Қаржамбас Қазығұрттың баурайында (Қасқасу) туып, Отырарда ер жеткен, ауылда механизатордың көмекшісі бола жүріп, он жеті жасында алғашқы өлеңі облыстық газетте жарық көрген соң Шымкент қаласына келіп, баспаханада терімші, корректор қызметін атқарудан бастап, «Оңтүстік Қазақстан», іле-шала «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінің меншікті тілшісіне дейін көтерілген жігерлі жігіт көп ұзамай түгел қазақты аузына қаратқан ақтаңгер ақынға айналады деп о баста ешкім ойлаған жоқ, әрине.
Ал, ол айналдырған аз уақыттың ішінде қанына біткен батылдығы мен талантының арқасында бас айналдырар биікке көтеріліп, кез келгенге бұйыра бермейтін даңққа бөленді. Халқы алақанына салып ардақтаған аптал азамат, ұлы қайраткер дәрежесіне жоғарылады. Кейінгі сайыпқыран ақындардың көпшілігі оны өзіне пір тұтты, ұстаз санады. Соған орай өзі де рухтың пірі болып өмір сүрді. Оның романтикалық көңіл күйге толы отты, жігерлі өлеңдерін жас та, жасамыс та жатқа оқыды. Сөйтіп, ол қарама-қайшылығы мол өз дәуірінің қарама-қайшылығы одан бір мысқал да кем емес қоғамдық-саяси тұлғасына айналды. «Кім қаншама шексіз сүйсе Отанын, оның тартар азабы да соншама!» деп өзі жырлағандай, оның атына қаншама оң пікірлер айтылса, теріс пікірлер де соншама еді. Ол – Мұхтар Шаханов!.. Мазасыз рухани майдангер, жалынды күрескер. Ең бастысы, ол – атаның ғана Мұхтары болып өмір сүрген жоқ, жан-жақтан суық жел азынап, ызғарын шаша бастағанда сайын даладан сая таппай мүжілген соры қалың халқының Мығы мен Ығы бола білді. Мұқаң феномені жөнінде жүйелі зерттеу жүргізген америкалық журналист Джон Ешпери: «Құдайым, әр ақынға өз ұлтына осы Мұхтар Шахановтай еңбек етуді жазсын!» – деп жазыпты. Мұндай баға кез келгеннің маңдайына бұйыра бермесе керек.
Қазақ халқы Шахановты не үшін жақсы көрді? Оны не үшін жоғары бағалады?
Ең алдымен, халқы оны жан-дүниеңді қозғалысқа түсіретін рухты, шындықты шырқыратып жеткізетін шыншыл өлеңдері үшін жақсы көрді. Сонан соң, талай қанқұйлы тарихтың куәгері Кремль төрінде тұрып қазақтың ар-намысы болған Желтоқсан ақиқатын алғаш рет ешкімнен қаймықпай қақыратып айтқаны үшін жоғары бағалады. Кейін де бар өмірін соны ақтауға, жаладан арашалауға арнады. Мәскеу билігіне қарсы тұрып, қазақ ұл-қыздарының намысын қорғады. Тіпті, осы қайсарлығы үшін қазақ оны бір кездері ұлт батыры ретінде төбесіне көтергені де өтірік емес. Әрине, әркімге бұйырып жатқан қаһармандық оған бұйырмады. Бірақ, ол қаһарман болып өмір сүрді. Әрбір қазақтың жүрегінде қаһарман ұл ретінде орын алды, солай қалды да.
Сол қаһарман Шахановтың мынау даңғарадай әлемнің бір пұшпағында, Темір Қақпа дейтұғын қарапайым ауылдың бір шетінде қоңыр тірлік кешкен Шарахымбай немересінің жүрегінен ойып тұрып орын алғанына не заман?! Бір ғасыр өткен шығар. Тіпті, сонау балпанақтай бала шағында болашақ ұлы ақынның сарқытын ішкен кезі де болған. Оқырманға түсінікті болу үшін, соны қысқаша баяндап өтейін.
