Тақырдағы тағылымды той

Тақырдағы   тағылымды той

Көктемнің шуақты күндерінің бірінде Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Баймолдин ауылдық округіне қарасты шағын ғана Тақыр ауылында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше мерекелік шара өтті. Қыстан аман-есен шыққан ауыл тұрғындары мен алыс-жақыннан келген қонақтар бір үйдің баласындай бас қосып, ел бірлігі мен ынтымағын паш етті.

Мерекеге Ботабас, Арбиген, Жаңа ауыл, Галкино, Есілбай, Шалдай, Баймолдин, Қызылтаң, Шегірен, Мерғалым ауылдарының тұрғындары, сондай-ақ Павлодар мен Астанадан келген қонақтар қатысты. Тақыр ауылының маңындағы Тұздыкөл мен Қамыстыкөлдің әсем көрінісі тойдың сәнін келтірді. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекелік думан ауыл шетіндегі көгалды алқапта ұйымдастырылды. Бұл орынның тарихи маңызы да зор. Ұлы Отан соғысы жылдары осы өңірден көптеген азамат майданға аттанған. Той төрінде қойылған «Тарихын ұмытпаған ұрпақ» атты естелік тақтада 114 майдангердің есімі жазылыпты. Баймолдин ауылдық округінің әкімі Қайрат Сартайұлы Омаров өз сөзінде Әбілқайыр Баймолдиннің 1941 жылы дәл осы жерден майданға аттанғанын айтып берді. Жиырма  жыл  бойы  елге  ұйытқы    болған  ауыл    әкімі  елдегі  ауызбіршілік пен  ұйымшылдықтың  үлгісін көрсетіп, бір  үйдің  баласындай  жұмыла  өткізген  тойдың  әр  сәтіне  тамсанып қарай  бердім.

Шараға Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Махабат Өміртайқызы Абулова, аудандық мәслихат депутаты Айымгүл Зейтенқызы, Павлодар қаласындағы іздестіру жасағының жетекшісі Жұмабек Жүкенұлы Камзин, елге арнайы келген бұрынғы совхоз директоры Сағындық Сейітұлы және ардагер ұстаз Шаймұрат Тәттімбетұлы қатысты. «Ырыс қайда барасың десе, ынтымақ пен бірлік бар жерге барамын» дегендей, бұл мереке көрші ауылдарға үлгі боларлықтай жоғары деңгейде өтті. Балалар алтыбақан теуіп, волейбол ойнады. Ауыл кәсіпкерлері бүлдіршіндерге балмұздақ пен түрлі тәттілер ұсынды. Спорттық жарыстар да көпшіліктің қызығушылығын арттырды. 24 келілік гирді екі минутта 54 рет көтерген Алтынбек Жұмадиров қарсыластарының бәрінен озып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал Есілбай ауылынан келген Диас қой көтеруден бірінші орын алып, қойды қанжығасына байлады.

Тақыр  атты  ауылды  осы  елдің  азаматы   Бекболат  Тетайұлы  арқылы  білемін.   Ардақты  ұстаз  1991  жылдарда   Тақыр  сегіз  жылдық  мектебінің  директоры  қызметінде  еңбек  етті.  Міне  сол Бекболат  Тетайұлының  кенже  баласы  Сұңғат  Бекболатұлы  осы  шараның  ұйытқысы    болды. Сұңғат молда діни білімді Стамбұл медресесінде алған. «Өлі  риза  болмай,  тірі  байымайды» дегендей, Сұңғат Бекболатұлы ауылдың тарихын қадірлеп, ата-баба рухына тағзым ету мақсатында арнайы құран бағыштады. 

Дастарқан басында ақсақалдар ақ батасын беріп, елдің амандығы мен бірлігін тіледі. Биыл дүниеден өткен Қайыржан Сейітбатталовтың «Бала Тақыр» атты жүрекжарды өлеңін Айдарбек Көпеев орындап, жиналған жұртшылық ерекше ықыласпен тыңдады. Мерекенің өтуіне демеушілік көрсеткен ауыл ақсақалы Қабдырахман Сүлейменов топ бәйгеге жылқы тікті. Ал жұбайы Айман Сүлейменова құнан бәйгеге сиыр сыйлады. Тай бәйгенің жүлдесін олардың кенже ұлы Мәдениет тапсырды.

Тақыр ауылының ынтымағы мен ауызбіршілігін айқын көрсеткен бұл тағылымды шараның әсері келесі күні де жалғасты. Көрші ауылдардың жастары футболдан сайыс өткізіп, ауыл өміріндегі ұмыт бола бастаған игі дәстүрлердің қайта жаңғыруына жол ашты.

Бұл мереке – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, өткенге тағзым мен келер ұрпаққа өнеге болар бірліктің жарқын көрінісі болды.

 

 Сапарбек МАУСЫМБАЕВ,

Ресей журналистер одағының мүшесі, ақын,  Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Павлодар облыстық «Ақсақалдар тағылымы» 

бірлестігінің мүшесі

11.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26144
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25598
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42992
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38801
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43393