Тарихы терең, тамыры мыңжылдықтарға жалғасқан Тараз бүгінде тек өткеннің шежіресін сақтаған көне шаһар ғана емес, заман талабына сай жаңарып, келбеті көркейіп келе жатқан заманауи қалаға айналып келеді. Қаланың сәулеттік келбетін жаңғырту, туристік әлеуетін арттыру, санитариялық тазалықты күшейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар - осының айқын дәлелі. Өйткені туристі ең алдымен тарихи ескерткіштердің көптігі ғана емес, қаланың тазалығы, көркі мен жайлылығы қызықтырады. Ал тұрғын үшін туған қаласының көркеюі - жай ғана өзгеріс емес, өмір сапасының жақсаруы.
Жуырда Таразда жаңа туристік нысан – «ZERBULAQ» қонақ үй кешенінің пайдалануға берілуі өңірдегі туризм саласының дамуындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан бұл жоба кәсіпкерліктің дамуына ғана емес, қаланың туристік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам ретінде бағалануда.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова мұндай заманауи нысандардың Тараздың туристік әлеуетін арттырудағы маңызына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, жеке инвестиция арқылы бой көтерген жобалар өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын кешен қала тұрғындары мен қонақтарына жан-жақты қызмет көрсетуге бағытталған.
Мұнда халықаралық талаптарға сай жабдықталған қонақ үй бөлмелері, аквапарк, балалар мен ересектерге арналған демалыс аймақтары, ойын-сауық орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары және түрлі сервистік қызметтер қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, бұл кешен Таразға келген туристің де, демалысын туған қаласында өткізгісі келетін тұрғынның да сұранысын қанағаттандыратын заманауи демалыс орталығына айналмақ.
Туризм – бүгінгі таңда әлемдік экономиканың маңызды салаларының бірі. Сондықтан туристерді қызықтыратын жаңа нысандардың көбеюі – қала экономикасына қосылған инвестиция ғана емес, өңірдің танымалдылығын арттыратын маңызды фактор.
Қонақ үй кешенінің іске қосылуы Тараздың тарихи мұрасын қазіргі заманғы сервистік қызметпен ұштастыруға жасалған сәтті қадам деуге болады. Алайда туристік тартымдылық тек жаңа нысандардың салынуымен өлшенбейді. Қалаға келген қонақтың алғашқы әсері – көшенің тазалығы, қоғамдық кеңістіктің ұқыптылығы, жасыл желектің жайқалуы мен тұрғындардың мәдениеті. Сондықтан туризм мен тазалық – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы мақсатта Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидаларын іске асыру, санитариялық тазалықты сақтау және қаланың көркін арттыру мәселелері жан-жақты қаралды.
Кеңесте жаңа қағидалардың негізгі талаптары талқыланып, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстаудың бірыңғай тәртібін қалыптастыру, санитариялық жағдайды жақсарту, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта жасау бағытындағы міндеттер нақтыланды. Бұл – қаланы абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге негіз болатын маңызды қадамдардың бірі. Әулиеата және Жібек жолы аудандары әкімдерінің баяндамаларында санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және тұрғындармен кері байланысты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған нақты жоспарлар таныстырылып, олардың орындалу тетіктері айқындалды.
Жиын барысында қала аумағындағы тазалықты сақтау, қоғамдық орындарды ұқыпты пайдалану, жасыл аймақтарды көбейту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері ерекше назарға алынды.
Өйткені көрікті қала кездейсоқ қалыптаспайды. Оның әр көшесінің тазалығы, әр саябағының күтімі, әр гүлінің жайқалуы –күнделікті жүйелі еңбектің нәтижесі.
Қала әкімі жауапты сала басшыларына мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы ұйымдастыруды, жоспарланған жобаларды кешіктірмей жүзеге асыруды және бюджет қаражатының тиімді игерілуін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрекет ету, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту және абаттандыру жұмыстарының сапасына тұрақты мониторинг жүргізу міндеттелді. Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, туризмнің табысты дамуы ең алдымен қаланың тазалығы мен жайлылығына байланысты. Тарихи мұра қаншалықты бай болғанымен, егер қала келбеті талапқа сай болмаса, туристің қайта келуі екіталай. Сондықтан Таразда қолға алынған тазалық пен абаттандыру шаралары – туризмді дамытудың маңызды құрамдас бөлігі. Көне Тараздың бүгінгі келбеті өткеннің мұрасын ғана емес, болашақтың бағытын да айқындап келеді. Бір жағынан жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асып, туристерге арналған инфрақұрылым кеңейіп жатса, екінші жағынан көшелердің тазалығы мен қоғамдық кеңістіктердің жайлылығына ерекше көңіл бөлінуде. Нақты мақсатқа бағытталған қадамдар қаланың жан-жақты дамуына негіз болатын қос қанат іспетті.
Тазалық – мәдениеттің айнасы, ал туризм – сол мәдениеттің әлемге көрсетілер келбеті. Осы екі бағыт қатар өркендегенде ғана көне шаһардың тарихи беделі жаңа мазмұнмен толыға түседі. Бүгінгі Тараз дәл осы бағытта нық қадам жасап келеді. Қаланың көркеюіне бағытталған жүйелі жұмыстар мен туристік инфрақұрылымның кеңеюі оның Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы тарихи-туристік орталық ретіндегі орнын нығайта түсетіні сөзсіз.
А. ЖАҚСЫЛЫҚ,Жамбыл облысы Тараз қаласы















