Қазақстанда зейнет жасы туралы 2011 жылдан бері жиі айтыла бастады. Бұл ауқымды тақырып аясында біраз өзгерістер болғанын оқырман қауым жақсы біледі деп ойлаймыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестіріп, біртіндеп 63 жасқа көтеру туралы шешім шықты. Алайда қоғамда бұл шешімге қарата наразылықтар көбейді. Еңбек жағдайының ауырлығы, денсаулыққа келетін салмақ пен әлеуметтік мәселелерді алға тартқан аналар зейнет жасының ұзаруын қаламайтындықтарын айтып дабыл қақты. Ақыры қоғам талабын ескерген билік, аталмыш мәселеге 01.01.2028 жылға дейін мораторий жариялаған еді. Төменде осы тақырып аясында тынбай ізденіп, мәселе көтеріп келе жатқан «Әйелдер мен отбасы құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, алматылық қоғам белсендісі Раукен Оразалықызымен өткізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Елімізде 318,5 мың жұмыссыз әйел бар
– Елімізде қоғамның күшті аңысын қозғаған тақырыптардың бірі әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен ұзарта отырып 63 жасқа көтеру болған еді. Сіздер бұл мәселе төңірегінде қарсы пікірлеріңізді жалғастырып келе жатыр екенсіздер. Алдымен осыған тоқтала кетсеңіз?
– Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын ұзарту мәселесіне қарсы пікір білдіріп келе жатқанымызға биыл бесінші жылға аяқ басты. Билік бұл шешімге барудағы негізгі себептері ретінде өмір сүру жасының ұзаруы, зейнетақы қорына жинақталып жатқан қаржы көлемінің аздығы, еңбек ресурстарының тапшылығын алға тартты. Сонымен қатар халықаралық тәжірибелерді де ескеріп отырғандықтарын білдірді. Ал одан да маңыздысы БЖЗҚ-дағы жинаққа тәуелділік мәселесін реттеу деп түсіндірді.
Біз бұл шешімдерге байланысты Үкіметтің ұстанымдарымен келіспейтіндігімізді бірден ортаға салдық. 2022 жылы «Күміс жас» деген жоба енгізілді. Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, елімізде 50-ден 60 жасқа дейінгі тұрақты табысы жоқ 325 мың әйел бар, ал 2022-2023 жылдары «Күміс жас» жобасы аясында 50 жастан асқан 6500-ден астам әйел жұмыспен қамтылған екен. Бұл министрдің айтып отырған 325000 жұмыссыз әйелдің бар болғаны 2%-ын құрайды деген сөз. Ал қалған 318,5 мыңы жұмыссыз қалды! Олар не істеуі керек? Егер бұл әйелдер 55-58 жасында жұмыссыз болса, олардың зейнетақы төлемдерінің деңгейі қалай өседі? Жұмыссыз отырған 55-58 жастағы әйелге тағы 3-6 жыл ішінде қайдан жинақ жиналмақ? Олар қайда бару керек? Қайыр сұрауға ма, әлде бірден молаға кетуі керек пе?
Ендеше бұл жобалар да мәселені түбегейлі шеше алмайтыны белгілі болып отыр. Тіпті халыққа емес, белгілі бір топты байытуға арналған жобалар деп айтуға болады. Ондай болса 2022-2023 жылдар аралығында «әйелдерді жұмыспен қамтамасыз еткен» жұмыс орындарын толығымен тексеру керек. Статистикалық мәліметтерді сұрату, бюджет қаражатының қайда жұмсалғандығын анықтау керек шығар...
Бізге түсініксіз болып отырғаны – 50-60 жас аралығындағы жұмыссыз әйелдердің жағдайы. Министрлік деректеріне жүгінсек, елімізде мұндай адамдардың саны 300-350 мың шамасында екен. Бұл тұста ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгемен жұмыс істеп жүрген аналардың жағдайы не болмақ? Соншалық төмен жалақымен жүріп БЖЗҚ-ға қажетті соманы қалай жинақтай алады олар?
Тағы бір мысал. Министрліктегілер жұртқа «61 жастан асқаннан кейін де жұмыс істей береміз деген аналар көп» дегенді айтып отыр. Шынтуайтына келгенде, мұндай адамдар өте аз. Біздің ойымызша, мұндай талапты қойып отырғандар Кеңес кезеңінен бастап банктерде, салық органдарында, оқу орындары мен медициналық мекемелерде жұмыс істегендер болуы мүмкін. Олар жеткілікті қорды жинақтап алғандар. Әрі жұмыс істеуге қабілеті бар адамдар. Елімізде БЖЗҚ туралы шешімдер 1990 жылдардың соңына қарай шыққанын білесіздер. Ал бұл тұста Қазақстан бойынша зауыт-фабрикалар мен тұтас жеңілөнеркәсіп саласының тоқырауға ұшырап, адамдар жаппай жұмыссыз қалған кезі еді. Осы жерде жұмыссыз, жалақысыз қалған әйелдердің жағдайын неге ескермейміз? Ал ЖШС-ларда жұмыс істегенімен де өз қызметкері ретінде тіркемей қолма-қол ақшамен есеп айырысқандар да көп болды. Яғни жаңа шешімдер қабылданған сәттен бастап, мемлекеттік мекемелер БЖЗҚ-ға аудара бастады десек те жеке секторда бұл әртүрлі жолдармен жүзеге асты. Осылайша олардың қорына лайықты қаражат жинақталмай қалды.
