Сайын Мұратбекұлының «Жусан иісі» повесі қалай басталатыны есіңізде ме?
Ең басында «біздің ауыл Ешкіөлмес деген кішкене қоңыр таудың дәл етегінде еді…» дегендегі Ешкіөлместің қандай мекен екенін көру әрқайсысымызды қызықтыратын сұрақ. Бүгін таңғы салқынмен Алматыдан осы Ешкіөлмес тауындағы Қоңыр ауылына жол тарттық.
Жетісу облысының аумағына кіріп келген сәттен қызық басталып, жолбасшымыз Елдос Тоқтарбайдың танымдық әңгімелерін тыңдадық. Бірінші аялдамамыз Жоламан ауылының маңында болды. Жоламан атауының сонау Шыңғыс хан заманынан басталғанын білетін бе едіңіз? Қаһарлы билеушінің соңғы демі шыққан жер – осы Жоламан мекені екен. Бұл туралы «Шыңғыс ханның ақ бұлты» шығармасында баяндалыпты.

Екінші рет Талдықорған қаласында аялдадық. Қадырғали Жалайыридің ескерткішінің тарихынан Ілияс Жансүгірұлы көшесінің тағдыры туралы әңгіме өрбіттік.
Үшінші аялдама – Қоңыр ауылының кіреберісі. Көзіме ерекше түскені – кіреберістегі ескерткіште қошқарлар мен жылқының, бидай мен ұлттық аспаптардың бейнеленгені. Суреттер не білдіреді екен деп, ауылды сайын көргіміз келіп кетті. Ауылға 11 шақырым ғана қалды. Автобусымыз қыраттың төбесіне көтеріліп келе жатыр. Терезеден көрінетін сары-жасыл алқап көзді баурайды. Қоңыр ауылына кірген бойда қаламгер Сайынның суреттері жан-жақтан қарсы алды. Биыл белгілі суреткердің 90 жылдық мерейтойы екен. Сөйтіп, Қоңыр ауылында Сайын Мұратбекұлының тұрған үйіне келдік. Бізді Сайынның туған бауырлары Ғалым аға мен Майра апай күтіп алды. Көз алдымыздағы кішкентай ақ үйді Сайын ата Алматыдан оралған соң, өзі салған екен, 1954-1957 жылдар аралығында үш жыл тұрыпты.

Ақ үйден кейінгі беттегеніміз – Сайын бұлағы. Оған жету үшін ауылдың көліктеріне мініп бардық. 15 минутта жететін жер екен. Біздің бара жатқан тауымыз дәл Ешкіөлмес екен. Бұл атау қарлы боранда таудың сайына мың ешкі кіріп, аман қалғанына байланысты қойғанын «ATA Travel» гиді Елдос ағай айтып берді. Расында да таудың төбесінде қатты жел соғып, жыраға түскенде тымық болады екен. Әңгіме айтып, қалың бір тоғайдың маңына жақындағанымызды байқамай қалдық. Десе, бұл Сайынның шығармаларында кеңінен сипатталатын «Кәментоғайы» екен. Тоғайдың ішіне кірместен басында тұрған Сайын бұлағына бардық. Осы бұлақты Сайын өзі қаздырыпты. «Жусан иісіндегі», «Кәментоғайдағы» және Сайынның басқа шығармаларында сипатталатын оқиғалар осы бұлақтың басында орын алыпты. Сайынның балдәурен балалығы мен жастық шағы осында өтті. Мұндай тарихи бұлақтан су ішу – біздің басымызға қонған бақтай қуаныш. Сайын-бұлақтың салқын суы күннің ыстығын басып, әр ұрттаған сайын бойымыз қуаттана берген секілді.
Сайын-бұлақ басындағы тәтті естеліктің бірі – Қоңырдың қуырдағы. Бұл ел қуырдағына қамыр қосатынымен ерекшеленді. Дастарқан басында Сайын атаның туғандары жазушы өмірінен естелік айтып, көз алдымыздағы Сайын Мұратбекұлының бейнесін толықтыра түсті. Маған ерекше әсер еткен әңгіменің бірі – Сайынның бүкіл танымал әңгімелерін небәрі 35 жасына дейін жазып бітіргені. Демек, Сайын Мұратбекұлы қазақ әңгіме жанрының хас генийі болған ғой? «Жазушының кемшілігін романынан табу қиын, ал әңгімеде – бірден білініп қалады» деп дастарқан басында Қабдеш Жұмаділдің сөзін келтірген жазушы ата Нұрдәулет Ақыш менің ішкі сұрағыма жауап бергендей болды.

«Жабайы алма» повесі есіңізде ме? Ол ойдан құрастырылған емес, жазушының өз өмірінен алынған оқиға екен. Сайын-бұлақтың айналасында атпен серуендеп жүріп, алма өсіп тұрған ағаштарды көрдік. Жабайы алма екен. Тәттілігі соншалық, ауыл адамдары мұнда арнайы келіп, алма теріп кетеді екен. Бір ағаштың түбінде Сайын-бұлақтың маңында бізбен сапарға бірге шыққан жас қаламгер Нұрбек Нұржанұлы мен жазушы боламын деп жүрген Толағай Есболатұлы Сайын Мұратбекұлының жолын берсін деген ізгі ниетпен бір аунап шықты.

Бұл сапарымыз көңілден шықты. Жазушының ауылына танымдық сапардың ұйымдастырылуын алғаш рет көруім. Бәлкім, мұндай сапарлар бұрын мүлде ұйымдастырылмаған да шығар? Сайын ауылына мұндай тамаша сапарымызды ұйымдастырған Елдос Тоқтарбай, Диас ағаларыма, Сайынның бауырлары Ғалым аға мен Майра апайға, ауыл әкімі Арай Елубекұлы мен ауыл молдасы Тұрар имамға алғысымыз шексіз! «Жусан иісі» аңқыған даланы көріп, «Жабайы алманы» жеп қайтқанға не жетсін?! Сайын Мұратбекұлының ізімен жүріп өткенге не жетсін?!..

Даниял АЙДАРОВ















