«Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газетінің белді журналисі, Бас редактордың орынбасары, ақын, сатирик Нағашыбай Жолдыұлы Қабылбеков 1 тамыз күні елу жасқа толады. Біз қадірлі әріптесіміздің мерейлі жасына құтты болсын айта отырып, әріптестерінің жүрекжарды лебіздері мен оның шығармашылығы жайлы жазылған мақалаларды газетімізде жариялауды жөн көрдік.
Өрлей бер, өр мінезді, нар тұлғалы інім!
Мен Нағашыбай інімді Нәкебай деп айтамын. Еркелеткенім ғой. Аты алты Алашқа белгілі талантты, дарынды азаматты бұлай деп атауым әбестік пе деп қазір ойланып отырмын. Ең бастысы ол үлкен отбасының отағасы. Ұлын үйлендіріп, қызын тұрмысқа беріп отыр. Немере сүйіп отырған дәу ата. Ойпырмай-ә, мұным ұят болған екен-ау. Енді не істесем екен? Талантты, дарынды деп екі ауыз сөзбен қайырғаным да дұрыс емес. Оның ақындығы ерекше. Таудан аққан өзендей сарқырап, арқырап дес бермей оның асау толқындары жағалау-жағалауды ұрғылап, сайын далаға сыймай ақырып барып сабасына түседі. Кең алапты нұрландырған Нұрадай жаныңды тербеп, алпыс екі тамырыңды иітіп ыстық құшағына алады. Әлбетте, мен ақын емеспін. Қазақтың өр ақыны, Нағашыбайдай жақын інім Дәулетбек бүгінгі нөмірімізде оның ақындығын кеңінен толғапты, төгілте жазыпты, қосыламын. Бұл тұрғыда мынадай бір елең еткізер оқиғаны айтып өтейін. Атағы жер жарған Мұхтар Шаханов Нағашыбайдың жырларымен сусындаған соң арнайы Астанаға келіп, онымен танысып, қос ақын ұзақ сырласыпты. Осыдан-ақ Нағашыбай поэзиясының қандай деңгейде екенін бағалай беріңіз.
Көлденең жұрт «Ау, «Qazaqstan dauiri» газетінің жігіттеріне бүгін не болып қалды? Аяқ астынан аса мақтауды сүймейтін Нағашыбай Қабылбекті аспандатып жатқаны несі?» деп жақауратып болса да айтып қалуы мүмкін ғой. Көзі қарақты оқырман білуі әбден мүмкін. Осыдан он шақты күн бұрын Нәкең інім (осылай атауды ұйғардым) «Елуге келдім...» деп толғанып әдемі жыр шығарып, өз оқырмандарымен сырласқан. Тамаша толғау. Фейсбуктың бел ортасында қазір. Оқыңыз. Асып-таспай ердің жасы елуіне көз жүгіртіп өткен. Ал туған күніне әлі 24 сағат, пәлен минөт бар. Ақын жаны нәзік қой. Шабыт келді, жазды да тастады. Бәлкім нақты елуге келгенде ондай сырлы жыр тумауы да мүмкін ғой.
Ініммен алғаш танысқаным қызық. Ұжымымыздың басшысы Сәуле Мешітбайқызы бір күні (осыдан он бес жыл бұрын) іссапардан қатты қуанып келді. «Ертайжан, Сарыарқаның төсінен, алыс ауылда жүрген бір ақын азаматпен таныстым. Жазуы ерен. Осы жігітті Ақмола облысы бойынша тілші етіп алсақ», – деді. Аса мән бермедім. Ал Сәуле тәтейім қояр болмады. Содан көп ұзамай Нағашыбай ініміздің ауылына барудың орайы келе қалды. Алып денелі аңқылдақ азамат қуана қарсы алды. Келініміз Алтынай да әдемі дастарқан жайып қойыпты. Қуықтай ғана екі бөлмелі үй. Бірақ көңілі даладай інімізбен әп-сәтте етене танысып шүйіркелесе кеттік. Алдымен ақжарқын көңілмен, содан соң ғажайып жырларымен Нәке інім бірден баурап алды. Міне, содан бері біріміз аға, екіншіміз іні болып араласып келеміз. Журналистиканың сиқырлы әлемін де ол тез меңгеріп алды. Отты тіл, орамды терең ой, батыл да өткір сөз, ұтқыр қайырымдар. Нағашыбай өзіндік нақышпен, ешкімге ұқсамайтын ой өрнектерімен көсемсөз әлемінде бірден жарқ етіп көзге түсті. Сатиралық, юморлық шақпа тілімен мақалаларын өрбіте жазу, кестелеп әсем өрнек салу да осы Нағашыбай игерген тамаша стиль еді. Қай тақырыпты алса да айызыңды қандырып, жаныңды жадыратып жазады. Мұны Нағашыбайдың өзіндік мектебі деп айтуға да әбден болар. Пай, пай, оның қысқа да нұсқа деректі әңгіме, новеллалары қандай десеңші! Оларды бастадың ба, содан соң ішкі әлеміне қалай сүңгіп кеткеніңді білмей қаласың.
