ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒАН ҚАЗАҚТАР (Байкісіұлы Тәшен қажы туралы тың дерек)

ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРҒАН ҚАЗАҚТАР (Байкісіұлы Тәшен қажы туралы тың дерек)

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында (Қазақ шежіресі. – Алматы: «Жалын», 1993) қазақтардың қажылық сапары мен алғаш қажыға барған тұлғалар рет-ретімен баяндалады. Ол ең алғашқы қажылар қатарына Уақ Нұркен байды, Күлік Самайды және Тобықты Құнанбайды жатқызады. «Нұркен бай – қазақ арасынан тұңғыш рет тоқал қатынымен қажылыққа барып, жолда 4 жыл жүріп, 5-жылдығында елге аман келген алғашқы адам» дейді ол. Самай сопы мен Байжан хазірет Баянауылда дуан ашылған тұста, 1858 жылғы қой жылында сапарға шығып, екеуі де сол Мекке жағында дүниеден өткен. Ал араларында Құнанбай қажы бар топ үшінші лек болған. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, қазақтардың үлкен топ болып, жаппай бас қосып қажылыққа баруы осы уақыттан басталған. Бұл сапарға онымен бірге Құдияр қажы, Ешмұхаммед қажы, Қожахмет қажы және басқа да Орта және Кіші жүзден 120-дан астам адам қатысқан. Олардың арасында Маңғыстаулықтар да болған. Сол қажылардың арасында Адайдың бәйбіше-жеменей және қараш руларының өкілдері Тайжан Тілеуліұлы мен Байқұл Қаныбекұлы деген кісілердің аттары аталады. Бұл екі қажының алғашқысы туралы деректі оның тікелей ұрпақтары берсе, соңғысы жайлы мәлімет филология ғылымдарының докторы Ғ.Айдаровтың еңбектерінде (Байқұл қажы / Бейнеу ауданы, «Рауан» газеті, 15.06.1996) келтіріледі. Бұл кісілерден соң қазақтың әр жерлерінен қажылық сапарға аттанушылардың қатары көбейген. Солардың бір тобы менің үлкен атам Байкісіұлы Тәшен бастаған 16 адам-ды.

Біз сөз еткелі отырған Т.Байкісіұлы – Адайдың Жеменей руындағы Өрдекұлы Бөкеннің бесінші ұрпағы. Тәшен әкесі Байкісіден төрт тумаласты: өзі, Дәулекен, Пысан, Дербіс. Байкісінің жұбайы Тұрсын – Тобыш Құлбаласы руының қызы. Көнекөз қариялардың айтысына қарағанда Байкісі өте жершіл адам болған. Тәшеннен 4 ұл, 3 қыз өрбіген. Олар: Телеғұс (Телағыс), Мүдас, Телбай, Алдамберген. Қыздары – Әсіл, Асылхан, Нұрлыхан. 

Тәшен 1855-1856 жылдары өмірге келген. Жастайынан жергілікті молдалардан сауат ашып, дін жолын берік ұстанған. Ол араб, парсы тілдерін меңгерген деп айтылады. Ер жетіп, кәмелет жасына толғаннан кейін әкесі Байкісі мұңалдың байбозы Бердібектің үлкен қызы Қантайға құда түсіп, айттырып, келін қылып алған. Телбай атамыздың айтуынша бұл шешеміз қонақжай, мырза, қажарлы, өз бағытын берік ұстанған, шаруақор жан екен. Ол Тәшен әулетінің шаруашылығын, тұрмыстық мәселесін өзі үйлестіретін, шешімді адам болыпты.

Тәшеннің үлкен баласы Телеғұс (Телағыс) та өз шаруасына мығым, ер көңілді адам деп айтылады. Ол атасы Байкісі сияқты жершілдігімен есте қалған. Қыс-жаз, күн-түн демей, бір көрген жерін кез-келген уақытта таба берген. Оның бірінші әйелі құрым-кеще Қасымның қызы Тақаштан 3 перзент көрген: Ізбас пен Ізтұр және Шүйіш апай. Ізбас қолы шебер, ұсталықпен, там салумен аты шыққан. Оның салған кереге тамы Алатөбедегі Мыңкісі қорымында күні бүгінге дейін тұр. Ізбастың әйелі Жекеннен 2 бала – Әбдіраш пен Сырғабай. Әбдіраш көп жылдар Ақкетікте (Форт Шевченкода) мектепте мұғалім болып жасады. Салауатты өмір салтын ұстанған, бір көрген адамына сұсты көрінетін, қатқыл адам еді. Ізтұр – 1904 жылы туған, қарапайым шаруа адамы. Ол кедей Бараққызы Қибашқа үйленіп, одан Қыдырбай, Жоламан, Амантай, Еламан атты ұлдар мен Күнтөре, Сәнтөре деген қыздар көрді. Бұл ақсақал шежірені көп білетін, естігенін ұмытпайтын жан еді. Ақыл-есін жоғалтпастан 109 жас жасап, өмірден озды.

