Түркістан облысында түрлі салаларға инвестиция тарту жұмыстары да қарқын алып келеді. Өңірге алыс-жақын шетелдерден келіп инвестиция салуға ниеттенушілер көп. Таяуда облыс әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет шетелдік инвесторларды қабылдады. Қытайдың Шанхай аймағынан келген делегация өкілдеріне Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
– Биыл Шанхай қаласында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық кеңсе ашуға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымызды айтамыз. Бұл – өңір туризмі үшін маңызды қадам. Сіздермен өндірістің сан саласында әріптестік орнатуға дайынбыз. Облыста индустриалды аймақтар, өндірістік парктер, арнайы экономикалық аймақ бар. Ауылшаруашылығынан бөлек, өндіріс, туризм және өзге де бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді өңір басшысы Нұралхан Көшеров.
Өз кезегінде шанхайлық делегация өкілдері мен ірі кәсіпкерлері Түркістан өңіріне қызығушылық жоғары екенін, жобаларды талқылауға дайын екендерін жеткізді. Олар Түркістан облысының туристік орындары туралы Қытайда ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізбек. Сонымен бірге инвесторлар алманы терең өңдеп, Еуропаға экспорттау, ұн және наубайхана шаруашылығын дамытып, өз елдеріне экспорттау, түсті металдарды терең өңдеу, киім тоқу саласы бойынша да өндіріс орындарын ашып, бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар екендерін айтты.
Қос тарап аталған ұсыныстарды зерделеп, тиісті келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.