Зейнет жасына байланысты 3 себеп
– Азаматтардың жекелеген санаттары туралы мәселеге келгенде көпшіліктің пікірі бір арнаға тоғысатын сияқты. Ал сіздер бұл туралы не айтасыздар?
– Азаматтардың жекелеген санаттары туралы айтқанда пікірлер бір жерден шығып отыр деуге келмейді. 2021 жылы 28 ақпанда ҚР Президентіне, ҚР Үкіметі мен ҚР Парламентіне әйелдерге 58 жастан бастап зейнетке шығу құқығын беруді сұрап бірнеше түрлі себептерді алға тарта отырып өтініш жолдаған болатынбыз.
Бірінші, жалпы еңбек өтілі 30-35 жыл және одан да көп қызмет еткен әйелдерді 58 жаста толықтай зейнетке шығу құқығын беру.
Екінші, жасы 58-ге толған, алайда жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарында 6 айдан 12 айға дейін есепте тұрған, қысқасы, жұмыс таба алмаған әйелдерге 58 жастан бастап зейнетке шығу құқығын беруді сұрадық. Мұндай әйелдердің саны туралы нақты деректер қажет.
Үшінші, 58 жастағы әйелдерде, егер олардың түрлі аурулары болып, толыққанды жұмыс істеуге шамалары келмесе немесе жеңіл еңбек пен толық күн жұмыс істеуге шамалары келмейтін әйелдерді жедел түрде зейнетке шығару керек. Мүгедек санатына жатпағанымен де жұмысқа жағдайы жар бермейтін адамдар болады. Мысалы үшін жүрек-қантамыр жүйесінде ақауы бар адамдар, Тыныс алу жүйесінде ақауы бар адамдар. (Бастапқы сатыдағы созылмалы бронхит, бронхиолит, өкпенің жеңіл созылмалы обструктивті ауруы, өкпе тінінде бұрынғы қабынудан қалған тыртық, бірақ тыныс жеткіліксіздігі айқын емес...), зәр шығару жүйесі және бүйрегі әлсіз адамдар бар. Бүйректің функционалды төмендеуі асқына берсе, адам денсаулығына айтарлықтай зиян келетіні сөзсіз. Онан бөлек жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты нашар адамдар мен эндокриндік жүйесі бұзылған адамдарды да ойластыру керек. Мұндай адамдар мүгедек деп саналмайды, бірақ ауыр физикалық еңбекте, түнгі ауысымда, стресс пен шамадан тыс жүктемеде жұмыс істесе, денсаулығы күрт нашарлайды. Оларға жартылай еңбекке жарамдылық, жеңіл еңбек жағдайы немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілуі мүмкін. Ал оның артында қыруар әңгіме күтіп тұрған жоқ па? Мұндай жағдайдағы әйелдерді де 58 жастан зейнетке шығаруды ойластыру керек.
Бірде Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Юрьевич Дудникпен жолыққанымызда сол кісінің аузынан «Қазақстанда 55-63 жас аралығындағы әйелдердің арасында 857 мың адам диспансерлік тіркеуде тұр» деген ақпаратты естідік. Сол кездесуде кейінгі жылдардағы молайып бара жатқан өлім-жітім көрсеткіші де ортаға салынып еді. Ендеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тек қана қаржылық мәселелерді алға шығара бермей, денсаулық саласындағы ғылыми статистикаларға да көңіл бөлгені жөн дейміз. Яғни Қазақстандағы нақты жағдайларды сараптай отырып, ғылыми тұрғыдан да зерттеулер жасалуы керек.
Төртінші, отбасында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандықтан, еңбек өтілі болмаған әйелдерге 58 жасқа толғанда зейнетке шығу құқығын беруді қарастыру керек.
– Әйелдердің зейнет жасын ұзарту мәселесі 2011 жылдан бері қызу талқыға түскен тақырып еді. Сонан бері де өзектілігін жойған жоқ. Мұнда биліктің де уәжімен келісуге болатын сияқты. Әсіресе білімді, білікті кадрларға тапшылық байқалып отырғанда аға буынның потенциялын неге пайдаланбасқа?