Ең бастысы алашшыл, ұлтшыл баһадүр, өр мінезді азамат. Қазағы үшін жүрегін суырып беруге даяр. Иә, біз тонның ішкі бауындай бауырларға айналдық. Ұзағынан сүйіндіргей! Сона-ау Астанадан келіп менің, отбасымның қызығына, жақсылығына ортақтасады. Мен де солай. Алла Тағалам ініме жарын да өзіне сай етіп берген. Қонақжай. Адам сыйлағанның құлы ғой. Нағашыбай туралы, оның қыр-сыры, шығармашылығы туралы көп жазуға болады. Газет көтермейді. Айналайын, Нағашыбайым, бауырым, Аллам осы бақытыңнан айырмасын. Сарыарқаның кең даласындай көңілің әрқашанда көтеріңкі жүрсін. Шабыт тұлпарынан түспей, ұлтыңның қорғаны болып жүре бер. Аман бол. Зор денсаулық тілеймін. Тағы бір елуді еңсеруіңді Аллам нәсіп етсін!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
Торғайда қалған туысым ба екен?
Өмірдегі аяулы жандар мен өзіңе терең әсер қалдырған рухы жақын адамдар туралы естеліктер айтқан жақсы. Ал оны көңілдің риясыз алғысын жеткізе отырып жазып, оқырман назарына ұсынудың да өзіндік мәні бар. «Махаббат жоғалған жерде адам азады, достық жоғалған жерде қоғам азады» депті бір данышпан. Егер жақсы адамдар туралы естеліктерді оқыған саналы оқырман, «жабайы капитализмнің» жетегінде кетіп, нарықтың құлы болған, есіл ерлер есеппен күн кешуге мәжбүр болған алмағайып заманда да шын достық пен шынайы сыйластықтың, нағыз жанашырлықтың жалғасып жатқанын сезіп, қатайып бара жатқан көңілдеріне сәл де болса қарапайым өмірдің тас бұлағынан қайнап шыққан ізгіліктің мөлдір тамшыларын сіңіре алса, жақсылықтың нышаны болар еді. Мен төмендегі шағын естелігімде қазақтың ізгі қалпын жоғалтпаған, даланың дарқандығы мен алаштың бауырмалдығын бойына сіңірген ардақты ағам, әріптесім Нағашыбай Жолдыұлы туралы айтқанды жөн көрдім.
Нәкеңмен таныстығымыз 2010 жылы шілдеде «Қазақстан-ZAMAN» газетінде басталды. Мен енді ғана магистратураны аяқтап, ары қарай мамандық бойынша жұмысқа тұруға газеттерді таңдаған едім. Жас маман ретінде университетке қалуға мүмкіндік болды. Алайда көңілім ақпараттың қайнаған ортасына бір түсіп көруді қалады. Содан Астанадағы мерзімді басылымдарды ойластыра бастадым. Бауыржан деген досым бар еді. Бір күні сол хабарласып, біраз кеңестерін айта келіп, «Қазақстан-ZAMAN» газетінің елордадағы бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен көші-қон істері жайлы дөңгелек үстелге қатысқанын, Бас директордың орынбасары Сәуле Мешітбайқызы деген ұлтжанды апаймен танысқанын айта келіп, «сені сол жерге бір ертіп барайын, өздеріне тілші керек сияқты», – дегені. Сонымен тәуекел деп барымызды киіп, бақанымызды қолға алып газеттің Астанадағы бөлімшесінің есігінен имене аттап кірген жайымыз бар. Шағын бөлмеде үш адам отыр екен. Бастық Сәуле Мешітбайқызының ашық-жарқын, кішіпейіл адам екені бірден білінді. Ал оның қасындағы дембелше келген қара жігіт, сәл таныстықтан соң өзіміздің ауылдастардай қауқылдасып ала жөнелгені. Сәл жылдам сөйлейтіні болмаса, өзіміздің қырық жылғы көршіміз Әбетай ақсақалдың ұлы Ақай ағаның Қазақстандағы сыңары дейтіндей. Ақыры осы жерге жұмысқа тұратын болып бір-ақ шықтым. Міне, Нағашыбай ағаммен таныстығым осылай басталып еді. Сөйтсем, Нағашыбайдың өзі де сол жылы мамыр айында жұмысқа келген кезі екен. Есіл ауданында түрлі қызметтерде жүрсе де шығармашылығын тоқтатпаған, отты жырларын бұрқыратып жазып жүрген талантты азаматты Сәуле апайымыз үлкен үмітпен жұмысқа тартса керек. Бұл енді бөлек әңгіме...
