Семейде заманауи талаптарға сай жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Жаңа нысан 6 арнайы техникаға лайықталған. Құрылыс «Демеу Қазақстан қорының» қолдауымен жүргізілді. Ғимарат жанында спортпен айналысуға арналған фитнес-зал бар, ал өрт сөндірушілерге арналған екі қабатты апартаментте барлық тұрмыстық жағдай жасалған.
Аймақ басшысы Берік Уәли бұл нысан өңір халқының қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Абай облысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары 200-ден астам жаңа техника сатып алынды. Өрт сөндірушілердің еңбегі әрқашан жоғары бағаланады», – деді әкім.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бұл ғимарат Семей өңіріндегі азаматтық қорғау саласы бойынша соңғы 30 жылдағы алғашқы жаңа құрылыс екенін айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта қызметтік баспана салу жоспарда бар.
Шара аясында өңірдегі өрт сөндіру бөлімдеріне өтімділігі жоғары жаңа КамАЗ техникасы, сондай-ақ Абай және Жаңасемей аудандарындағы ауылдарға өрт сөндіру көліктері табысталды. Бүгінде облыста 70 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, биылдың өзінде бірнеше жаңа нысан іске қосылмақ.
Абай облысы