– Бұл үшін жоғары оқу орындары мен аға буын өкілдерін тарта отырып жұмыс істеу керек. Сосын кәсіпкерлермен келісе отырып ортақ идея ойлап тапқан жөн бе деймін. Яғни аға-буын өкілдерінің, кәнігі мамандардың білім тәжірибесін кейінгі ұрпаққа сіңіретіндей, оларды тәрбиелеу ісіне араластыру, ынталандыру, керек болса міндеттеу керек. Онсыз болмайды да. Жастардың дайын маман болып шығуына аға-буын өкілдерін тарта отырып бостықтың орнын толтыруға бағыттамасақ, бәрібір маман тапшылығынан құтыла алмаймыз. Жастарды еңбекке баулу, мамандар тапшы жерлерге тартудың дұрыс жолын әліге дейін таппай отырғанымыз белгілі. Білім-ғылым саласы болсын, өндіріс ошақтары болсын көптеген саламыз бейшара халде екендігін мойындауға тура келеді. Бұған барлық саланы жайлап алған жемқорлық, тамыр-таныс арқылы жұмысқа тұру сынды қоғам дертін қосыңыз. «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламалар біршама жемісті болды. Алайда маман тапшылығы қалада да бар. Тіпті мұндайды шешу үшін Кеңес Одағы кезіндегі тұрғын үймен қамтамасыз ету сынды кейбір тәжірибелерді қолдану керек шығар. Өкінішке қарай, баспана мәселесі басты уайымға айналған заманда мұны бір ізге түсіру де оңай емес. Қазіргі кезде зейнет жасынан асқан адамдардың әлі де жұмыста жүруін әрқайсы мекеме өздері шешіп келеді. Дегенмен бұл тақырыпты мемлекеттік деңгейде тәртіпке түсіріп, жүйелеп алған дұрыс болар еді.
Қазақстанды дамыған елдермен салыстыруға БОЛА МА?
– Әдетте әлеуметтік мәселелер төңірегінде айналамызбен салыстырулар жасауға құштармыз. Көбінде ТМД елдерімен рейтинг қуалауды жақсы көреміз ғой. Өзге елдерде бұл жағы қалай болып жатыр?
– Иә, рейтинг салыстыруды жақсы көреміз. Әйелдердің зейнет жасы туралы мұндай салыстыруларды жасап та көргенбіз.
Салыстырмалы түрде көз жүгіртсек, Ресейде 60 жас, Украинада 60 жас, Тәжікстан мен Белоруссияда 58 жас, Өзбекстанда 55 жаста, Қырғыз Республикасында 58 жаста зейнетке шығады екен. Ал, Түркіменстанда әйелдер 57 жаста зейнеткер атанады. Алайда түркімендерде көпбалалы аналардың зейнет жасы әртүрлі есептеледі. Мысалы 3 баласы бар ана 56 жаста, 4 баласы бар ана 55 жаста, 5-7 баласы бар аналар 54 жаста, 8-ден көп бала туғандар 52 жаста зейнеткер атанады. Керісінше Еуропа мен Азияның кейбір дамыған елдерінде әйелдер зейнетке кеш шығуы мүмкін. Өкінішке қарай, айлығы шайлығына жетпей жүрген қазақ аналарының жағдайын олармен салыстырудың өзі қиын.
Еуропадағыдай жағдай жоқ екендігін айтпай-ақ қояйын... Соны біле тұра неге біз Қазақстанды өзге дамыған елдермен салыстырамыз? 1990 жылдардың тоқырауы кезінде біздің аналар не көрмеді? Сөйтіп жүріп денсаулықтарынан айырылған жоқ па? Сондай аналардың жағдайын ескермей, қалайша оларды 63 жасқа дейін еңбекке тартқалы отыр біздің билік? Ақылға сыймайтын нәрсе ғой.
– Сіздер бұл тақырыпты тынбай көтеріп келе жатырсыздар. Бұдан қандай да бір жақсы нәтиже шығады деп ойлайсыз ба?
– Біздің қоғамдық бірлестігіміз зейнет жасын төмендету мәселесін 5 жылдан бері тынбай көтеріп келе жатыр. Жүрісіміз нәтижесіз қалды деп ойламаймын. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерімен (әр жылдары), «AMANAT» Партиясының өкілдерімен, Парламент мәжілісі депутаттарымен талай рет кездесулер өткізіп, өз пікірлерімізді жеткіздік. Барлық кездесулерге қатынасқан лауазымды тұлғалар мен билік басындағы азаматтар біздің пікірлерімізді жоққа шығара алмады. Керісінше ойланып қайтты десем артық болмас. Бұл мәселе жөнінде жарияланған мораторийдің өзі осындай пікірлерімізді батыл ортаға салудың нәтижесі деп ойлаймын. Қазірге дейін депутаттар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарата 60 хат жолдадық. Президент әкімшілігіне 30 хат жолдадық. Мәжіліске 168 хат, Премьер-министрдің атына 28 хат жолдадық. Осылайша құзырлы мекемелер мен лауазымды тұлғалардың назарына жалпы 300-ден аса хат жолдап, өз талап-тілектерімізді дәлел-дәйегімен жеткізіп келеміз. Бұл үрдіс әлі де жалғасып жатыр.
Нақты жағдайға үңіліп, әйелдердің жағдайын ескере отырып бірнеше санатты белгілеп шықтық. Бұл айтып отырған пікірлерімізге қазірге дейін ешбір басшы немесе лауазым иесі қарсылық білдірген емес. Алдағы уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты тұлғаларымен дөңгелек үстелде отырып талқылаулар жасалуы мүмкін.
– Уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан –
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