Мемлекет басшысы Үкіметке елімізді орнықты дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып, ұлттық экономика құрылымын нығайтуды тапсырған болатын. Осыған орай Үкімет автокөлік өнеркәсібін дамытуды басты назарда ұстады.
Ең әуелі маусым айында машина жасау және көлік мәселелері бойынша заңнамаларға тиісті түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және өндірістік технологияларды жетілдіруді мақсат етті. Бұдан бөлек 2028 жылға дейін пилотсыз жүк тартқыш көліктер мен үш жаңа маркалы автомобильдер өндірісі іске қосылмақ. Ал, қазіргі уақытта елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы салада жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды. Атап айтқанда, жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын KIA Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan сияқты екі ірі зауыт ашылды.
«Саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде», дейді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
ӨҢІРЛЕРДЕ АВТОБӨЛШЕКТЕР ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕДІ
Бүгінгі таңда Қазақстанда отандық қамтуды арттыруға баса назар аудара отырып, автобөлшектер өндірісін дамытуға айырықша назар аударылып отыр. Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер шығаруды игерді.
Одан бөлек, бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылуда. Осы бағытты дамыту үшін машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында қалыптасқан.
Өткен жылы қанша көлік шығарылды
Соңғы бес жылда салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, Өткен жылы 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты. Ал, еліміздегі автомобиль жасау саласында жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10 мың адамнан асады.
Бұл оң динамика биыл да сақталуда. Осы жылдың алты айында 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Сондай-ақ, Биылғы жоспар – өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару екен.
Атластың пайдасы неде?
Ал, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда автокөлік өнеркәсібіне арналған жаңа мамандықтар атласының жаңартылған нұсқалары әзірленгенін мәлімдеді.
« Қазақстанда жаңа кәсіптер мен құзыреттердің 9 салалық және 20 өңірлік атласы әзірленді. Атап айтқанда «Машина жасау» және «Көлік және логистика» салалық атластары, сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстарының өңірлік атластары машина жасау саласын тікелей қамтиды. Нәтижесінде 31 жаңа мамандық қалыптасып, 22 қолданыстағы мамандық трансформацияланады. Соның негізінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңартуда. Сондай-ақ 73 мың кәсіпорын қатысуымен ауқымды сауалнама жүргізілді, оның 92-сі автоөнеркәсіп саласының кәсіпорындары. Бұл сала үшін инженерлік және жұмысшы кадрларға деген қажеттілік алдағы үш жылда 10 мыңнан астам адамды құрайды» деді ол.
«Астана» брендімен автобустар шығады
«Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов «Кәсіпорынның негізгі жобаларының бірі – «Астана» атты өз брендімен автобустар шығару. Бұл автобустар Қытайдың технологиялық серіктестерімен бірлесіп әзірленген, әлемдік жетекші өндірушілердің компоненттері пайдаланылады. Сонымен қатар автобустардың дизайнын жасауға қазақстандық инженерлер тікелей қатысты. Автобустар Қазақстан аумағында өндіріледі», деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, дизельді және газбен жүретін автобустардың сериялық өндірісі биыл қараша айында басталады. Сонымен қатар BYD компаниясымен бірлесіп жаңа аккумуляторлық батареяларды қолданатын электр көліктерінің желісі әзірленуде. Ал «Астана» маркалы электр автобустарының өндірісін 2027 жылдың наурыз айында бастау жоспарланып отыр.
Елді электромобилмен тасимыз
«Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұловтың BYD компаниясымен ынтымақтастық туралы ақпаратын тыңдаған Олжас Бектенов Үкіметтің Қазақстанда электромобильдер шығаратын зауыт ашуға мүдделі екенін баса айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанда BYD электромобильдер шығаратын зауыттың ашылуына мүдделі екенімізді алға тартты. Ал, «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов болса келесі жылы бұл өнедірісті игеретінін айтады.
«Биыл BYD автобустарын өндіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Шанхайда делегация құрамында BYD компаниясымен кездестік. Жеңіл автокөліктерге келетін болсақ, біз бұл тапсырманы қарастырдық. Келесі жылы BYD өндірісін игереміз деп жоспарлап отырмыз. Себебі BYD бірегей автомобильдер шығаратын компания. Олар электр қуатымен жүретін гибридті және толық электрлі көліктер өндіреді. Уақтылы берген тапсырма үшін алғыс айтамын. Компаниямыз тұтынушыларының және экономикамыздың барлық талабы мен сұраныстарына сай болу үшін BYD автокөліктерін өндіруді игеруі қажет», деді ол.
Бүгінде BYD Қазақстандағы жаңа энергия көздерін пайдаланатын автомобильдер нарығында жетекші орынға ие. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында аталған брендтің 2 мыңнан астам көлігі, соның ішінде 795 электромобиль сатылды. Жыл соңына дейін дистрибьютор сатылым көлемін 6500 автокөлікке дейін, ал 2027 жылы 12 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Жаңа бағдарламалардың игілігі қашан?
Жалпы Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін, азаматтардың автокөлік сатып алуы мен оны пайдалануға қолайлы жағдай жасау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін үш негізгі бағыт таңдалған.
