Қытай Орталық Азияға неге мүдделі болып отыр?

Қытай Орталық Азияға неге мүдделі болып отыр?

Екінші кезекті «Орталық Азия-Қытай» саммиті аяқталғанымен, БАҚ-тағы дүбірі әлі басылмай тұр. ҚХР-дағы басылымдар Астанада өткен саммиттің ұйымдастырылу қызметінен бастап, күн тәртібіне қойылған мәселелер мен геосаясаттағы бағытына  жоғары баға берді. Сондай-ақ бұл саммиттің мән-маңызына тоқтала келіп «Төраға Си Цзиньпиннің дипломатиялық бастамалары мен жалпы Қытай дипломатиясының сәтті тәжірибесінің айғағы болды» деп бағалады.

Ал батыс басылымдары бұл жиналыстың өтуіне өзгеше бір қырынан үңіліп жатыр. Яғни, Ресей Украинамен әлек болып, жан-жағына қарауға мұршасы тимей тұрған орайлы сәтте, ресми Бейжің Орталық Азияға дендеп еніп барады деп отыр. Бұдан өзге, Бейжіңнің алға қойып отырған экономикалық ықпалдастық, ортақ мүдде секілді ұстанымдарының ар жағында Орталық Азиядан төнетін терроризм, сепаратизм және экстремизм сынды лаңкес күштерді тамырымен жоғалту сынды ұзақ мерзімді стратегиялық жоспары жатыр деп есептейтін де сарапшылар бар. Біз төменде осы тақырыптарға қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік.

 

Орта Азия елдерінің есебі...

 

Қытаймен қарым-қатынасты тереңдету мәселесінде аймақтағы 5 елдің де ішкі есептері бірдей деуге болады. Олар Қытай инвестициясын тарта отырып, елдің экономикалық әлеуетін арттыруға барынша талпынып отырған жайы бар. Сонымен қоса Мәскеудің ықпалын төмендете отырып, бірыңғай орысқа арқа сүйеу сынды қалыптасқан жүйені бұзғысы келетіні анық. Қазіргі таңда аймақта Ресей, Қытай және Түркия сынды үш елдің ықпал күші алға озып шықты. Анығында Орта Азия елдерінің мақсаты осы үш елді ортаға тарта отырып, тепе-теңдікті сақтау болып табылады. Мысалы үшін қысқаша салыстырулар жасап көрейік.

Қытай мен Қазақстан – мәңгілік татулыққа уағдаласқан ел. Қазір қытайлық кәсіпорындар мен инвесторлардың Қазақстан нарығындағы үлесі жылдам артып келеді. Кезекті саммит аясында айтылған мәліметтерде Қытайдың Қазақстан нарығына салған инвестиция көлемі 26 млрд доллардан асқандығы, «Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтіндігі» белгілі болды. Бұл кәсіпорындар 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Жалпы Қытай елі экономика, сауда, ивестиция салалар бойынша Қазақстан нарығындағы ең ықпалды 5 ойыншының қатарына кіреді.

Қытай Өзбекстанның ең ірі сауда серіктесі және қомақты инвестиция салып отырған маңызды елге айналды. Қазірге дейін Қытайдың Өзбекстандағы жиынтық инвестициясы мен қаржыландыруы 15 миллиард доллардан асқан. Қазір бұл елде Қытай қаржыландыратын 3000-ға тарта кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Екі елдің арасындағы байланыстардың негізгі бағыты мұнай-газ, химия өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі, электр энергиясы, көмір, құрылыс материалдары, ауылшаруашылығы, суды үнемдеу, қаржы, логистика, автомобиль жасау, индустриалды парктер және халықаралық инженерлік келісім-шарттар сияқты кең ауқымды салаларды қамтиды.

Қырғыз Республикасы мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары жандана бастады. Қырғыз еліндегі саяси жағдайларға байланысты екі ел арасындағы байланыс баяу жүріп келген еді. Қытай Қырғызстанның ең ірі сауда серіктесі болып табылады және екі ел арасындағы сауда көлемі артып келеді. Ресми ақпарат көздеріндегі деректерге сенсек, Қырғызстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі 2025 жылдың 18 сәуірінде 5,5 миллиард долларға жеткен екен. Бұл рекордтық көрсеткіш дейді мамандар. Қазір қырғыздар Қытай азаматтары үшін визалық жеңілдік мәселелеріне жіті назар аударып отыр. Осы мақсатта Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті Қытайдан келетін ұйымдастырылған туристік топтар үшін 21 күнге дейін визасыз саясатты жүзеге асырды. Сонымен қатар, шетел азаматтарының, оның ішінде Қытай азаматтарының Қырғызстанға іскерлік, туристік және жеке сапармен келуін жеңілдету мақсатында Қырғызстан жаңа жалпы виза санаты – Сапар визасын енгізді. Виза 90 күнге дейін жарамды және бір реттік немесе көп мәртелік визалар үшін пайдалануға болады.

