Талантты ақын Иса бабамыздың ұрпақтарымыз. Бала кезде арман көп болады ғой. Баланың аты бала дегендей, сабақтан қолымыз қалт етсек жазда доп тeуіп, балық аулаймыз. Ал қыста шаңғы тебуден қол босамайды. 5-сыныпта оқып жүрген кезімде ақын болуды армандап, 1 дәптер өлең жазғаным бар. «Шығармашылығым» сынға ұшыраған соң, менен ақын шықпайды екен деп, сурет салуға машықтандым. Бұл жолы талабым мен талантым бағаланып, мектептің қабырға газетінің редакциясына мүшелікке қабылдандым. Кейін келе аэроплан жасайтын конструктор болуды да армандадым. Сызу сабағынан үздік баға алып жүрдім, бірақ математика мен физикаға келгенде ойдағыдай болмай шықты. Сол қабырға газетін шығарып жүре бердім. Бір қызығы, институтта оқып жүргенімде де «Педагог» газетінде фототілші болдым. Сөйтіп ақырында бар өмірімді газетке арнадым. Олай дейтінім, мектептен бастап-ақ өмірім газетпен тығыз байланысты болды. Негізі «адамның маңдайына не жазылса, сол болады» дейді ғой. Соған қарағанда, мен журналистиканы емес, журналистика мені таңдаған сияқты....
Балалық шақта талай қызық өтті ғой. Мектепте 5-сыныпта оқып жүрген кезім. Бала болған соң кейде ары-бері жүгіріп, балалармен алысып бұзықтық жасап қоясың. Сондай күндердің бірінде әдебиет пәнінен беретін мұғалім менен «қабырға газетін шығаруға көмектесші» деп өтінді. Мен еш қарсылық білдірмей, келісе кеттім. Апайым: «Төлеген, газеттің бетіне сыныптың ішінде жүгіріп, шаңдатып жүрген баланың суретін салшы», – деді. Мен бүкіл жан-тәніммен беріліп отырып, апайдың тапсырмасын орындадым. Мұғалім салған суретіме қарап тұрып, бір кезде: «Мына баланың аяғын партадан секірейін деп тұрғандай етіп қойшы», – дейді. Оны да қатырып салып бердім. Мұғалімім маған риза болып, жымиды да, «үйге қайта бер» деді. Ертеңінде мектепке келсем, оқушылардың барлығы ілулі тұрған қабырға газетінің жанында үйіліп алып, бір нәрселерді жапырлап оқып жатыр. Бұл не болды екен деп, мен де көрейін деп жандарына барсам, бәрі маған қарап, шуылдасып күле бастады. Мен ештеңеге түсінбестен қабырғаға қарасам, кешегі өзім салған газет, сондағы бейнелеген бұзақы бала өзім болып шықтым. Суреттің астында «Төлеген! Әрі-бері жүгіріп, класты шаңға бөлеген» деген әзіл шумақтары жазылыпты... Әй, сондағы қатты ұялғаным-ай!..
– Сатирик, суретші ретінде жан-жағыңызға көңіл көзіңізбен жиі жіті қарайтыныңызды жақсы білеміз. Негізінен қай тақырыптарды қозғайсыз? Еліміз қиын жағдайда отырған шақта тығырықтан қалай алып шығуға болады деп ойлайсыз?
– Мен негізінен қоғамдағы өзекті мәселелерді, орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларды қозғауға тырысам. Әсіресе еліміз осындай қиын шақта абдырап, қиналып жатқан кезеңде жемқорлық, жұмыссыздық, кедейшілік, ысырапшылдық, мансапқорлық сияқты мәселелерді шенеп, өзімнің карикатура мен сатираларымды қару етіп қарсы қолданғанды жақсы көрем. Жеңіл әзілдер мен сықақ, шымшымалар жазам, карикатуралар салам, осының бәрі қосыла келе сатира әлеміндегі бір күшке айналады. Әрине, мұның бәрі сырт көзбен бір қарағанда жеңіл әзіл сияқты, алайда түсіне білген жанға іштей үлкен проблемаларды көтеріп тұрады. Сатира жазба сын болса, карикатура сызба түрінде беріледі.
Әлі күнге дейін есімде, сексенінші жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бір карикатурам шықты. Сол кезде «Жетісу» деген аяқкиім фабрикасы болды, өнімдері өте нашар, сапасы төмен, біраз уақыттан кейін аяқкиімдерінің ауыздары ашылып кететін. Соны сынағым келіп, басы ашылып, шегелері шығып кеткен, мыжырайған аяқ киімді салдым да, жанына әйелдің әдемі жылтыраған туфлиін салып қойдым. Сонда мыжырайған аяқ киімнің аузына «қарындас, өзіңіз сұлу екенсіз, қай жақтан боласыз?» деген сөзді салып қойдым. Туфли: «Мен Чехословакияданмын, өзіңіз ше?» – дейді. Ал анау аузы ырсиған күйі: «Ал мен «Жетісу» фабрикасынан боламын», – дейді. Міне, сол кездегі өзекті проблеманың бірін осылай әзілмен астарлап жеткізген едім. Әлі де карикатура салам, әзіл-сықақ әңгімелер жазам, жазған-сызғандарымды жинақтап, 4 кітап шығардым. «Алдардың арманы» деген алғашқы кітабымды министрліктің өзі шығарып берді. Содан кейін де еңбектерім біртіндеп оқырмандарына жол тартты ғой.