Мен газет жұмысына қыркүйек айынан бастап біржолата кірістім. Міне, сол кезден бастап Нағашыбайдың ағалығы мен ұстаздық қамқорлығын көрдім. Менің базалық мамандығым журналистика емес еді. Оның үстіне шетелде оқыдым дегендей. Мен алғашында қысқа хабарлар жазудан бастадым. Біртіндеп мақалалар жазуға кірістім. Осы кезде менің тәжірибесіздігім біліне бастады. Мұндайда Нәкең жазғандарымды жылдам оқып шығып, орфографиясынан бастап, мазмұнына дейін быт-шытын шығарып тұрып талдап, жөн сілтеп отырады. Кейде күйіп кетіп ұрса жөнелетіні бар. Оның есімде ерекше қалған бір ақылын айта кетейін. Бір күні жазған мақаламды көрсеттім. Ұмытпасам, мақаламның мазмұны домбыра пішіндес жобаланған арақ бөтелкесі мен Қызылжардан бастап қасиетті қазақ даласының аттарымен аталатын арақтар мен «Асанәлі» деген коньяк туралы болды-ау деймін. Бірді айтып, бірге кетсем керек. Ойға алған пікірлер мен ұлттық құндылықтарымызды қайдағы шайтан суға теліп жатқан бассыздықтарды, санаға кері әсерін, Кеңестен қалған жаман әдеттен тәуелсіз Қазақстанда арылуымыз керектігін, басым бөлігі мұсылмандар тұратын Қазақстанды қойып, коммунистік жүйеде отырған Қытайдың өзінде мұндай бассыздықтардың жоқ екенін... бірталай нәрсені айтсам керек. Нәкең күйіп кетті. Айтып-айтып келді де: «Жүннен арқан есуді көз алдыңа келтірші. Алдымен шүйкелеп дайындап алып, ақырындап ыспалап біріне-бірін жалғап ширатып отырып, ең соңында пәлен құлаш арқанды дайындап шықпаушы ма еді. Мақаланы да солай жаз. Жүннен есетін арқанға сым темір қоспайды ғой, сол сияқты қыл арқанға қайыс араластырмайды. Яғни бір ойды айтуды жоспарласаң, сол ойды ғана ширатып, дәлелдеп шық. Ойыңда көп дүниелер бар екенін білемін. Алайда шағын мақаланың көлеміне романды сыйғыза алмайсың. Оқырманды да шаршатып аласың», – дегені. Осы ақылы маған қатты әсер етті. Оқу орнында үйренген теория мен өмірдегі практиканың арасында біраз жол жатқанын сол кезде шын түсініп едім.
Нағашыбай ағам – қасиетті Торғай жерінің тумасы. Осы өңірден шыққан адамдардың қазақылығы мен қара сөздің қадірін білетін бір ғажайып ортақ ерекшеліктері бар. Соған қарап, Алаш рухының сөнбегенін сезесің. Нәкең де сондай сөз қадірін айрықша бағалайтын аңғарлы жан екен. Ананың ақ сүтімен берілген дарынын ұштай түсуіне оның көп оқығаны айрықша әсер еткен.
– Анам кітапханашы болды. Кеңестің кезінде әдебиетке жасалған қамқорлық айрықша еді ғой. Сол тұста әлем әдебиетінің небір інжу-маржандарын қазақтың талантты перзенттері төгілтіп тұрып қазақшаға аударып, он мыңдаған таралыммен баспадан шығаратын. Алматыдан шыққан сол кітаптар алыстағы Торғайда өмір сүріп жатқан бізге мол азық еді. Ауылдағы бай кітапхананы жүзіп жүрдім десем болады. Анамның арқасында кітапханаға барып, тіркелмей-ақ үйге әкеліп алып шетінен оқып шығатынмын. Міне, көркем сөздің кестесін сол тұстағы әдебиеттен көрер едің... – дейді ағынан жарылып. Онысы да рас. Сол оқығандары мен тоқығандары Нағашыбайдың кәсіби жолында септігін тигізгенін үнемі байқайтынмын. Өзім де соған еліктеп, тігісін жатқыза жазуға ұмтылып келемін. Ал Нәкең болса шашасына шаң жұқтырмай алдымызда құйғытып барады.
Газет жұмысына қатар аралассақ та, мен Нәкеңді тіс қаққан ұстазым деп білдім. Әлі де солай келе жатырмыз. Күні бүгінге дейін жазғандарымды оқып, өз пікірлерін айтып отырады. Мен бұл үшін оған шәкірті ретінде бас иетінімді жасырмаймын. Себебі мынадай қарбалас заманда біреудің жазғанын оқып, оған жалықпай пікір айтып отырудың өзіне зор күш пен төзім, ең бастысы адамгершілік керек екенін барлығыңыз біліп отырсыздар.
Нағашыбай Қабылбек талантты журналист ретінде қалыптасып шықты. Ол журналистиканың қай жанрына салсаң да көтерген тақырыбын жеріне жеткізіп барып тоқтайтын адам. Ал, біреуден сұхбат алатын болса, суыртпақтап отырып, қоясын ақтарып шығатын шеберлігі тағы бар. Кейде газеттің бірсыдырғы мақалалары көбейіп кеткенде, арасына тұздық ретінде Нәкеңнің қабының түбінде жатқан шағын ғана сатирасын салып жіберсе, 12 беттің шырайына шырай қосып тұратынын да айта кетейін.
Нәкең бір басында бірнеше түрлі ерекшелігі бар қаламгер. Ол тек журналист қана емес, талантты ақын, сатирик ретінде де өз қолтаңбасын қалыптастырып шықты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов туған топырақтан жаралған, Сейіт Кенжеахметтер су ішкен жерден шөлін қандырған адамның олай болмауға қақысы да жоқ шығар. Оның сатираға деген талантын марқұм Табыл Құлияс аға айрықша бағалаушы еді. Шамасы барында үнемі келіп-кетіп тұратын қарт қаламгер өзінің «Жыланның тілі» дейтін кітабына алғы сөзді Нағашыбай інісіне жаздырғаны есімде.
