Атырау қаласының Самал ықшамауданында бой көтеретін шипажай-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Жалпы аумағы 173 гектарды құрайтын жоба өткен жылдың жазында басталған. Қазір нысанда іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Жоба аясында табиғи тұзды көлдер тереңдетіліп, жағалауы абаттандырылады. Демалыс орындары, серуендеу жолдары мен амфитеатр салынып, көл суының құрамы жан-жақты зерттеледі. Кешенде қызметтер ақылы және тегін негізде көрсетіледі.
Әсіресе түрлі сырқатқа шалдыққан балаларға арналған сауықтыру және оңалту бағдарламалары тегін ұйымдастырылады.
Жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылдың тамызында аяқтау жоспарланып отыр. Осы кезеңде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, үлкен теннис корттары, жабық және ашық бассейндер пайдалануға беріледі. Кейін шипажай мен емдеу-оңалту орталығы салынып, заманауи медициналық және диагностикалық құралдармен жабдықталады. Кешен ауысымдық әдіспен еңбек ететін жұмысшылар мен өңір тұрғындарына сауықтыру және оңалту қызметтерін көрсетеді, – деді «Texol Group» компаниясының PR-директоры Мадина Қазбекова.
Сондай-ақ жоба аясында жергілікті мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, еліміздің өзге өңірлері мен шетелден тәжірибелі дәрігерлер және реабилитологтарды тарту жоспарланған.
Жобаны толық аяқтау алдағы 3-4 жылға межеленген.
Дайындаған – А. ХАМИТТЕГІ