Оқырман жүрегіне жол табу журналиске сын
– Өзіңіз мықты-мықты газетте тәжірибелі редакторлардың қарамағында үлгілі қызмет істепсіз. Газеттің жақсы шығып, елге кең таралып, оқырмандарын табуы үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Алғашқы еңбек жолым «Қазақ әдебиеті» газетінде басталып, бас редакторым Шерхан Мұртаза болды. Ол өзі ештеңеден ықпайтын, өте азулы редактор еді. Бет-жүзің бар демей, тек әділдікті талап ететін. Одан кейін «Ана тілі» газетінде Жарылқап Бейсенбайдың қарамағында істедім. Ол Ғылым академиясында шежіремен айналысты. Істің барысын білетін тәжірибелі редактор болды. Содан соң «Қазақстан-ZAMAN» басылымында Ертай Айғалиұлымен бірге қызметтес болдық. Қазіргі ««Qazaqstan dauiri»» газетіне Ерекеңнің сіңірген еңбегі зор десе де болады. Әлі де істеп келеді. Газетті көтеріп, таралымын 20 мыңға дейін жеткіздік. Оқырмандардың жүрегіне жол табу және оларды өздеріне тартып, қызықтыра білу үшін газет қызметкерлері зор еңбек сіңіру қажет. Тың тақырыптар тауып, тың дүниелер шығару қиынның қиыны. Ол үшін ерінбей, тынбай ізденіп еңбектену керек. Бұл әсіресе жас журналистерге қатысты.
– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, шәкірттеріңіз бар шығар. Ал балаларыңыз сіздің өнеріңізді жалғастырып жатыр ма?
– Шәкірттерім баршылық. Алысқа бармай-ақ өздеріңізде жұмыс істеп жатқан дизайнер Гүлшат Бақытжанқызын айтар едім. Ол студенттік кезеңде алғаш бізден тәлімгерліктен өтті. Жұмысқа тұрды. Сол уақытта алдында жұмыс істеген қызымыз тұрмысқа шығып кетті. Орнына Гүлшатты баулып үйреттік. Алдымен бет қаттауға, макетке отырғыздық. Газеттің бетін қалай істеу, бір бетке қанша жол кетеді, тақырыптарды, суретті қалай таңдап қою керектігін үйреттік. Қазір шүкір, белді маман, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі. Балаларымның ішінде Дәурен архитектор, өнерге жақын. Қызым Жанар да суретші мамандығын таңдады, жұмысын істеп жүр.
– Қазір зейнет демалысындасыз. Бұрында сізді адамның ойына келмейтін өсімдіктер, жеміс ағаштарын өсіреді деп еститінбіз. Бұл хоббиыңызды әлі жалғастырып жүрсіз бе?
– Иә, жер үйде тұрған соң бау-бақшамен айналысып, жеміс ағаштарын еккің келеді. Ол жерді пайдаланбаса обал. Ең алғаш інжір ағашын отырғызып көрейін дедім. Шымкент жақтан алдырдым. Ертай досым да үйіне алып кеткен. Бірақ өсіре алды ма, білмеймін. Менікі өсіп, жемісін жұмысқа әкеп, әріптестеріме жегіздім. Інжірге балаша күтім керек екен. Суықта орап қоймасаң, үсіп кетеді. Одан соң фундук, айва ектім. Бірақ айва піскенде оны қалай пайдаланатынын білмедік. Әйтеуір ғаламторға қарап тоспа әзірледік. Бізге ұнамады. Содан банан ектім. Грузиннің «Когда цветут миндали» деген фильмін көріп, миндал еккім келді. Оның да жемісін көріп жатырмын. Өзімізде өсетін өрік, шие, алманы айтпай-ақ қояйын. Міне, менің сүйікті ісім, хоббиім осы десе де болады.
– Соңғы сауалымыз бала жанының бағбаны, бірнеше балабақшаның меңгерушісі болған Гүлсім жеңгеміз жайлы. Ол кісімен қалай таныстыңыз?
– Жеңгеңмен университет қабырғасында жүргенде таныстық. Өз арасында староста болған белсенді де пысық, әдемі қызға жақындауға батылым жетпей жүрді. Содан сылтау тауып бөлмесіне іздеп барып әйтеуір танысып алдық қой. Иә, көп жылдар бойы мемлекеттік балабақшаларда, кейін «Гауһар» оқу-тәрбие орталығының меңгерушісі болып істеді. Жекеменшік балабақша ашып алып, бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие берумен айналысты. Гүлсімнің бір қасиеті бала десе ішкен асын жерге қоятын өте балажан. Көшеден бір баланы көрсе, сонымен балаша сөйлесіп кетеді. Сол әдетін әлі тастай алмай жүр.
– Төлеген аға, сізді тағы да мерейтойыңызбен құттықтай отырып, бақыттың базарында, Алланың назарында болып, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз демекпіз. Әлі де қолыңыздан қаламыңыз түспей, шабытыңыз шалқи берсін!
– Әумин, рақмет! «Күлкі өмірді ұзартады» дейді. Сондықтан, оқырмандарыма езулеріңізден күлкі кетпей, жүз жасаңыздар деген тілегім бар.
Сұхбаттасқан –
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