– Осы сен өлең жазасың ба? – деді алғаш араласа бастаған кезде Нәке ағам маған қуақылана қарап.
– Ақын емеспін, ақынға жақынмын. Жақсы жырдың жанкүйерімін, – деймін мен. Сөйтсем, Нағашыбай ағам әдебиетке алғаш өлеңмен келген екен. Тіпті Ақмолада институт оқып жүргенде пәлен жинаққа жүк болатын жыр топтамаларын дайындап тастапты. Алайда әр нәрсеге үлкен талғаммен қарайтын адам, бұларды қайсыбір жеңілтек ақындарша баспаға ала жүгірмеген. Шыны керек, осыдан 3 жыл бұрын ғана ойлана келе «Ғарышқа хат» атты алғашқы жыр жинағын баспадан шығарды. Оның бұл ісін «сараңдығы» емес, талапшылдығы шығар деймін. Әйтпесе, «отызға толмай жатып 18 жыр жинағын шығардым» деген «ғажайып ақындармен» бір дәуірде жасап жатырмыз, ағайын...
Осыдан 15 жылдың алдында газеттің шағын кеңсесінде басталған таныстық, бұл күндері қаны бір болмаса да жаны бір туысқандыққа, айнымас әріптестікке айналды. Қазір бір-бірімізді қабағымыздан оқи саламыз. Менің шабандығымды, жалқаулығымды бүкіл ұжымға білдірмей жауып келе жатқан да осы ағам. Әйтеуір, інісін жаман атаққа қалдырғысы келмейтінін сезем. Басекеңдерден сөгіс алмаса екен деп қорғаштап тұратынын тіпті туысқандыққа балар едім. Оның өзінен кішілерді «інім, ботақан» деп шақыратын жылы лебізі мен тек өзім деген адамдарға ғана қолданатын сәл-пәл жұмсақтығының өзінен дала қазағының дарқандығы есіп тұрар еді. Кім білсін? Менің бабаларым Сырдың бойын сағалап, Ордың қалың қара ағашын паналап, ен даланың ол шеті мен бұл шетіне сағымша жөңкіліп көшіп жүргенде Арғын ағайындарға ұзатқан бір әпкемен тараған ұрпақ осы Нағашыбай болар... Әйтпесе, «қаймана қазақтың қайсыбірін түгендейін» деп атын аулаққа бұрса, кім қой дей алар еді...
Ардақты ағам, сыншым, ұстазым болған осы азамат, міне, ердің жасы – елуге толыпты. Сөз басында айтқандай, жақсы адамдар туралы айтамын деген жақсы естелігім мұнымен бітпесі анық. Шағын жазбам Нағашыбай Қабылбек сынды қарымды қаламгер, майталман журналистің болмысын толығымен ашып, адамдық биік қасиетін алты Алашқа әйгілей алар ма екен? Мен көңілімдегі сөздің бір парасын ғана айттым. Мерейтойың құтты болсын, ер Нәкем! Алдыңдағы асқаралы алпыстан арындай асып, желпілдеп жетпіске, сырғып сексенге, жер таянбай тоқсан мен жүзге жетіңіз!
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
«Мен өзім далалықпын, Сүйемін еркіндікті...»
Мұзбалақ Мұқағали тірі кезінде сан адаммен танысып, сан ақынмен достасқаны анық. Соның көбі өмірден өтті. Арамызда тірі жүргендер өздерінше естеліктерін айтып, естеріне алады. Ақын олармен қалай танысты, қалай араласты, бізге белгісіз. Бізге бір анығы, Мұқағалидың өзі жыр арнап, жылы лебізі мен ыстық көңілін білдіріп жазған кейбір өлеңдері. Ол тасқа басылған тарихи жәдігер, бұлтартпас айғақ. Сондай достарының ішінен өзіне ең жақыны есебінде, құрдасы Шәмілді қайта-қайта аузына алып, махаббат жайлы мұңын шағып жыр толғайды. Шәміл Мұхамеджановқа алты хат жазған екен. Сол өлеңдерінің ішінен төмендегі екі шумағын алып қаралық, онда ол ағынан ақтарылып, түбінен сарқылып Шәмілге бүкпесіз сырын айтады.
Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұңдасыппын.
Шәміл-ау, қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен, шын ғашықпын!!!
***
Махаббат менен кеткен, бөлекте жүр,
Мен де бір – жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-оу, енді маған керек пе өмір?! – деп, нөсерлете төкпелейді. Мұны айтып отырғаным, «бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, қызметтес інім, белгілі журналист, талантты ақын Нағашыбай Қабылбектің «Ғарышқа хат» деген (Алматы «Қоңыр» баспасы, 2022 ж) деген кітабын оқып отырып ақын Шәмілдің есіміне кездестім.
Нағашыбай «Шайырлар мекені» («Ғарышқа хат», 49-бет) деген өлеңінде,
Торғай жері – қара орманым, көк белім,
Төсің де мен шыбығың боп көктедім.
Өмір өзен іздеймін деп өткелін,
Сенде өткіздім жастығымның көктемін.
Аптабыңмен, бораныңмен ақырын,
Мені талай қалың ойға батырдың.