Шүйіш апамыз, Ізтұрдың келіні Көшерқызы Оңайдың айтуынша,  қожағұл-кеще Ізбасарұлы Өтенге тұрмысқа шығып, 1981 жылы немере қайнысы Әуелбайұлы Әбәбүкірдің қолында қайтыс болды. Телеғұс бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін бектеміс-жары Сарбасқызы Қанзияға үйленген. Одан Ажар, Қызтөре, Балтөре деген үш қыз көрген. Ажары кенже Мусаға, Қызтөресі – кенже Шыныбекке, Балтөресі – кеще Бисенге тұрмысқа шыққан. Бәрінен де ұрпақ бар.

Тәшеннің екінші ұлы Мүдәс туралы деректер тым мардымсыз. Ол жас кезінде Жем өзеніне ме, әлде Қамыскөлге ме – суға кетіп, қаза тауыпты. Әдемі, көркем нәрселерге қызығушылығы күшті, әсершіл бала болған дейді. Оның мәңгілік мекені – Бейнеу ауданындағы Алтықұлаш деген төбенің басы. Ол жерде оған күмбез там салынған. Оның тұрғызылуы туралы да әңгімелер бар. Телбай әкеміздің айтуынша, там салуға алғашында есентемір Дүтбай, бір деректерде шеркеш Үттібай шебермен келісім жасалған. Алайда кенже Өтепберген шебер: «Өз мұрамыз, өзіміз саламыз» деп, араға түсіп, мойнына алып, тамды жаз бойы салып бітірген. Сол кісінің салған «Мыңкісі» қауымындағы Бітімнің, Ақшымырау аулының маңындағы  есен Бәжінің тамдары әлі күнге дейін мызғымастан тұр.  Тәшенұлы Телбай 1891 жылы дүниеге келген. Әкесінің ықпалымен жастайынан ескіше хат танып, сауат ашқан. Он бес жасында шомақ-жаңай Шәуліқызы Қасипаға үйленген. Жастайынан шаруаға айналысып, ерте есейген. Бұл шешеміз 15 құрсақ көтерген, алғашқы балалары жастай шетінеп кеткен. Көпшілігі Мыңкісі қауымында жерленген. Тірі қалғандары – қыздары Тәжік (Жібек), Мүлік, Балкүн, ұлдары – Тілекбай, Тілембай, Бөтай. Телбайы қатарынан ірі, қайратты адам болған. Шаруақорлығының арқасында оған біршама мал да бітіпті. Ақшымырау ауылында оның қазған құдығы әлі күнге дейін бар. Оның тереңдігі шамамен 10-12 м. Екі күнде қазып шығарған, қасында көмекші Қуанұлы Көшербай болған.

... Маңғыстауда Кеңес үкіметі келіп, ел іші аласапыран, бүліншілікке ұрынды. Адайлар, қазақтың көптеген жерлеріндегідей, жаңа үкіметке қарсы көтерілді. Тәшенұлы Телбай да сол көтерілісшілердің қатарында болды. Қажының баласы, әрі малы бар «әлді» ретінде Ресейдің Сызрань қаласына айдалған. «Сол «еңбекпен түзету» лагерінде 2 жылдан астам уақыт болып, қасымдағы тағдырлас Абдолла деген татар жігітінің сауатты түрде арыз жазуға берген көмегімен бостандыққа шықтым» деп айтып отыратын өзі. Телбай атамыз ескілікті әңгімелерді көп білетін-ді. Өзі бес уақыт намазын қаза жібермейтін, ораза кезінде ауызын бекітіп, құрбан-айт мерекесін партия-кеңес қызметіндегі баласы Бөтайға зияным тимесінші деген пиғылмен бәлендей жария қылмай-ақ өткізіп жататын.

Үлкен ұлы Тілекбай ұзақ жылдар аудандық шикізат дайындау мекемесінде, тұтынушылар қоғамында жасады. «КСРО сауда ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Екінші ұлы Тілембай ұжымшар шаруасы, жүргізуші, кейіннен қойма меңгерушісі, жанар-жағармай стансасының операторы болып жасап, зейнетке шықты. Бөтай ағамыздың мамандығы мұғалім, Гурьев оқытушылар институтын бітірген, мектеп мұғалімі, ауылдық кеңес төрағасы, бастауыш партия ұйымының хатшысы, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Телбайдың 3 баласы да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер. Атамыздың 3 қызы болды. Тәжік (Жібек) тастемір руының Төребай, Мүлік – тоқтамыстың Жұмағали, кіші қызы Балкүн – кеще Кемелханға тұрмысқа шыққан, ұрпақтары бар.

Тәшеннің кенже баласы Алдамберген қарапайым шаруа болды. Көп жылдар ұжымдық шаруашылықтың малын бақты. Жұбайы Әтембек руының қызы Талайлыдан Балжан деген 1 қызы болды.

