Рысқұлов ауданы экономикасы: Өсім және өзекті мәселелер

Рысқұлов ауданы экономикасы:  Өсім және өзекті мәселелер

Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы Т.Рысқұлов ауданы экономикасының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын айғақтайды. 

Жалпы шығарылған өнім көлемі өткен жылғы 14,9 млрд теңгемен салыстырғанда 18,2 млрд теңгені құрап, 22,1 пайыз артық орындалды. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі – негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі айтарлықтай өсіп, 3,9 млрд теңгеге жетті және 135,1 пайыз орындалған. Бұған қоса, құрылыс көлемі 2,5 млрд теңгемен 159 пайыз, ал тұрғын үйді пайдалануға беру 3478 шаршы метрмен 106,6 пайыз орындалып, құрылыс секторындағы белсенділікті көрсетіп отыр. Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,3 млрд теңгеге жетіп, 100,4 пайыз орындалса, бұл жерде мал шаруашылығының үлесі басым. Бөлшек сауда тауар айналымы да 3 млрд теңгемен 105,2 пайыз деңгейінде қалыптасқан.

Алайда, оң көрсеткіштер қатарында өнеркәсіп өндірісінде біршама кемшілік бар. 7,5 млрд теңгенің өнімі өндірілгенімен (былтырғыдан 2 млрд теңгеге артық), Нақты Көлем Индексі (НКИ) 86,4 пайыз ғана орындалған. Бұл көрсеткіштің төмендеуінің негізгі себебі Доре қорытпасын өндіру көлемінің азаюына байланысты. Себебі, Көкқия кен орнын игеруде ашық әдіспен тау-кен өндіру жұмыстары карьерді тереңдетуді және бос тау жыныстарын жоюды талап етуде. Бұл табиғи ортаның өсуіне, пайдалы компонент (алтын) құрамының төмендеуіне және сәйкесінше Доре қорытпасы өндірісінің азаюына әкеліп соқты.

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму мақсатында ауданда жалпы 7,4 млрд теңгеге (оның ішінде 2025 жылға 2,7 млрд теңге) 13 жоба жоспарланып, жүзеге асырылуда. Бұл қаражат негізінен ауыз су (3,1 млрд теңгеге 5 жоба), білім (2,1 млрд теңгеге Малдыбай ауылында 120 орындық мектеп құрылысы мен мектепті күрделі жөндеу), автожол (507,3 млн теңгеге 3 жоба) және спорт (427,9 млн теңгеге Құлан ауылында спорт кешенін салу) салаларына бөлінген.

Сонымен қатар, жеке секторға 6,0 млрд теңге инвестиция тартылып, 19 жоба іске асырылды, нәтижесінде 105 адам жұмыспен қамтылды. Ірі жобалар қатарында Құлан ауылындағы бірнеше әмбебап сауда үйлері, өндірістік цехтар және жанармай құю станциялары бар. Ауылшаруашылығында да инвестиция белсенді: 73 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынып, 7 шаруашылық су үнемдеу технологияларын енгізуге 1,76 млрд теңгеден астам қаражат салды.

Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрап, облыстық көрсеткіштен төмен. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2091 азамат тартылып, 890-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Алайда, орташа номиналды айлық жалақы 282,7 мың теңге болып, облыстық деңгейден (308,9 мың тг) 8,5 пайыз аз. Бұл айырмашылықты қысқарту мақсатында 57 кәсіпорында 114 жұмыскердің жалақысы орташа 21,4 пайызға көтеріліп, 187 адамның еңбек қатынастары заңдастырылды.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері І жартыжылдықта жоспардан 110,8 пайыз артық орындалғанымен, жалпы бюджеттің 3,9 млрд теңге жоспары 97,5 пайыз игеріліп, 101,2 млн теңге игерілмеген қаражат қалған. Бұл, негізінен, республикалық бюджеттен Қарақат су каналын қайта жаңғыртуға қаражаттың түспеуіне байланысты болған.

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері 17 жеке қабылдау өткізіліп, 102 тұрғын қабылданып, көтерілген 74 хаттамалық тапсырманың 42-сі шешімін тапқан. Ауданның көгілдір отынмен қамту деңгейі 99,5 пайыз, жолдардың жағдайы 95,7 пайыз, ал таза ауызсумен қамтамасыз ету 96,1 пайызды құрайды. Дегенмен, әлеуметтік салада шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелер де жоқ емес: 10 мектепте спорт залының, 5 бастауыш мектепте асхананың жоқтығы, 22 білім беру нысанына күрделі жөндеу қажеттілігі және Луговой, Арай, Панфилов тұрғын үй алқаптарына инфрақұрылым (су, газ, кәріз) тарту мәселелері алда тұр. Бұл мәселелер ауданның даму жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен шешілетін болады. Жалпы, аудандағы әлеуметтік-саяси ахуал тұрақты.

 

 

А. ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы
02.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 344
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 488
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 334
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 192

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18248
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18108
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33297
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31848
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35564