Қазақ даласының қойнауында ғасырлар үнін сақтап қалған көне Тараз – уақытпен үндесіп, тамыры терең тарихын алға қарай ілгерілетіп келе жатқан шаһар. Көне мен жаңаның, тарих пен болашақтың тоғысқан жері саналатын бұл қала соңғы жылдары тың серпінмен түлеп келеді. Көне қаланың әр көшесінен, әр бұрышынан даму мен жаңғырудың лебі сезіледі. Тараз бүгінде тек тарихи-мәдени орталық емес, сонымен қатар заманауи инфрақұрылымы қалыптасқан, болашаққа нық қадам басқан мегаполиске айналуға сенімді ұмтылыс жасап келеді.
Қала тіршілігінің өзегіне айналған ең маңызды бағыттардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Соңғы үш жылда қалада тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында ауқымды жобалар қолға алынып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Қазірдің өзінде Таразда 48 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде 8-і биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілсе, тағы 39-ы жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылады деп күтілуде. Бұл үйлердің бірқатары «Әулие-Ата» және «Ұлы дала» шағынаудандарында бой көтеруде. Әсіресе, «Әулие-Атада» 5 қабатты 22 тұрғын үйдің салынуы жаңа бір ықшамауданды қалыптастырса, сол үйлерге инфрақұрылым жеткізу жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Бүгінде шағынауданның аумағында 145 тұрғын үй салу көзделген, оның 64-і – таунхаус үлгісіндегі, 81-і – көпқабатты. Сонымен қатар, бұл жерде 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпбейінді аурухана, инновациялық шығармашылық орталығы, спорттық-сауықтыру кешені, салтанат сарайы, тұрғындарға қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толықтай қарастырылып отыр. Мұндай кешенді тәсіл – тек құрылыс емес, өмір сүру сапасының артуына бағытталған жаңа көзқарас.
Ал «Ұлы дала» шағынауданы да осы үрдістен қалыс қалған жоқ. Мұнда 22 көпқабатты үй салынуда. Оның төртеуі арендалық, 18-і кредиттік негізде беріледі. Осылайша, баспананың қолжетімділігі артып, әсіресе жас отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға үлкен мүмкіндік туып отыр. Бұған қоса, №16 шағынауданда да 5 қабатты 4 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әр үйде 180 пәтер болады деп жоспарланған. Бұл аудандағы үйлердің қасбеті мен шатырлары да жаңартылып, эстетикалық талаптарға сай безендірілуде. 2024 жылға арналған жоспар бойынша осы шағынауданда тағы 66 үй салу көзделген.
Қаланың болашағы ретінде қарастырылып отырған «Қарасай» шағынауданының егжей-тегжейлі жоспары дайындалып, ауқымды құрылыс жобалары пысықталуда. Мұнда 158 тұрғын үй, 3 мектеп, 3 балабақша, медициналық мекемелер, спорт кешені, сауда үйлері, ХҚКО, полиция бөлімшесі мен заманауи бизнес-орталықтар бой көтереді. Жаңа ауданға қажетті магистралды инженерлік инфрақұрылым – су, кәріз, жылу, электр және байланыс желілерін жеткізу бойынша да жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл тек құрылыс емес, қаланың аумақтық шекарасын кеңейту мен урбанистік құрылымын жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі.
Қала дамуы тек тұрғын үймен шектелмейтіні анық. Тараз көшелеріндегі жарық шамдарының жаңартылуы мен жаңадан орнатылуы тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда. 2024 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен қалалық бюджеттен бөлінген 368 миллион теңгеге 10 шағынаудандағы көпқабатты үйлер аулалары жарықтандырылды. Нақтырақ айтсақ, 353 аула, 79 кіреберіс жол мен 44 359 тұрғын жарық шамдарымен қамтылды. Бұл – түнгі уақытта қауіпсіздік деңгейінің артуы мен қала мәдениетінің өркендеуі деген сөз.
Сонымен бірге, Сейфуллин көшесі мен Жамбыл даңғылы бойындағы жаяу жүргінші жолдарына да жарық шамдары орнатылды. Алдағы уақытта тағы да 85 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Бұл жоба 44 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын арттырады деп күтілуде.
Инфрақұрылымның ажырамас бөлігі – жол мәселесі де назардан тыс қалмай келеді. Жол – өркениетке апарар жол десек, Тараз бұл бағытта да айтарлықтай ілгерілеуде. Биыл жалпы ұзындығы 61,4 шақырымды құрайтын 95 көше мен бұрылыс, тұйықтарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазірдің өзінде 37 көшеде құрылыс басталып кетті. Сонымен қатар, 100 көшеге шағалтас төсеу және 20 тұрғын алқапта ұзындығы 34,6 шақырым болатын 170 жаяу жүргінші жолын орнату жоспарланған. Бұл – тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетіп, қаланың келбетіне көрік қосатын жобалар.
Тараз қаласында атқарылып жатқан бұл игі істер – кешегі күннің жетістігі ғана емес, келешектің негізін қалап жатқан маңызды үдерістер. Қаланы көркейтуге бағытталған кешенді бағдарламалар мен нақты жобалар – халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, қалаға деген сүйіспеншілікті тереңдете түседі. Әр тұрғынның өмір сүруге қолайлы ортасы болуы – жергілікті билік пен қоғамның ортақ мақсаты. Осы мақсат жолында атқарылып жатқан әрбір қадам – кемел келешекке бастар сенімді баспалдақ.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Тараз қаласы