Екі жыл бұрынғы көктем есімнен кетпейді. Күн жылып, көктемнің келген уақыты болатын. Сол уақытта қарлығаштардың тек біздің үйдің жанына келіп ұя салатынын ешкім білмеген. Өйткені біздің тұрып жатқан үйіміз бес қабатты еді, қарлығаштар тура біздің пәтеріміздің бұрыш жағына қарай ұя салуға кірісті. Қос қарлығаш дәліз терезесінен ұшып кірді. Неге тек осы жерді таңдағанын білмеймін, екеуі үлкен шамның үстіне келіп қонды. Тып-тыныш, өздерінің кішкентай ғана өмірлерін бастайын деп жүр. Күн сайын біреуі ұшып кетеді. Білмеймін, ұя салу үшін кірісіп жүр ме? Не істесе де өзі біледі.
Уақыт өте келе, ұяларын салып бітті. Өздері сонша еңбекқор, ұяларын бір-екі аптада салып бітірді. Бір қарлығаш өз орнынан сирек қозғалады, ал екіншісі тыным таппай, күні бойы далада жүріп-жүріп, түнде бір-ақ келеді. Қарасаң, бір-біріне қамқорлығы шексіз. Ұяда бір қарлығаш еркін отырсын деп, сыңары бір қуыс тауып алып, сол жерде қонақтайды. Бір күні дәлізге жалғыз бөтен қарлығаш кіріп кеткен. Ол өзінің ажалы осы жерден болатынын мүлде білмеген. Бесінші қабаттың қожайындары болып үлгерген қарлығаштар оған шабуылдап, түгі қалмағанша шоқып-шоқып, өлтіріп тастады. Байқұс-ай, өзі екеуіне қарағанда кішірек еді. Өзін қорғай алмай, өлді де қалды. Көршіміз алды да, бөтен жалғыз қарлығашты қоқыс жәшігіне тастай салды. Кәдімгідей жаның ашиды. Бұдан түйген ойым, олар өз жерін, өз ұясын қорғау үшін жанын береді екен.
Екі-үш аптадай уақыт өтті. Қарлығаштар жұмыртқалап, ұя баса бастады. Байқасам, сыңары тағы да жоқ. Ұшып кеткен. Алыстан ұшып келіп, шынымен-ақ серігін тастап кетті ме? Дәл осы күні ұяда балапандар пайда болды. Нақты неше балапан екенін біле алмадым, ұяға жақындай берсем, қарлығаш көзімді шұқып алардай олай-бұлай ұшып, мені ұяға жақындатпады. Өз балапандарын қатты ойлағаны соншалық, ұяға тірі жанды жақын жібермеді. Сол күні сыңары пайда бола кетті. Ол ұя толы балапандардан бөлек қонақтап жүрді. Апам айтып еді: «Қарлығаштар келсе күн жылиды, әрі біздің шаңыраққа береке қонақтайын деп тұр». Шынымен де, күн күрт жылып, Алматы көктемі нағыз жазға айналды. Бір күні даладан кіреберсіке кірсем, бір қарлығаш тура біздің пәтердің есігінің маңдайшасына қонып отыр. Өзі біздің сүртіп, тазалап қойған есімізді айғыздап, саңғып тастапты. Апам мұны жақсы ырымға санады. «Үйге бір құт келейін деп тұр. Қарлығаш адамның досы ғой», – деп жақсылыққа жорыды. Ал есіктегі қарлығаштың бүлдіріп кеткенін жуған әпкем оған әбден ашуланды. Біраз уақыт өтті. Балапандар күн санап өсіп келе жатты. Бұрынғыдан да қатты шиқылдайтын болды. Қос қарлығаш тыным таппай, далаға шығып, ашық тұрған кіреберістің терезесінен емін-еркін қалықтап кіріп жүрді. Күн сайын кең далаға ұшып кетіп, балапандарына тамағын беріп, күтеді. Балапандары жарты ай ішінде жетіліп, ана қарлығаш оларды ұшуға дайындап жүр. Кейбіреуі ұшамын деп қабырғаға соғылып қалады, көрінген жерлерге кіріп кетеді.
Олар әбден өсіп, үлкейіп алды. Күз мезгілі болатын. Біз күнде қадағалап жүреміз, кетті ме екен, кетпеді ме екен деп. Сол қыркүйек айының ортасына қарай жылы жаққа ұшып кетіпті. Біз олардың кетіп қалғанын көрмедік. Олардың ұясы тек қана уақытша бос тұрады. Ал келесі көктемде олар қайтадан оралады. Өмір бақи енді осы жерге келеді!
Міне, Алматыға тағы да көктем келді. Күн жылып, мәз болып қалдық. Сәуір айының басында ауа райы кенет жылып кетті. Мен іштей қарлығаштарды күтіп жүрмін. Мына ұя олар келмесе, тұрып-тұрып тозатын болды ғой. Түс ауған кезде кіреберістен бір жыл естімеген ерекше дыбыс естілді. Пәтерден атып шықтым. Қарасам, өзіміздің қос қарлығаш келген екен. Қуанып кеттім. Солар екені анық. Өйткені олар бұл ұяға өздерінен басқа ешкімді жолатпайтын еді ғой. Енді олар бізбен тағы да көрші болды. Біз бесінші қабаттағы дәліздің терезесін үнемі ашық қалдыратын әдетімізді тағы бастадық. Мен осы ойымның орындалатынына сеніп қуанып, оларды күтетінді шығардым. Сағынатын болдым.
Қос қарлығаш, сендер адаспай, шаршамай, аман-есен қалай келдіңдер? Тағы да үш-төрт балапан өсіріп, соңдарыңнан ертіп, жылы жаққа ұшарсыңдар. Сонда да Алматыны адаспай тауып келіп тұрыңдар. Сендер ұя салған, балапан өрбіткен қасиетті шаңырақтарыңды ешқашан ұмытпайсыңдар ғой. Туған жерге оралуды, Атамекенді ардақтауды мен қос қарлығаштан үйреніп жүргендеймін.
Жігер СЕРЖАНҰЛЫ,
№156 жалпы білім беретін мектептің
9-сынып оқушысы, Алматы қаласы















