Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co. LTD» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойды.
Бұл жоба – Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы шеңберінде халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп іске асырылатын ерекше маңызы бар жобалар тізбесіне енгізілген. Құрылыс жұмыстары биылғы тамыз айында басталып, 2028 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Жобаны қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы жүзеге асырады. Жолдың жалпы ұзындығы – 51,5 шақырым. Екі жолақты айналма жолдың бойында 6 көлік айрығы, 3 көпір және 2 жол өткелі салынады.
Өңір басшысы бұл бастама облыстың көлік инфрақұрылымын жаңғыртуда стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, айналма жолдың салынуы облыстың логистикалық әлеуетін арттырып, тоғыз жолдың торабындағы Семей қаласының көлік жүктемесін айтарлықтай азайтады. Бүгінде Семейдегі аспалы көпір арқылы жылына шамамен 700 мыңға жуық көлік өтеді.
– Қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде қол қойылған келісімге сай, биыл тамыз-қыркүйек айларында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді. Қазан-қараша айларында жолдың алдын ала жобасы дайындалып, көпірлер мен жол айрықтары әкімдікпен келісіледі. Ал қараша-желтоқсан айларында құрылысқа дайындық пен жұмыс жоспары пысықталып, тиісті рәсімдер аяқталған соң, құрылыс басталады. Бұл келісім біздің елдер арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың негізіне айналып, Еуразиядағы халықаралық көлік дәліздерінің дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Өз кезегінде қытайлық компания өкілдері жобаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Компания басшысы Чжоу Хайвэй екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында бірқатар жобалар сәтті іске асып жатқанын атап өтті.
– Екі ел достығының арқасында жүзеге асқан Астана қаласындағы LRT құрылысына да қатысып жатырмыз. Біздің компания бұл жобаға былтырдан бастап араласып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Осы тәжірибемізді Семейдегі айналма жол құрылысында да тиімді пайдаланамыз деп сенемін, – деді компания басшысы.
Жаңа жолдың іске қосылуы қала көшелеріндегі көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, аймақтың транзиттік әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейте түспек.
Саруар ҚАБДОЛЛА,
Абай облысы