Мың құбылған табиғаттың қылығын,
Ұқсатамын мінезіне ақынның, – деп бастайды да, Торғай өңірінен шыққан, елдің жүрегіне жетіп есімі жатталған Нұрхан Ахметбеков, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Шәміл Мұхамеджанов, Кеңшілік Мырзабеков, Қайнекей Жармағамбетов, Сейіт Кенжеахметов, Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, Қонысбай Әбілев, Жұмаш Рахметұлы секілді таңдаулы тұлғаларды жырына қосады. Сол жерде:
Шабыт – қыс боп жүргізгенде әмірін,
Балмұздақ – қар өлеңіндей Шәмілдің.
Соққан боран Кеңшіліктің жырындай,
Құмарын бір қандыратын көңілдің, – деген шумақтар көзіме түсіп, назарымды аударды. Осындай мықты қаламгерлер шыққан Торғайдан өзі де шыққанын ақын жыр жұмбағымен емеурін арқылы есіңе түсіреді. Мұқағали сенім артқан, жан сырын жайып салған ақын Шәміл Мұхамеджанов біздің Нағашыбайдың жерлесі екен.
Туған дала, ақындарың хас дарын,
Сенен алған өлең-жырдың бастауын.
Көктем сайын көк желектей көгеріп,
Бүршік жарып келеді әлі, жас қауым.
Сол бүршік жарып келе жатқан жас қауымның бірі Нағашыбайдың өзі. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы, үзілмеген буындар жалғастығы.
Біз сөз еткелі отырған Нағашыбай Қабылбек 1975 жылы тамыз айының бірінші күні Торғай облысы (Қазіргі Қостанай облысы), Жангелдин ауданы, Албарбөгет ауылында дүниеге келген екен. Арғы жағы терең тамырлы мығым, бергі жағы мәуелі ұйысып өскен салалы, алып бәйтеректің бұтағы. Құнарлы топырақ, руханияттың мекені, қасиетті өлкенің тумасы екені анық. Ағынды Торғай, арынды Торғай өзенінің суын ішіп ержеткен есті жігіт, мінезді азамат Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтының түлегі. «Торғай тынысы», «Қостанай таңы» газеттерінің беттерінде алғашқы тырнақалды туындылары оқырманға жол тартыпты. Ол 2010 жылдан бастап «Қазақстан ZAMAN» газетінде қызмет еткен, бүгінгі таңда сол «Qazaqstan dauiri» халықаралық газеті Бас редакторының орынбасары болып қызмет етіп жүрген қаламгердің тіршілік жолындағы міндеті – журналистика. Өмір жолындағы өнері – ақындық. Адам оқыған мамандығы мен күнелту қажеті үшін әртүрлі жұмыстың соңында болуы мүмкін. Егер оған Алла өнер нәсіп етіп, көкірегіне шығармашылықтың сәулесін түсірген болса, қандай қалтарыста, қай кәсіпте болса да, Құдай берген таланты оны тыныш жатқызбайды.
Нағашыбай Қабылбек те отбасын асырап жүрген қаламымен газетіне мақала жазып, апта сайын алдынан шығып отыратын «комбаин» газеттің көмейін толтырып құлаш-құлаш мақала береді. Сөйте жүріп жанына әсер етіп, жүрегін кернеген толқыныс сәттерінде ақ қағазын жайып, жүйрік қаламымен жыр жолдарын кестелейді.
Бала Нағашыбай 18 жастағы студент кезінде:
Қамсыз жүрген жан едім,
Жалыны бар екен деп,
Жан баспаған кеудемді,
Алды қиял мекендеп.
Ұйқысыз түн азаптап,
Таң атқанын білмедім.
Есігінен жүз аттап,
Өлең атты түрменің.
Ашытуға көнбеген,
Саумал жырды сапырдым.
Кіп-кішкентай бөлмеде
Тұтқын болып жатырмын, – деп, «қиял», «саумал», «түрме» деген тұспалмен өзінше тосын ой айтады. Бұл шумақтарда ақынға керек қанат, алғы шарт – қиял қылаң береді. Қазақ жыры ұлттық сусынымыз қымыз екені дәл шындық. Қымыз қордың үстіне құйылған саумал арқылы ашытылады. Пісуі жетіп, бабына келсе, қымыз болып шыпылдағалы тұр. Өлең деген де ғашық болған сұлу қыздан кем емес. Жіпсіз байланып, еріксіз айналып, алыстап кете алмай тартыласың да тұрасың. Жырға берілген жанның халі түрмеге түскеннен кем емес. Осы өлеңі арқылы ақынға керек үш элемент – қиялды, еңбекті, шын берілуді айнытпай бейнелеп береді.
Мен өзім далалықпын,
Сүйемін еркіндікті.
Топырақтан жаралыппын,
Жүрегім – жердің мүлкі.
Пейілім – топырағым,
Нәр берген тал-қайыңға.