Тәжік-Қытай қатынастары да жыл сайын ілгерілеп келе жатқандығын байқауға болады. Қытай Тәжікстанның Ресейден кейінгі екінші орында тұратын сауда серіктесі болып табылады. Қытай басылымдары таратқан деректерде Қытай мен Тәжікстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 2024 жылы 3,68 миллиард долларға жетіп, бір жыл бұрынғыдан 1,7%-ға азайды. Қытайдың Тәжікстанға экспорты 3,512 миллиард АҚШ долларын құрап, бір жылмен салыстырғанда 4,5%-ға азайды, ал Тәжікстаннан импорты 348 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,4%-ға өсті. Бұл жерде Қытай ықпалының артуын қаламайтын сыртқы күштердің де рөлі зор екенін аңғаруға болады.

Аймақтағы біршама жабық жатқан ел Түркіменстан да Қытаймен байланысын тереңдетуге барынша мүдделі. Олар Қытай нарығына мұнай-газ сатуды жолға қойған. Қытай статистикасы бойынша, 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 10,647 миллиард АҚШ долларын құрап, бір жыл бұрынғыдан 0,5 пайызға артқан. Оның ішінде Қытайдың экспорты 1 миллиард 290 миллион АҚШ долларын құрап, бір жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға өсті, ал импорт 9 миллиард 618 миллион АҚШ долларын құрап, бір жыл бұрынғыдан 0,2 пайызға азайған. Екі жақ 2023-2025 жылдар аралығында Қытай-Түркіменстан мәдени жылы іс-шараларын өткізеді.

 

Си Цзиньпин Орта Азияны кедейліктен құтқарғысы келе ме?

 

Кезекті саммитте сөз сөйлеген Қытай Төрағасы «Қытай-Орта Азия рухын сәулелендіріп, өңірлік селбестіктің жоғары сапалы дамуын ілгерілетейік» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол өз сөзінде күрделі геосаяси жағдайлар мен шиеленістерді астарлай келіп, татулықтың барлығынан маңызды екендігіне тоқталып өтті.

«Біздің селбестігіміз 2 мың жылдан астам уақыттан бергі достық барыс-келіс барысында тамыр тартып, дипломатиялық қатынас орнатқан 30 неше жылдағы ынтымақ, өзара сенімділік барысында бекемделіп, жаңа дәуірден бергі есік ашып, тең игілікке кенелу барысында дамыды. Ұзақ уақыттық практика барысында, біз ізденіс жасау арқылы «өзара құрмет ету, өзара сену, өзара пайда жеткізу, өзара көмектесу, жоғары сапалы даму арқылы бірге осы замандандыруды ілгерілету» сынды «Қытай-Орта Азия рухын» қалыптастырдық» деді. Ол сонымен қоса, «Қазір 100 жылдық өзгеріс жедел дамып, дүниежүзі жаңа аумалы-төкпелі өзгеріс кезеңіне өтті. Теңдік пен әділдікті естен шығармай, өзара пайда жеткізіп, тең игілікке кенелу мұратынан ауытқымағанда ғана, дүниежүзінің бейбітшілігін қорғап, бірге дамуды жүзеге асыруға болады. «Кеден бажысы соғысында», «сауда соғысында» жеңімпаз болмайды, сыңаржақтылық, қорғанымпаздық, зорекерлік өзгеге де, өзіне де зиянды, тарих кері шегінбеуі, қайта алға басуы; дүние бөлшектенбеуі, қайта ынтымақтасуы; адамзат «орман қағидасына» оралмауы, қайта адамзаттың тағдырлас ортақ тұлғасын құруы керек. Біз «Қытай-Орта Азия рухын» жетекші етіп, алға басуды көзде ұстап, нақты шаралармен селбестікті күшейтіп, «Бір белдеу, бір жолды» бірге құрудың жоғары сапалы дамуын ілгерілетіп, Қытай-Орта Азия ортақ тұлғасын құру нысанасына қарай үдере тартуымыз керек» деді. Қытай басшысы сонымен қоса аймақтағы елдің әл-ауқатын арттыру ісіне де көмек бергісі келетінін атап өтті.

«Біз 2025-2026 жылды «Қытай-Орта Азия селбестігінің жоғары сапалы даму жылы» етіп белгіледік. Назарды сауданы іркіліссіздендіру, кәсіп саласына қаржы қосу, өзара байланыс жасау, жасыл кен өнімдері, ауылшаруашылығын заманауиландыру, адамдардың барыс-келісі сияқтыларға шоғырландырып, анағұрлым көп нақты жобаларды атқарып, жаңа сапалы өндіргіш күштерді жетілдіру керек. Қытай елі мен Орта Азия селбестігі жүлгесінде кедейліктен арылту, оқу-ағарту ауыс-күйісі, шөлейттенуден сақтану және оны ретке келтіру сынды 3 үлкен селбестік орталығын және сауданы іркіліссіздендіру селбестік мақсатын құрып, Орта Азия елдерінің халық тұрмысын арттыру мен даму нысандарын жеделдетуіне қолдау көрсетуді, алдағы 2 жылда Орта Азия елдеріне 3000 маман тәрбиелеп беруді ұйғардық», – деді. 