1967 жыл. Қазығұрт өңірі, Қақпақ ауылы. Ол кезде мен алты-жетідегі ойын баласымын. Мектепке бармаған кезім. Ұмытпасам, мамыражай маусым мезгілі болатын. Түс ауа біздің қара шаңыраққа бір топ кісілер сау ете түсті. Ішінен Қалаубек Тұрсынқұлов пен оның жан жары Нағима әпкені ғана шырамыттым. Нағима әпкеміз осы біздің ауылдың қызы, ал Қалаубек аға аудандық жастар ұйымында әкем екеуі бір кезде бірге қызмет істеген. Ауылға жиі ат басын бұрып тұрады. Ауылға келсе, біздің үйге ат басын бұрмай кетпейді. Және жанына бір-екі кісіні ерте келеді. Сыйлы қонақ келген соң міндетті түрде қой сойылады, қазан көтеріледі. Ал, қонаққа алдымен біз қуанамыз. Балаға бәрі қызық, бәрі таңсық. Төрге жайғасқан қонақтарды жағалап, солардың ұсынған жылы-жұмсағын қорек етіп, жанынан шықпаймыз. Кейде әкеміз тақпақ айтқызады. Ондайда жанып кетеміз. Бұл жолы да солай болды. Қонақтар дуылдатып, әндетіп түн ауғанша отырды. Мен көбіне құйқылжыта мандолин ойнайтын ағаны айналшықтадым. Тартысы таңдай қақтырады, әңгімесі де қызықты. Не кереметі барын кім білсін, ол сөйлесе, қалғандарының ішек-сілесі қатады. Түкке түсінбесем де мен қосыла мәз боламын. Сол күнгі қонақтардың арасындағы өлең оқыса, шамырқана, дауылдата оқитын ағаның бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Оның табан астында сөз тауып айтатын суырып-салмалығы әсіресе тәнті етті. «Кімнің жүрегі жылы екенін мысық пен бала біледі» демекші, мен өзімше төрде малдас құрып, көбіне мандолин ойнаған кісінің тізесін иеленіп алдым. Ол да бір аңқылдаған кішіпейіл кісі екен, «өзі бір жақсы бала екен, келе ғой, айналайын!» деп еміреніп, толғанып отырды. Ара-арасында шашымнан иіскеп-иіскеп қояды.
Қай кезде ұйықтап кеткенімді білмеймін, ертеңіне елең-алаңда анамның «тұр-тұрлауымен» ояндым. Көзімді уқалап ашып қарасам, анадай жерде кешегі сөйлесе екпіндете, шамырқана сөйлейтін аға тұр екен. Жуынып-шайынып, сосын екеуміз Заңғартауына тарттық. Әлгі кісі мені қолымнан ұстап алды. Біздің тау деп отырғанымыз 300 метрдей болатын биіктік. Жергілікті жұрт осы биіктікті Заңғартау, кейде Сұңқартас дейді. Тау басына көтерілген соң ол жан-жағына қарап сәл тұрды. Өңі өзгеше алабұртады. Сонау төменде қалған ауылға қарап: «анау қарауытқан не, мектеп қай жақта, контораларың ше?..» – деп менен анау-мынауды сұрағыштап тағы біраз тұрды. Оған не деп жауап бергенім қазір есімде жоқ.
Содан кейін ол сондағы бір жалпақ тасқа жайғасып, қалтасынан қағаз-қаламын алып, әлденелерді шимайлай бастады. Оның не шимайлап отырғанын қайдан білейін, бірақ оның сондағы алысқа тесіліп қараған ойлы көзі жадымда мәңгілік қалып қойды. Осы бір шабытты сәтті ешқашан ұмытпаспын.
Таудан түске қарай түстік. Әлгі кісі өз жөніне, мен өз жөніме кеттім. Бір кезде шешемнің атымды атап шақырған дауысына жүгіріп жетсем, дастарқан басында жағалай отырғандардың арасынан тауға бірге барған кісі: «Міне, мені тауға ертіп апарған осы бала. Өзі атына сай батыл екен. Сонау таудың төбесіне дейін мені жетелеп апарды», – деді. Мақтауды кім сүймейді?! Сол сәтте менің атыма мақтау айтқан әлгі ағаны одан сайын жақсы көріп кеттім. Ол әке-шешеме алғысын айтып, «Айналайын!» деп менің арқамнан қақты. Сонда қолтығыма қанат бітсе, аспанға ұшып кетуге сәл-ақ қалған едім. Осы кезде ешкім күтпеген тосын жағдай орын алды. Қонақтар терлеп-тепшіп нарын ішіп отырған. Кеселерін орталап қалған болатын. Кенет анам тауға бірге барған ағаға қарап: «Мырза қайным, анау кесеңізде қалған сарқытты осы балама қисаңыз, сіз бұған қалай қарайсыз? Рұқсат етесіз бе? – деп салсын. – Сіздей үлкен ақын, азамат болып өсер ме екен дегенім ғой...». Мұндай ұсынысты күтпеген әлгі кісі сәл қипақтап қалды. Сосын: «О, не дегеніңіз, жеңеше?! Әрине, болады, болмағанда ше...» – деп, алдындағы жарым-жартылай ішілген кесені маған ұсына берді. Ұсынып тұрып: «Баламыздың басында бағы болсын, астында тағы болсын, жанында ұят-ары болсын, өмірде не тілесе, соның бәрі болсын!» – деп батасын берді. Отырғандар қолдарын жайып, әумин десті. Анам да қарап тұрмай: «Осы дуалы ауыз, көпке сыйлы ағаларыңның жолын саған да бұйыртсын, айналайын! Қане, түбіне дейін қалдырмай ішіп қой!» – деді. Ол кезде сарқыт дегеннің не нәрсе екенін қайдан білейін, анам ұсынған кесені түбіне дейін түк қалдырмай төңкеріп салдым. «О, бәрекелді! Міне, жігіт!» – дескен жұрт у-шу, әке-шешем де мәз.