Өзендер – қантамырым,
Тасыған өн бойымда, – деген жырын 19 жасында жазыпты. Бұл жолдардан екі нәрсені анық аңғарамыз. Біріншіден, қаламгерге бірден-бір қажетті алғы шарт «ойшылдық» менмұндалап көрінеді. Кез келген қазақ әу деп өлең айтады. Төрт жолдың басын құрап тақпақ айтады. Қарттардың беретін күнделікті батасының өзі өлең. Бірақ, көркем шығарма үшін маңыздысы ойшылдық қаламиенің компасы секілді бағытын айқындап, жолын нұсқап отырады. Бұл шумақтардан екінші байқағанымыз – өзінің жаратылысы мен шығу тегін жақсы біліп отырғандығы. «Топырақтан жаралыппын, жүрегім – жердің мүлкі» дейді төтесінен. «Өзендер – қантамырым, тасыған өн бойымда» деген салыстырманы ұсынады. Адам деген – жер шарының кішірейтілген макеті, жердегі қасиет адам баласында бар.
Тағы бір айрықша айта кететінім, оның астарында Алла жаратқан алып макро әлем мен көзге көрінбейтін микро әлемге дейін құдіреттің әмірімен жасалғанымызды мойындау бар. Алла Тағала Адам ата мен Хауа ананы жер шарының топырағынан жасап, оған жан берген. Біз – жердің егізіміз, жер шары шар тәрізді қалпымен Күн жүйесін айналып тынымсыз қозғалыста болса, біз жердің бетінде, желдің өтінде егізіміздің етегінен ұстап ғаламды кезіп қыдырып жүрміз. Осы ақиқатты 19 жастағы бозбала жүрегімен сезіне білген.
Міне, осы түйсік есейе келе оны ақиқат әлеміне алып келіп, имани жырлар жазып исламның нұрлы жолына түсіреді. Әл-Фараби бабамыздан тартып кешегі Абайға дейінгі даналардың айтып, жазып кеткен шындық шұғыласына шомылады. Өзі де хал-қадерінше данышпандар ізімен мінәжат жырларын жазады.
Өзектіге өлім біреу, көп қырсық,
Ізгі ойларың қалмасын тек жетілмей.
Адам үшін жасау керек жақсылық,
Және-дағы өлу үшін өкінбей, – деп, мұсылманға, анығы адамзат баласына ортақ үндеу тастайды. Ол одан ары қарай:
Жаратқанға сансыз шүкір айтамын,
Саф ауасын тегін жұтып қайтамын.
У дәріні сатып алып ішеміз,
Судың өзі сатулы ғой, байқағын.
Қолыңда тұр дұға дейтін қаруың,
Өзіңе сын адам болып қалуың.
Бәрін тегін беріп қойған Аллаға
Шүкірлігің қайда, мұңсыз бауырым?! – деп тереңінен толғайды. Бұл күнде жарық, су, дәрі, азық-түлік... бәрі-бәрінің иесі бар, сатулы. Бірде-бірі тегін емес. Ал, соны ойласаң, Алла саған ауаны, суды, азық-түлікті, жан-жануарды, күннің сәулесін, жердің бетін тегін пайдалануға беріп қойыпты. Осындай бадырайып жатқан ақиқаттың өзін көрмей, көрсе де, иесінің кім екеніне бас қатырмай санасыздықпен өтіп жатқан сандаған пендеге ескерту жасап есіне салады.
«Топырақтан жаралыппын, жүрегім – жердің мүлкі» деп айта білген бала, толысып кемелдене келе жерді де, жердің егізі адамды да жаратқан Алла деген қорытындыға келеді. Онан ары беріктеп, «Бәрін тегін беріп қойған Аллаға/ Шүкірлігің қайда, мұңсыз бауырым?!» – деп сұрақ қояды.
Ендеше, Нағашыбайдың қаламгерге тән ойшылдық қасиетіне даналар мен даралардың түскен жолы – исламдық көзқарастары кемелденіп танымы орныға түседі, өзі де имандылық деген баянды өмірге кенеледі. Ал, одан ары барлап қарасақ, ақын нәзік те бояуы қанық суреткерлікпен, қасиетті ана тілімен, ішкі түйсігімен ғажайып көріністі жыр жолдарына жанды образ етіп қондырады. Сөзбен салған суреттеріне көркем ойды қосақтап, арасын білдірмей өріп жібереді.
«Ақ боран» («Ғарышқа хат», 104-бет) деген өлеңінде:
Шана әуенге құлақ түр,
Жеткен қырдан сырғанап.
Бөрі – боран ұлып тұр,
Жердің бетін тырналап.
Бұл жолдар арқылы ақырған ақ аяз бен буырқанған боранға қарамай, қыстың қызығымен ойнап жүрген балалардың суретін салады. Соққан боранды жердің бетін тырналаған бөрте бөріге теңейді. Бөрідей ұлыған қаһарлы қыста суықты елең қылмай ойнап жүрген балалардың ерлігі мен өжеттігіне таңғаласың.
Ұнатады ел тұлпар жырдың желісін,
Өледі жыр, тақыр болса өрісі.
Жыр дегенің – жүрегіңнің азығы,
Ой дегенің – піскен мидың жемісі, – деп өзі айтқандай, жырдың өлімі – өрісінің «тақыр» болып, азығының таусылуы. «Тақыр» болудың екі формасы бар. Бірі – ақынның ішкі байлығы – оқығаны, көргені, түйгені, ойшылдығы мен ізденгіштігін қамтиды. Ол болмаса, тақырлану алдымен өзінен басталады. Екінші – сыртқы әлемдегі оқырманның санасы бұлттанып, рухани қажеттілігі суалып, жан сұлулығының жүдеуіне байланысты. Ол кезде ақын еңбегіне сұраныс таусылады. Өрістің тақырлануының шын сипаты осы. Ішкі әлем мен сыртқы дүние жұтаса, тақырлану басталады. Ал, өлеңнің соңғы екі жолы түсінікті пайым.
