Тәртіпке бағынған бала жаман болмас

Тәртіпке бағынған бала жаман болмас

 

  Қазіргі заманғы балалар контенті дегеніміз – тек ойын-сауық емес, тұлға қалыптастырушы құрал болып саналады. Бұл баланың мінез-құлқына, тіліне, ойлау өрісіне  әсер ететін маңызды күш. Осыған орай заманауи контент жасайтындар сапасы мен мағынасына көңіл бөлгені жөн.  Қазіргі балалар контенті танымдық, тәрбиелік әрі қауіпсіз болуы керек. Контент арқылы бала әдемі анимациялар көреді, ертегі тыңдап, әртүрлі кейіпкерлермен танысады. Бұл оның сана-сезіміне, болашақ мінез-құлқына, тіпті дүниетанымына әсер етеді. Жақында редакциямызға Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлыдан хат келді. Тақырып балалар контенті жайында. Осыған байланысты балалардың тәрбиесі жөнінде көкейтесті мәселе көтеріп, өз ой-пікірін ортаға салыпты. Сол мақаладан үзінді берсек.                                        

  «Балалардың агрессия мен кибербуллингке тап болуы, жасына сай емес контенттерді көруі жүйкесіне, мінезіне, өміріне әсерін тигізеді. Бәрінен бұрын, ғаламтордың қасіреті – соған тәуелді болуы. Сол үшін әрбір ата-анаға ұсынарым – баламен үнемі ашық сөйлесіп, жиі диалог құрып, түсінігіне сай интернеттің пайдасы мен зиянын айтып, дұрыс қолдануға бағыттаса екен деймін. Тіпті, қолдану уақытына шектеу қою, қауіпсіздік фильтрін орнату немесе қажет болғанда қолдану, не болмаса бірге пайдалану да артық емес. Мұндайда ата-ананың өзі телефонға үйір болмауы – балаға үлгі.

  Үйдегі бала интернетті қолдану ретін білмесе, демек, отбасында тәртіп жоқ деген сөз. Сол үшін, ғаламтор уақытына шектеу қою керек, яғни сабағына қажет материалды іздеп табуға 40 минут, 1 сағат жеткілікті. Ал жасөспірім мен жеткіншекке 1,5 сағат әрі жауапкершілікке үйренгені жөн. Сондай-ақ, жеке деректерді жарияламау, белгісіз сілтемеге өтпеу, бөгде адаммен сөйлеспеу, кибербуллинг, жалған ақпарат туралы білуі тиіс. Кибербуллинг – интернет арқылы біреуді мазақтау, қорлау, қорқыту, мұны баланың өзі жасамауы әрі соған ұрынбауы керек. Себебі, жарақаты дерттен де ауыр, өз-өзіне қол жұмсауына ықтимал. Мұның бәрі баланың қауіпсіздігі үшін жасайтын ата-ананың жауапкершілігі. Сол сияқты, бозбаланың интернетті пайдалануы дұрыс, бірақ саналы қолданушыға айналуы үшін бәрібір қадағалауды қажет етеді, 2 сағат жеткілікті. Дәл осы тұста ата-ана мен бала арасында жалған сұлулық, алаяқтық схемалар, ақпаратты сүзгіден өткізу, сыни көзқараспен қарау бағытында пікір алмасулар өте-өте қажет. Және ең бастысы, интернет досы, дұшпаны, ұстазы, сөйлеп тұрған тірі адам емес, бар болғаны нейрожелі екенін ұғынғаны жөн.

     Ал енді түнімен түрлі әлеуметтік желіге жіпсіз байланатын ұрпағымызға ұлағат болатындай өзіміз қандай амалдамыз? Мысалы, бала әкесінің бір ісін, анасының бір қылығын іліп алады, ағасына еліктейді, інісінен үйренеді, яғни бала келешегіне қажетті эмоцияны отбасынан алады. Мысалы, кешкі дастарқан басында тірі әңгімелер айтылса, бала телефонға, теледидарға емес, әкесіне қарап, кітапқа үңілер еді. Ал әке-шеше кітап оқыса, бала білімде жарыскер, ғылымда жеңіскер болар еді. Телефон уақытын шектеу отбасының дәстүріне айналса, бала оны тыйым емес, тәртіп дер еді. Ақылды, ойлы әңгімемен, әсерлі хикаямен, тамаша оқиғамен, керемет мысалдармен жеткізсе, балаға бұл сіңімдірек әрі өтімдірек болар еді. Бос уақытты баламен бірге жоспарласа, қызықты, пайдалы, алуан түрлі етсе, спорт, қолөнер, театр, тағы басқамен толтырса, телефонға уақыт қалмас еді. Ата-ана күніге таң мен кеште алақан жайып, Құдайына қайырылып, дұғасын жасаса, барына шүкірлік етсе, үй іші бұған да дағдыланар еді. Яғни баланың рухына қорек беретін ата-ананың жанды, мәнді істері – баланың өміріне ұлы тәжірибе. Сондықтан, баламыздың өмірі экранның алдында өтпесін, ағайын, бұл уақыт қайтып оралмайтын жел тәрізді.

