Құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Құрылысшыларға құрмет  көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бұл туралы құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында айтылды.

 

Тамыз айының екінші жексенбісінде батысқазақстандық құрылысшылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Құрметті мамандық иелерін облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, өңірдің құрылыс саласын дамытудағы еңбектерін ерекше атап өтті. Сала мамандары қатысқан жиында өңір басшысы облысымыздағы құрылыс саласының даму деңгейіне тоқталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің уақытылы және сапалы түрде жүргізіліп жатқанына назар аударды. 

– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында құрылыс саласының ұлттық экономикадағы стратегиялық маңызына айрықша басымдық береді. Құрылысшылардың еңбегінің арқасында облысымызда жыл сайын тұрғын үй көлемі артып келеді. Қоғам өміріндегі барлық маңызды жобалар мен нысандардың сыртындағы сіздердің тынымсыз тірліктеріңіз бен тиянақты жұмыстарыңызды айтпай кетпеуге болмайды, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Осы жылы жеті көпқабатты және ауылдық жерлерде 14 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуі, жалпы 1200-ден астам пәтердің пайдалануға берілуі – аймақтағы құрылыс жұмыстарының жоғары көрсеткішінің дәлелі. Соңғы екі жылда Батыс Қазақстанда 22 мектеп ашылып, жеті мыңға жуық оқушы жаңа білім ошақтарының табалдырығын аттаған. Ел Президентінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы үш мектептің құрылысы аяқталса, биыл жыл соңына дейін тағы алты мектеп өз есіктерін шәкірттерге айқара ашады деп күтілуде. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін 50 медициналық нысан салу жоспарланған. Соның ішінде 2023-2024 жылдары 36 нысан пайдалануға беріліп, үстіміздегі жылы 13 нысанның құрылысы толық аяқталыпты. Қазір соңғы нысанның құрылысы аяқталуға жақын.

Салтанатты жиында осындай игі істерге атсалысқан құрылыс саласының майталмандарына құрмет көрсетіліп, түрлі марапаттар табысталды. Атап айтқанда, құрылыс саласының дамуына зор үлес қосқан құрылысшылар «Еңбек ардагері» медалімен, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен, «Құрмет грамоталарымен» және Алғыс хаттармен марапатталды.

Облыс әкімінің қолынан марапат алғандардың бірі – облысымыздағы «Shine Project» ЖШС-ның басшысы Альбина Алишева. Құрылыс саласында ер-азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жан – облысымыздағы ғана емес, өзге де өңірлердегі зәулім ғимараттардың жобасын дайындайтын үлкен команданың көшбасшысы. Аталған жобалау компаниясы биыл бірқатар медициналық нысандардың құрылысына авторлық қадағалаулар жүргізген. Оған қоса Батыс Қазақстан облысы бойынша реконструкция жұмыстары жүргізілетін төрт теміржол вокзалының бірін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де осы компания айналысуда. 

– Еңбегімізді елеп жатқан облыс және қала әкімдеріне алғысымызды білдіреміз. Өзім облыс әкімінің Алғыс хатына ие болдым, ал Елена Сергеевна есімді  әріптесім  қала басшысының Алғыс  хатын   иеленді,  –   деді  А.Алишева.

Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы

 

14.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16590
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16445
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31627
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30236
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33838