Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу – заман талабы

Суицидтік мінез-құлықтың  алдын алу –  заман талабы

Былтыр 15-16 желтоқсанда Астана қаласында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты мен Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті психология кафедрасының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша екі күндік тренинг өтті. Ол тренингтің бергені көп. Алдағы уақытта берері де көп болары сөзсіз.

Тренингтің мақсаты суицидтік тәуекелдерді ерте анықтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын әзірлеу саласындағы мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіру болды. Тренингті PhD докторы, Бостон балалар ауруханасы/Гарвард медициналық мектебі (АҚШ) Травматология және қоғамның өміршеңдігі орталығының (TCRC) ғылыми қызметкері Саманта Авада және пс.ғ.к., доцент, Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мамбеталина жүргізді. Тренингке Қазақстанның барлық өңірлерінен психологиялық қолдау орталықтарының 35 маманы қатысты.

Тренинг бағдарламасына теориялық сабақтар мен практикалық жаттығулар кірді. Бірінші күн тәуекел факторлары мен қорғаныс тетіктерін зерттеуге, суицидтік тәуекелді бағалау және скрининг әдістерін зерттеуге, рөлдік ойындар арқылы осы дағдыларды практикалық тұрғыдан үйретуге арналды. Қатысушылар өз дағдыларын көрсетуге және кері байланыс алуға мүмкіндік алды. Екінші күні отбасыларға кеңес беруге, қауіпсіздік шараларын жоспарлауға және қайталанатын дағдарыстардың алдын алуға баса назар аударылды. Қатысушылар практикалық жаттығуларға, кейстерді талқылауға және жаңа тәсілдерді игеруге белсенді қатысты.

Тренинг нәтижелері оның жоғары практикалық құндылығын көрсетті. Қатысушылар суицидтік тәуекелдерді бағалау және отбасылармен өзара іс-қимыл саласындағы құзыреттіліктердің жақсарғанын айтып, тақырыптың өзектілігін атап өтті. Алынған білім мен дағдылар балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алумен айналысатын мамандардың жұмыс сапасын арттыруға ықпал етеді. Екі күндік тренинг қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болды.

Әлемдік статистика көрсеткендей, соңғы 30 жылда өзіне қол жұмсау 10 жастан 14 жастағы балалар арасында 8 есеге өсті. Ер балалар арасында өзіне қол жұмсау «шыңы» 11-14 жасқа, ал қыздар арасында 15-18 жасқа келеді.

Зерттеулер балалардың 27,4% өз-өздерін бұрын-соңды жарақаттағанын немесе өзіне қол жұмсауға әрекет еткенін көрсетеді. Суицид әрекетінің деңгейі 75,3 % құрайды.

«Өзіне-өзі қол жұмсаудың бірқатарының алдын алуға болады. Суицид бойынша, халықаралық сарапшы профессор М. Саркьяпоне балалар арасындағы өзіне қол жұмсағандардың 24,3% соңынан қол жұмсауға түрткі болған қоштасу хаттарын қалдырған, бірақ олар өкілетті органдармен, яғни ұстаздар мен психологтардың талдауынсыз қалған», – деп қорытындылады.

Психологтардың пікірінше, балалардың өзін-өзі өлтіруі – дер кезінде олардың жан айқайын, яғни осы арқылы бала өзіне көңіл аудару ниетін естімеудің нәтижесі. Жасөспірім шақ көбіне жанжалмен, жабығуды, шиеленісті, мектептегі

және үйдегі проблемаларды сезінуімен сипатталады. Жасөспірімдер, әдетте, өте сезімтал, олар басқа топтағы балалармен салыстырғанда болып жатқан жағдайға қызбалықпен әрекет етеді. Олардың иланғыштығы және өзгелерге, оның ішінде өзін-өзі өлтіруге талап жасаушыларға еліктеушілігі суицидке баруына негіз болуы мүмкін. Балалардың суицидтік мінез-құлқының алдын алуда отбасының ролі зор. Балалардың әр қадамын қадағалап, олардың мінез-құлқының өзгеруіне көңіл аударайық, ағайын!

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

08.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16105
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31273
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29905
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33471