Қытай  – ел ішінде халықты кедейліктен құтқару мәселесін ойдағыдай жүзеге асырған ел. Бұл тұрғыдан алғанда қытайлық тәжірибелердің берері мол екендігін де ескерген жөн. Сонымен қоса Қытайдың Орта Азияға да айтарлықтай тәуелділігі бар екенін ұмытпауымыз керек. Мұнай-газ, бағалы кен байлықтары мен экологиялық таза азық-түлік өнімдері үшін шығыстағы көршіміз аса үлкен нарық көзі екені даусыз. Мұнда екі тараптың да мүдделері сақталғандығын ескерген жөн. Қытайдың Орталық Азия елдерінен импорты қарқынды өсіп келе жатыр. Мысалы, Қытайдың Қырғызстаннан импорты 2024 жылы бір жылмен салыстырғанда 30 еседен астам, ал 2025 жылдың алғашқы екі айында 60 еседен астам өскен. Осы жылдың басында екі елдің үкіметтері екіжақты сауданы 2030 жылға қарай 45 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту бойынша консультациялар өткізіп, жаңа шекаралық порттардың құрылысын жеделдету және жаңа әуе рейстерінің санын көбейту жөнінде міндеттеме алып отыр.

 

Аймақтағы қауіпсіздік басты назарда 

 

Астанадағы саммит туралы саясаттанушылар түрлі пікірлерін айтып жатыр. Тайваннан хабар тарататын «Universe News Channel» арнасы бірнеше саясаттанушыларды шақырып, «ресми Бейжіңнің түпкі мақсаты не?» деген сауалға жауап іздеген екен. Саясаттанушы Ша Юанжың мырза өз сөзінде Қытайдың батыс терістігінде жатқан алып аумақ Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесіндегі терроризм қаупін сейілту үшін Орталық Азиямен қатынастарға жіті назар аудару керектігін алға тартыпты.

«Шыңжаңда пайда болған терроризм әрекеттері Орта Азия елдерімен тікелей байланысы бар деуге болады. Лаңкестердің арасында Орта Азия елдерінде арнайы дайындықтан өтіп келгендері аз болмаған. Сондықтан Бейжің аймақтағы елдермен терроризм, сепаратизм, экстремизм сынды қауіп-қатермен бірлесе күресуді назарға ұстап отыр. Лаңкестіктің келу қайнары діни сенім мен кедейлікте жатыр. Сондықтан Орталық Азия аймағына инвестиция салу, оларға жан-жақтылы көмек беру арқылы халықты кедейліктен құтқарғанда ғана олардан Шыңжаң өңіріне төнетін қауіп-қатерді азайтуға болады» деген пікірін айтыпты. Әрі Талибан, Ислам мемлекеті сынды ұйымдарды тілге тиек ете кеткен... Бұдан бөлек сұхбатқа қатысушылардың арасында Шыңжаңның оңтүстігі мен солтүстігіндегі даму деңгейінің әртүрлі екендігін, осы балансты теңестіру мақсатында Бейжіңнің, «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы желісіне» мүдделі болып отырғандығын басты себептердің бірі ретінде қарастырғандар да бар. Яғни Бейжіңнің басты ұстанымы – «Орталық Азиямен бірге даму» дейтін ұлы мақсат дегенге тоқтаған.

PS: Джавахарлал Неру университетінің халықаралық зерттеулер мектебінің Ішкі Азия зерттеулері орталығының докторанты Аканкша Мина «Қытайдың Орталық Азиядағы рөлінің артуы» атты мақала жариялады. Ол Қытайдың энергетика саласында батыс нарығына тәуелділіктен құтылу, оны жеткізу тізбегін әртараптандыруға және батыс нарықтарына тәуелділікті азайтуға әрекет етіп жатқандығын алға тартқан. 

«Бейжіңнің бұл қадамы Қытай мен Батыс арасындағы шиеленістің ұлғайған жағдайында сауда, инфрақұрылымдық инвестиция және энергетика саласындағы ынтымақтастық арқылы Орталық Азиядағы экономикалық байланыстарды тереңдетуге деген ұмтылысын көрсетеді. Дегенмен, Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасы және Орталық Азия елдерімен кеңейтілген экономикалық серіктестік Бейжіңді аймақтағы негізгі ойыншыға айналдырды. АҚШ-тың қатысуы азайып, Ресей Украинадағы қақтығыспен айналысып жатқандықтан, Қытай экономикалық серіктестіктерді, инфрақұрылымдық жобаларды және стратегиялық дипломатияны қолдана бастады», – деп жазыпты.

Батыс басылымдарының арасында «Қытайдың біртіндеп ірге кеңейту сынды көмескі жоспары бар» деген болжамды айтушылар да жоқ емес. Алайда Қытай-Орта Азия қатынастарының тереңдеуіне қарата пікір білдірген сарапшылардың дені  экономикалық мүдделер мен энергетикалық тәуелділіктерге деген қажеттіліктерге айрықша тоқталған екен. 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
26.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14855
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14753
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29900
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28517
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32077