ӨРІК FEST – 2026: БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІК МЕРЕКЕСІ

ӨРІК FEST – 2026: БЕРЕКЕ МЕН  БІРЛІК МЕРЕКЕСІ

Алматы облысының Ұйғыр ауданында дәстүрлі «Өрік» фестивалі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өңірдің ауылшаруашылығы әлеуетін, туристік тартымдылығын және ұлттық құндылықтарын насихаттайтын ауқымды мерекеге айналды. Биылғы жылдың 17 маусымында  өткен тағылымды шараға бағбандар, омарташылар, ғалымдар, өңдеу өнеркәсібінің өкілдері мен аудан тұрғындары қатысып, Қарадала өлкесінің басты брендіне айналған өріктің қадір-қасиетін дәріптеді.

Фестиваль аясында келушілерге өріктің сан алуан сұрыптары мен одан дайындалған өнімдер ұсынылды. Сонымен қатар омарта шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің туындылары мен тарихи жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық мәдениет пен жергілікті кәсіптің сабақтастығы кеңінен таныстырылды.

Шонжы ауылдық округінің орталық стадионында өткен мерекелік жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді.

Облыс басшысының құттықтауында «Алматы облысында ауылшаруашылығына қолайлы аймақтардың бірі Ұйғыр ауданы екені баршамызға мәлім. Дәнді дақылдарды өндіруде үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Осы шара арқылы еларалық экономикалық қарым-қатынас артып, өңіріміздегі табиғи өнімдер кеңінен насихатталып, туризм саласы да дамып келеді. Бүгінгі күннің өзінде бірнеше өндіріс орындары өрікті шет мемлекеттерге экспорттауда. Болашақта сауда нарығы одан әрі дамитынына сенім мол. Өрік сапасын арттыру жолында ғылыми конференцияның ұйымдастырылуы – болашақ үшін маңызы зор қадам» деп жазылған.

Фестивальдің маңызды бөлігінің бірі «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» тақырыбында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Басқосуда сала мамандары мен ғалымдар бақ шаруашылығын дамыту, өнім сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және саланың болашағы жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады. Ғылым мен тәжірибені ұштастыруға бағытталған пікір алмасу алаңында бағбандар көкейіндегі сауалдарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды.

Бүгінде Алматы облысы республикадағы өрік өндірісінің көшбасшысы саналады. Еліміз бойынша өндірілетін 39 мың тонна өріктің шамамен 70 пайызы, яғни 27 мың тоннаға жуығы осы өңірдің үлесінде. Облыстағы жеміс бақтарының жалпы көлемі 10 мың гектарға жуық болса, соның 46 пайызы өрік алқаптарына тиесілі. Ал Ұйғыр ауданында 3200 гектарға жуық аумақта өрік өсіріледі. Бұл бағытта 542 шаруашылық еңбек етуде. Биылдың өзінде 1098 гектар алқаптан 10 431 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 95 центнерді құрады. Жиналған өнімнің 7800 тоннадан астамы ішкі нарыққа жөнелтілсе, 2600 тоннасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне экспортталған. Ауданда кеңінен өсірілетін «Никитинский», «Краснощекий», «Королевский», «Уйгурский» және «Шалах» сұрыптары жоғары өнімділігімен ерекшеленеді.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың айтуынша, бүгінде өрік ауданның ресми бренді ретінде тіркелген. Сондықтан фестиваль тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар бағбандар үшін жаңа нарықтарға жол ашатын, өнімді өңдеу мен өткізудің тиімді тетіктерін қалыптастыратын маңызды алаңға айналып отыр. Өңірдегі тәжірибелі бағбандардың бірі, «Илтыз» шаруа қожалығының басшысы Армидин Таиров: «Біз ауданда түрлі дақылдарды егіп көрдік. Бірақ ең қолайлысы өрік болып шықты. 1998 жылы бағбандар қауымдастығын құрып, осы іске кірісіп кеттік. Кейін тәлімбақ ашып, көшетті өзіміз өсіруге кірістік. Қазіргі таңда бұл көшеттерді облыстың өзге де аудандарына жібереміз. Қарадалада өсірілген ағаштар 10 жылда 9 рет өнім береді. Бұл өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда көп», – деп өрік өсірудің тиімділігіне ерекше тоқталды.

Фестивальде өз өнімдерін көпшілікке ұсынған жергілікті кәсіпкерлер де шараның маңызын ерекше атап өтті. Үлкен Ақсу ауылдық округінің тұрғыны Хасият Гожалимова мұндай бастамалардың ауданның дамуына, тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға және жергілікті өнімдерді кеңінен танытуға ықпал ететінін жеткізді.

Өрік шаруашылығы мен омарта кәсібінің өзара байланысы да фестиваль барысында кеңінен сөз болды. Ұйғырлық омарташы Таңатар Әбдікерім өз сөзінде: «Бұл іспен айналысып келе жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда шаруашылығымызда 40 омарта ұясы бар. Одан жылына 4 тоннадан астам бал алынады. Ең бастысы, біз экобағытты ұстанамыз. Яғни араларды химиялық заттармен дәрілемейміз және химиялық материалдарды, бояуларды қолданбаймыз. Біз үшін сапа басты назарда. Ара болған жерде өрік ағашы да жақсы тозаңданады. Бір күнде бір ара 5 мыңнан 10 мыңға дейін өрікке қонады. Сондықтан бағбандар мен омарташылар бірігіп жұмыс істеуі керек. Ал мұндай фестивальдер мен ғылыми конференциялар арқылы тың бастамаларды қолға алуға мүмкіндік туады», – деп ризашылығын білдірді. Конференция барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлік пен бау-бақша шаруашылығын өркендетуге елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар Алматы облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Алдағы уақытта ауданда жеміс-жидек сақтайтын заманауи қоймалар мен өңдеу кәсіпорындарының инфрақұрылымын жетілдіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай келетін, Түркиядан әкелінген жоғары өнімді өрік сұрыптарын жерсіндіру жұмыстары қолға алынбақ. Бұған қоса, бақ шаруашылығын ғылыми тұрғыдан дамыту мақсатында салалық ғылыми-зерттеу институттарымен меморандумдар жасасу көзделуде.

Мерекелік шара барысында Алматы облысы музейлер бірлестігінің көрмесі, қолөнер шеберлерінің туындылары мен жас суретшілердің шығармашылық жұмыстары жұртшылық назарына ұсынылды. Өріктен әзірленген тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілерге арналған ұлттық ойындар мен спорттық эстафеталар өткізілді.

Кешкісін мереке думаны ән мен жырға ұласып, сахнада «Алатау әуендері» концерттік ұжымы, «Alatau Voice» тобы және «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетті. Сонымен қатар танымал эстрада жұлдыздары «Алатау серілері», Қуандық Рахым және Баянсұлу өздерінің әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қарадала төсінде өткен «Өрік» фестивалі тағы бір мәрте өңірдің экономикалық әлеуетін, еңбек адамдарының қажырлы еңбегін және ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін айшықтап берді. Берекенің символына айналған өрік арқылы Ұйғыр ауданы бүгінде тек ауылшаруашылығының ғана емес, туризм мен кәсіпкерліктің де жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып келеді.

Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы 

 

23.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26140
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25593
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42986
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38797
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43387