Балалар контентін көбейту керек пе, әлде телефоннан толық ажыратқан дұрыс па? Қазір бала түгілі, үлкендер телефоннан ажырамайды. Өйткені, сан алуан ақпараттардың көзі, оқу, білім, ғылым, таным, жер жаһанмен байланысу осы телефонда болып тұр. Сананы жаулап, тартымды дүниеге айналғаны сонша, таңнан тықылдап оятады, түннің бір уағына дейін көз майын тауысады. Өзі сағат, күнтізбе, фотоаппарат, банк, кітапхана, жұмыс, әйтеуір бесаспап. Ақпаратты заматында зу еткізеді, ағайынмен демде байланыстырады, қарым-қатынасты жеңілдетеді, түрлі деңгейдегі қызметтері тағы бар. Бірақ, уақытты жұтады, көзді құртады, ойлаудан қалдырады, меңіреу етеді, осы жағын да ескерген жөн. Олай болса, телефоннан қалай алыстаймыз, не істеу керек? Телефонға байланатын өзіміз, онымен қарым-қатынасты реттейтін де өзіміз. Яғни телефонды бір жаққа ысыру, оған уақыт арнамау, түрлі әлеуметтік желіге кірмеу, ояна сала телефонға жүгірмеу, отбасымен таңғы ас ішу, сабаққа, жұмысқа дайындалу, кешкі аста өткізген күнді бөлісу, хал-жағдай білісу, ертеңді жоспарлау, телефонды өшіріп жату – тәртіп. Сондай-ақ, шынайы қарым-қатынасқа көшу отбасына өзгеріс әкеледі, яғни бос уақытта ағайын-туыспен араласу, үйлеріне бару, кемтігіне жәрдемдесу, шаруаларына көмек беру, ұйымшылдық таныту – балаға өнеге. Кем дегенде, аптаның екі күнін телефонсыз өткізу – миды тынықтыру, «телефонсыз мүмкін емес» деген ойды санадан өшіру, тәуелді болмауға қадам жасау. Әрине, «Баланы заманына қарай өсір» деген тағылымды да ұмытпағанымыз жөн. Сол үшін, балаға интернетті дұрыс пайдалануды үйрету әлдеқайда абзал. Мұндайда сапалы рухани контенттерді көбейткен дұрыс. Әсіресе, қазақ тілді мультфильм, ертегі, мәнді бағдарлама, танымдық ойындардың көбірек болғанын құптаймын. Бәрінен бұрын, балаға шынайы өмірді маңызды етіп көрсету. Мысалы, спортқа бұру, суда жүзу, қазақша күрес, қашықтыққа жүгіру, садақ керу, жамбы ату, бәйгеге шабу, көкпар тартысу, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық атысу. Сондай-ақ, табиғатқа шығу, таза ауада серуендеу, сурет салу, әуен тыңдау, өлең оқу, ән айту, домбыра шерту, өнерге тарту. Осы жерде ескеретін мәселе – баланы еңбекке баулу. Бұл баланың келешегіне аса қажет, осыған мән беру керек. Демек, ана тілінде сөйлейтін, салт-дәстүрді дамытатын, әдеп-ғұрыпты жалғайтын, білімді, білікті, дарынды, талантты, жан-жақты ұрпақ өсіру үшін интернеттің аса бір қажеті шамалы. Сондықтан, қадірменді әке мен құрметті аналар, тал шыбықты егетін өзіміз, оны түзу өсіретін де өзіміз. Ұрпағымыз ұлы дүниелердің басында болсын, ағайын!»

  Иә, автор дұрыс айтып отыр. Балаларға арналған материалдар ұлттық болмысты, әділдік пен еңбексүйгіштікті, отбасылық жылылықты, мейірім мен достықты насихаттауы қажет. Ұлттың рухани іргетасын қазақы танымға лайықтап жасаған  мультфильмдер мен комикстер, анимациялық роликтер мен ойындар бекітпек. Сондай-ақ қазіргі балалар контенті балаға өз ойын ашық айтып, анық жеткізуге, пікірін айтуға, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беруі тиіс. Сөз соңында айтарымыз, ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияны байланыстырып, балаларға арнап қызықты да пайдасы мол  контент жасау – бүгінгі қоғамымыздың  басты міндеттері болып табылмақ.

Шаргүл Қасымханқызы
13.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144