Ілгеріде Тәшеннің 4 ұлы туралы айтып өттік. Үш қызының үлкені Әсіл майтан-тоқтамыс Балғаға тұрмысқа шықты, Сисембай деген баласы бар. Ортаншы қызы Асылхан жәдігер Қалиға тиіп, Тілеген, Мырзабай, Қаржау, Қартбай деген балалары болды. Кенже қызы Нұрлыхан майтан-тоқтамыс Айтбайұлы Бәшімге тұрмысқа шыққан. Оларға Қанзия, Қантөре, Мырзағұл, Ырзағұл деген ұрпақ ерді. Байкісіұлы Тәшен 1856 жылы дүниеге келген. Өзіне жетерлік дәулеті болған. Ел ішінде беделді, халықтан көмегін аямаған кісі екен. Сондай-ақ, аса балажан болыпты, ағайын-туыстың балалары Тәшен әкесінің жанынан қалмайтын-ды дейді үлкендер. Жасы елуден асқанда әкесі Байкісіге, шешесі Ақкемпірге «Ақбұлақ» деген жерде ас беріпті [Жаңбыршыұлы Т. Мен айтайын бабаңнан. – Б. 126]. 1909 жылы Меккеге баруға бет бұрады. Телбай атамыздың айтуынша, ол ағаш үйдің оң жағына ши ұстатып, ішіне ақ киіз төсетіп, ақ кебінге оранып түнеп шығады. «Сонда түнде түсімде мені аталарым сол күйімде үйден алып шығып кетті, – деген ол, – мен осы қажылық сапардан оралмаймын-ау» деп жорамалдаған көрінеді.

Қажылық сапарға 16 кісі аттанған. Телбайұлдары Тілекбай мен Тілембайдың келтірген деректерінде атамыз Тәшеннің қасында кенжеден – Қарамырза, Қалдыбай, ақботадан – Дүйімбай [Бектұрұлы], Ерғазы [тегі бүгінгі күні белгісіз], Қабыл [Мантықұлы] және аты ұмытылған бір кісі, байбоздан – Құбығұл [Бердібекұлы], Тахан [Шәуенұлы], Сайын [Сартбекұлы], Үбі [Мақарұлы], Орынбай [Қайыпұлы], Сапы [Бекбасарұлы], Қондыбай [Лепесұлы], жарыдан – Ила [Қаменұлы] мен Саламат [Әкімұлы] барыпты. Бұл қажылық сапар туралы шағын деректер менің әкелерім Тілекбай («Құдай» деген құр қалмас / Маңғыстау ауд. «Жаңа өмір» газеті, 25.11.1992) мен Тілембай Телбайұлдарының (Ата аманаты / Респ. «Үш қиян» газеті, 16.09.2004), А.Бәлдеков пен Ә.Жүрсінбайұлының (Ила қажы Қаменұлы // Мұрат Жарыұлы. - Алматы, 2010), Балтабай Құбығұловтың (Қажыға барған бабалар / «Маңғыстау» газеті, 9.06.2011), К.Сержанұлының (Қажылықтан қайтпаған Құбығұл // Ел мен жер. – Алматы, 2024) мақалаларында келтірілген. Бұл мақалалардың барлығына дерлігі негізінен сол менің әкелерімнің естеліктеріне негізделген. Кейінгі уақытта бұл тақырыппен сол авторлардың бірі Әзірбай Жүрсінбайұлы, ол өзі сол он алты қажының арасындағы Қаменұлы Иланың тұқымы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Душанбе, Алматы, Ақтау қалаларындағы әртүрлі деңгейдегі архивтерге бас сұғып,  нақты ізденістер жасап жүр. Осы мақаланың пайда болуына да оның табанды ұсынысы әсер етті. Сол сапарға шыққан жандардың жолбасшысы Байкісіұлы Тәшен болыпты. Бұлар қажылық сапарын өтеп, елге қайтар мезгілде Мәдина қаласынан шыққаннан кейін Тәшен оқыс ауырып, қайтыс болған. Топырақ сол жақтан бұйырған. Қажылық сапар өтегенде берілетін құран, оған қосымша қажылық сапарды өткеруге арналған нұсқама кітапша, зәмзәм суы құйылған жез құтысын аманаттап балдызы Құбығұлға табыстаған. Ол Құбекең нағашымыз да сол жақта шейіт болыпты. Тәшеннің аманатын Қаменұлы Ила қажы мен шегем Қайырша ахун балаларына жеткізген.  Осыған қарап сол он алты қажының біз әкелеріміздің атын ұмыттық деп айтатын ақбота руының өкілі делінетін біреуін осы қызыл-шегем  Жауперұлы Қайырмұхаммед (Қайырша ахун) болар-ау деп жорамалдаймыз. А.Бәлдеков пен Ә.Жүрсінбайұлы: «Тәшен қажылық парызын өтеп жүріп, қайтыс болыпты» деген хабарды естіген Бозашының оқымысты діндарлары жиналып, олардың арасынан елу молда оның жаназасын оқып, құран шығарған. Солардың бірі Ила Қаменұлы болатын. Ол 1923 жылы дүниеден озды. Мәңгілік мекені Бозашыдағы «Мәстек» қауымында» деп жазады. Бабамыздың қажылық сапарында Меккеден ұрпағына жолдаған аманаты қасиетті жәдігер ретінде менің үйімде сақтаулы.

Еркүлік ТІЛЕКБАЙҰЛЫ,

Тәшен қажының шөбересі

13.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144