«саланы дамытудың келесі кезеңі автомобиль кластерлерін қалыптастыру болады. Тәсіл ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен кооперациясын күшейтуге, өндірістік шығындарды азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық автомобильдердің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді. Екінші маңызды бағыт – автокөлік сатып алуға арналған заманауи қаржы құралдарын дамыту. Бүгінгі күні, азаматтарымыз ескі көлігін жаңартуға немесе жаңа көлікке ауыстыруға мүмкіндік беретін түрлі құралдар бар. Атап айтсақ, автонесие, trade-in бағдарламасы және лизингтік қаржыландыру тетіктері бар. Үшінші бағыт – ішкі нарықты қорғау. Өнеркәсіпте көлік құралдарын заңсыз әкелуге қарсы күресті күшейту, елге әкелінгенге дейін де автомобильдерді тексеру үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалануды кеңейту қажет. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және адал бәсекелестік үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Осы үш бағытты жүзеге асыру автокөлік саласының тұрақты дамуына, елдің инвестициялық тартымдылығын нығайтуға және қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті автокөлік өнеркәсібін қалыптастыруға ықпал етеді», дейді Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.
Автокөлік шанағын өзіміз өндіреміз
Қазақстанда отандық болатты пайдалана отырып, жеңіл автомобильдер үшін штамптау өндірісінің толық циклін игеру жоспарлануда.
«Автомобиль өнеркәсібі үшін маңызды қадам қазақстандық болатты пайдалана отырып, жеңіл автомобильдер үшін штамптау өндірісінің толық циклін игеру болады. Біз "Qarmet — Allur — Kia Kazakhstan" және басқа өндірушілермен салааралық жобаны пысықтап жатырмыз, ол металлургия мен автомобиль жасауды Qarmet компаниясының болаты пайдаланылып жатқан Саран қаласындағы автобустар өндірісіне ұқсас бірыңғай өндірістік тізбекке біріктіреді», дейді «Allur» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.
Оның айтуынша, 2028 жылы Qarmet жеңіл автомобиль өндірушілерінің талаптарына сәйкес келетін автомобиль парағын шығаруды жоспарлап отыр. 2029 жылы оның негізінде шанақ бөлшектерін сериялық өндіру басталады. Жобалық қуаттылығы жылына кемінде 100 мың шанақты құрайды, ал олардағы қазақстандық болаттың үлесі кемінде 75% болады.
Киа нені дамытпақ?
Ал, KIA Qazaqstan елімізде автомобиль өндірісін локализациялау деңгейін арттыратынына сенімді компанияның бас директоры Ким Де Ки.
«локализация компания дамуының стратегиялық бағыттарының бірі. Kia компаниясының қолдауымен Қазақстанда электр сымдарын, автокөлік орындықтарын, интерьер элементтерін және басқа да бөлшектерді өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
Осы жылдың соңына дейін Kia компаниясы автомобильдерін локализациялау деңгейін арттыруды жоспарлап отыр» дейді Ким Де Ки.
Ким Де Ки атап өткендей, компания үшін локализациялау қазақстандық қамту үлесінің өсуін ғана емес, сонымен қатар өндірістік кооперацияны дамытуды, елдің өнеркәсіптік базасын нығайтуды, заманауи технологияларды енгізуді және отандық жеткізушілердің тұрақты желісін қалыптастыруды білдіреді. Бұл Қазақстанның автомобиль саласын одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгінгі таңда кәсіпорын сенімді дамып келеді және жоспарланған өндірістік көрсеткіштерге дәйекті түрде қол жеткізуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 9 772 автомобиль өндірілді, бұл ретте өндірістің негізгі көлемі локализациялаудың анағұрлым жоғары деңгейін және өндірістік құзыреттерді дамытуды қамтамасыз ететін CKD технологиясына тиесілі.
Қытаймен уағдаластық қайда апарады?
Жуырда Мемлекет басшысының Қытайға жасаған сапары барысында Қазақстанда аккумулятор бөлшектерін өндіру бойынша жоғары технологиялық жобаны жүзеге асыру туралы уағдаласып келді.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға жобаны жүзеге асыруды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
«Елімізде электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндірісінің жаһандық тізбегіне ықпалдасу үшін қажетті шикізат қоры бар. Аккумулятор өндірісінде аса маңызды – сфералы графит шығаратын ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаның уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ жуырда Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында аккумулятор өндірісінде әлемдік көшбасшы саналатын CATL (Contemporary Amperex Technology Company Limited) компаниясының басшылығымен кездесті. Компания еліміздің аумағында жоғары технологиялық өндірісті жүзеге асыру ниетін растады. Барлық уәкілетті органдар аталған жобаны жүзеге асыру барысын ерекше бақылауда ұстауы қажет», дейді Олжас Бектенов.
PS:
Өз дәуірінде жылқы қазақтың тұрмысын алға сүйресе, бүгін отандық автокөлік өндірісі экономиканы жаңа белеске жетелейтін маңызды салаға айналып келеді. Демек, кешегі Қубасымыз бүгінгі Kia, Шалқұйрығымыз BYD болмақ. Қазақстанда автокөлік жасау өндірісінің қарқын алуы – тек көлік құрастырумен шектелмейді. Бұл – жаңа жұмыс орындары, технологияның дамуы, білікті мамандардың қалыптасуы, шағын және орта бизнестің жандануы, салық түсімдерінің артуы және импортқа тәуелділіктің азаюы деген сөз. Ең бастысы – бұл еліміздің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың әртараптануына жол ашады. Міне осы кезде бәсекеге қабілетті автокөлік индустриясын қалыптастыра алсақ, әлемдік технологиялық көштен де қалмаймыз. Бүгінгі темір тұлпарлар – ертеңгі экономикалық өсімнің, өндірістік қуаттың және ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің символына айналмақ. Сондықтан кешегі тұлпарларымызды мақтан тұтқандай, бүгінгі отандық автокөлік өндірісін де ұлттық жетістік ретінде бағалап, оны дамытуға күш салу – уақыт талабы.
Елқуат Елтөре