Уақыт өте келе білдім ғой, тауға бірге шығып, маған сарқытын ұсынып, батасын берген кісі Мұхтар Шаханов екен. Ал, мандолин аспабының құлағында шебер ойнайтын, мен алдында отырып ұйықтаған кісі Шәмші Қалдаяқов болып шықты. Одан кейінгісі әкемнің көңіл жықпас дос-бауыры, кезінде Қазақстан комсомол-жастары жетекшілерінің бірі болған, жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов пен оның жұбайы Нағима әпкеміз, ауылдан Ғұлам Лебаев, Ебей Ерменбетов, тағы басқа жақсы-жайсаңдар.
Сол оқиғадан кейін мен ауылда «аузына Мұхтар Шаханов түкірген бала» атанып кеттім. Жасыратын не бар, қазақты қазақ қылып тұрған осындай мықты салт-дәстүрлеріміз бен ырымдарымыз соңғы кезде ұмытылып, тарих көшіне айналып бара жатқаны өкіндіреді.
Әкем Алматыға қыдырып келген сайын Жазушылар одағындағы Қалекеңе, «Жалын» журналындағы Мұқаңа сәлем беріп кіріп шығатын. Мұндайда, әрине, жанында өзім еріп жүремін. Мұқаң да, Қалағаң да құшақтарын айқара ашып, жылы қарсы алатын.
Бүгінде осы естелігімде сөз еткен кісілердің бірде-біреуі бұл пәни өмірде жоқ. Шәмші, Қалағаң, Нағима әпкеміз, Ғұлам көкем мен Ебей ағай, менің ең қымбат қазыналарым әке-шешем де өздерінің келмес кемелеріне мініп, қайтып оралмайтын ұзақ сапарларына аттанып кеткен. Енді, міне, Мұқаң да солардың соңынан ілесіп... біртіндеп бізден ұзап барады. Тек өткеннен қалған сағыныштар ғана жүректі тербейді...
Әнеу бір жылдары өзі басқаратын «Жалынға» орынбасарлыққа да шақырған болатын. Бірақ, әртүрлі себептерге байланысты одан бас тартуға тура келген.
Мұқаңды соңғы көргенде, иә, соңғы көргенде... Қазақтың асқақ жыршысы, ұлтының ұяты, ар-намыстың тау тұлғасы бір уыс боп шөгіп, бала сияқты қалбалақтап, жаутаңдап қалғанын көріп жүрек жылаған еді.
Ол ажалмен ұзақ арпалысты. Бірақ, ажалды жеңген пенде бар ма бұл жалғанда?!
Марқұмның соңғы сағаты соқты, өлшеулі уақыты таусылды. Есіл ер дүниеден көшті.
Жазмыштан озмыш жоқ, жазмыштың жазғаны осы болды!
Адамзатқа асыл мұрат ұсынуды мақсат еткен біртуар Ақын, алып Жүрек, асыл Тұлғаның мәңгілік дәуірі енді басталды. Енді соған сеп болайық!
Төменде «Мұхтар ағамыздың өлшеулі сағаты таусылды, алып жүрегі соғуын мәңгіге тоқтатты» деген қаралы жолдарды әлеуметтік желіден алғаш оқығанда шамырқаныстан туған жоқтау жырымды жариялап отырмын. Оқи отырыңыздар.
АЛДАСПАН
Мұхтар Шахановтың қазасына
Ол – ақын еді Тәңірі сыйлаған,
Атадан туған текті еді.
Шыңғыс ханнан да айылын жимаған,
Отырар еді мектебі.
Ол – азамат еді ғарасат туған,
Ішіне қатқан наласы.
Келбетіне терең парасат тұнған,
Әл-Фараби еді бабасы.
Алдаспан қылыш ойнатқан ер еді,
Шексіз бір сүйген дүр-елін.
Ұлтының қайыспас қара нары еді,
Кірлетпей өткен жүрегін.
Жалқы боп жалғыз жүргенді қалады,
Болғасын қоғамы шіріген.
Жүрегіндегі толған шер-жараны,
Жазатын емдеп жырымен.
Махамбет сынды марқасқа еді,
Шындыққа ғана шөлдеген.
Жаратылысы оның бір басқа еді,
Иіліп жанға көрмеген.
Биігінде тұрды аласармастан,
Алдаспан тілмен жыр кесті.
Ісіне жұрттың жағаласпастан,
Өзімен өзі күн кешті.
Иеміз жаппар қайғырғанды ұғып,
Бауырына алды ақынды.
Ақыннан елі айырылғанын біліп,
Қанатынан қайырылғанын біліп,
Өкініп сонда аһ ұрды!..
Болат ШАРАХЫМБАЙ
