Не табасың кінәлап,
Оңай емес жыр жазу.
Ой дегенің күрек ап,
Емес шығар жер қазу.
Жылқы – шабыт келгенде,
Сыздап кетер желіндей.
Өлең жазу үшін де
Төзім керек темірдей.
Қазақтың менталитеті менмұндалап тұрған «жылқы» – шабыт сөзі. Қазақтың жаны екі нәрсемен үндеседі, тілдеседі, қатарласады. Бірі – шерткен домбырасы. Енді бірі – мінген аты. Өлең жолдары соны еске салады. Жылқы – шабыт келмесе, өршіл жырлар тумайды. Сарылып отырып қалам тербеудің өзіне темірдей төзім, сетінемес жүйке керек. Сондықтан да қазақтар «Өлең айтсаң жаныңды жеп айтасың» дейді. Жазудың бейнеті одан да күшті. Ауызша айтылған жырдың олпы-солпысы әуенге сүйеніп байқалмай кетуі мүмкін. Ал, хатқа түскен жолдардың ен-таңбасы бадырайып көрініп тұрады. Сол үшін де жаныңды жеп, таусыласың.
Менің түскен ізіме жанасқанда,
Соғып алған олжаға таластым да,
Қасқыр – теңеу қарасын көрсетпей жүр,
Қоян деген өріп жүр қыр астында.
(Қарау керек теңеудің түр-түсіне),
Қалу оңай біреудің күлкісіне.
Бүркіт ойды қорқамын ұшыруға,
Түсе ме деп біреудің түлкісіне.
Қос бүйірін соғып жүр бағы ашылмай,
Ұшқыр қалам мінген соң таң асырмай.
Бүркіт ойды Қоянға салып қайтем,
Оны қиял алып жүр қыр асырмай.
Бұл «Қансонар» деген өлеңіндегі суреттеуіне қарап отырып, өлең жазған ақынға қасқыр теңеулер таба білу керегін аңғартады. Қалам ұстау үшін де қансонарға дайындалған шабыт пен бап керек. Өлең жазу кезіндегі адам жанының бұлқынысы мен түсерін шендестіре, салыстыра отырып саралап береді.
«Сезім тасқыны» атты жырында:
Ақ жауын ойдың бүріккен,
Ақбұлақ сезім – қонағы.
Ақбөкен күндер үріккен,
Ақсаңдап қашып барады.
Мұнда да ақынның жыр жазардағы халі мен түйілген тұсы суреттеліп жатыр. Үріккен ақбөкеннің үдере қашып, даланы шаңдатып, құйындай ұйтқып қырдан асқан сағымы өтіп жатқан күндермен бірдей. Ақбөкен күндер алыстап, уақыт сынаптай сырғып ағып барады. Ақын сол күндердің санаулы секундтарынан өз еншісін ұстап қалады. Ол үшін бап керек, бақ керек!..
Нағашыбай ақын даланың тумасы, қыранның «руласы». Бала жасынан өмірді күзетіп өскендіктен, табиғатқа тамсана қарап көкірегіне келбетін қондырып ержеткендіктен, жыр жаза қалса, ең әуелі қаламына тылсым сурет пен тартымды көріністер ілінеді екен. Ал, оқыңыз!...
Таудың ұшар басына
Ұя салған қыран – бұлт.
Таудың киік – тасына,
Түспек болып жүр аңдып.
Қара күшін байқатып,
Жел – баһадүр ойда жүр.
Тас – қалқанды қаусатып,
Тесіп шыққан найза – гүл.
Сағым – қыздың алып тау,
Құшағына еніп бір.
Байланбаған шың – бұзау,
Сиыр – бұлтты еміп тұр.
Тауды көру арманы,
Қырдың ұлы келіп ем.
Ерейменнің таулары,
Шет-шегі жоқ керуен!..
Бұлты – қыран, тасы – киік, желі – баһадүр, енді бір тасы – қалқан, сағымы – қыз, шыңы – бұзау, бұлты – сиыр, соңында Ерейменнің таулары тізіліп кетіп бара жатқан көш-керуен. Мұндай көркем суреттермен әдемі теңеулер Нағашыбай өлеңдерінен молынан кездеседі. Ақын кетіп бара жатып та, ұйықтап бара жатып та табиғат аясында, суреттер галереясының ішінде жүретін секілді. Жыр жаза бастаса – сурет салады, сөз айта бастаса – теңеу табады. Бұл – далада туып, кең дүниенің құшағында құлындай құйғытып, қозыдай қарғылап өскен баланың кешегі көрген өмірінің бүгінгі есейгендегі жадында қалып қойған суреттерінің жанды көрінісі.
Сыншы Жұма-Назар Сомжүрек ағаның Нағашыбай ақын туралы: «Аллитерация, ассонанс деп аталатын дауысты дыбысты және дауыссыз дыбысты сөздердің жыр жолдарының басы мен орталарында қайталанып қолданылуы сыртқы буын ұйқасына ішкі ұйқасты жымдастырып өлеңге көрік береді», – деп жазыпты. Бұл ерекшелігі – Нағашыбай Қабылбектің тағы бір әдемі тәсілі. Сұлу сөзбен үндестік үйлесім тауып, жыр жолы құлпыра түседі екен.
Көктемім жетіп сағынған,
Күтемін оны күлімдеп.
Кетіп ем сосын ауылдан,
Көтерем жырдың туын деп.
Күндерім сынап ағады,
Көндікпей маған қойған бір.
Күлдіреп саусақ қалады,
Күркіреп кетсе қайран жыр!..
Бұл секілді шумақтарды да көптеп кездестірдім. Ақынымыз алып та жығады, шалып та жығады. Ол тумысы жырдан жаралған жан. Тақырыбы сан алуан, қолымыздағы «Ғарышқа хат» кітабындағы алты бөлім сөзімізге дәлел. Теңіздің дәмі тамшысынан деп, ақылымыз жеткенше айтып өттік. Артық-кемін саналы оқырман бағамдап жатар. Негізінде, Нағашыбай – жан-жақтылы жазатын қаламгер. Оның журналистикасы, сатирасы, әңгіме-эсселері, публицистикасы, сын мақалалары өз алдына сөз етуге лайық тақырыптар. Қолымыздағы «Сын мен Шың» (Алматы, «Қоңыр» 2022 жыл) атты прозалық жинағы да оқырманды бейжай қалдырмайтын кітап. Мен өзіме біршама жақын поэзиялық шығармасы «Ғарышқа хат» атты еңбегіне ден қойдым.
Елу деген ердің жасына келген азамат ақынға айтарымыз мұнан да көп еді. Дегенмен, кітабын көпке таныстырып, оқырманға жырларынан шашу шаштық. «Алар асуыңыз биік болсын, бауырым!» деген тілекпен мақаланың нүктесін қоямыз!
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, аудармашы,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері
АСТАНАДАҒЫ «АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫМ»
Қасиетті Торғай топырағы талай данышпан мен ағартушы-ұстаздың алтын бесігі екені мұқым қазаққа бұрыннан мәлім. Ағартушылық біреулер үшін мамандық болса, енді біреулер үшін – өмірлік миссия. Мамандығы басқа болса да, ақындығымен һәм журналистігімен танылған Нағашыбай Қабылбек те – елге жақсылықты насихаттау, жас буынға ілім-білім мен ұлттық тәрбиені үйретуді өзіне міндет санаған жан.
Нағашыбай Жолдыұлымен таныстығымыз 2016 жылдың қаңтар айында басталды. Жұмыс іздеп жүргенімде белгілі жас алаштанушы Елдос Тоқтарбай бір күні мені «Қазақстан-ZAMAN» газетінің Бас директорының орынбасары, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызына жолықтырды. Астанадағы тілшілер қосыны мені өте жақсы қабылдады. Сөйтіп, осы газеттің тілшісі болып шыға келдім. Кейін Сәуле апамыздың батасын алып, Нағашыбай ағамыздың нұсқауымен талай пресс-турға бардым. Өйткені Нағашыбай ұстазымыз «Жассың, білгеннен білмейтінің көп. Ер азығы мен бөрі азығы – жолда. Шаба бер, бала» деп қамшылап отырып, іссапарларға жіберетін. Сөйтіп жүріп арқалы ақынмен бірнеше жыл бірге қызмет істедік.
Он жыл ішінде әріптес ағамның бір басында көп өзгеріс болды. Үйі мен көлігі өзгерді, ұлы үйленіп, келін түсірді, немерелі болды. Қызы тұрмыс құрып, жуырда ғана жиені өмірге келді. Шүкір айтатын басында зор нығметі, оң өзгерістері бар. Тек өзгермегені адамдармен көркем қатынасы, қазақилық пен мұсылманшылықты ұштастыра білген Алаш ардақтылары Ахаң мен Жақаңнан дарыған мінезі.
Кім болса да өтінішпен келсе, бетін қайтарғанын, телефон шалса, тастай салған немесе жауап бермеген кезін көрген емеспіз. Себебі, адамдарға жақсы көрінуді емес, жақсылық жасауды жаны қалап тұрады. Нағашыбай ұстазбен бірге қызмет істеген немесе бірге сапарлас, көрші болған адамдардың ішінде оны жақсы көрмейтін, құрметтемейтін жан жоқ. Өйткені оның қасында ұзақ жүрген адам Нағашыбай Жолдыұлының үлкен жүректі азамат екенін көреді. Ұстазымыз өзі жақсы болып қана қоймай, үй ішіне де сол жақсылықты жая білген. Жас маман ретінде ұстазды әрдайым үлгі тұтқан болсам, оның отбасын да өзімізге үлгі етеміз. Елуді еңсеріп, мерейлі жасқа жеткен Астанадағы алғашқы әрі өмірлік ұстазым Нағашыбай Жолдыұлына зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,
«Qazaqstan dauiri» газетінің
2016-2018 жылдарда қызмет еткен Астанадағы тілшісі