Осы аптаның сейсенбісінде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен жүздесті. Кездесу барысында өндірісті өлкедегі өркенді жобалар мен сан алуан саладағы оң өзгерістер жайлы әңгіме өрбіді, ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар жүйесі, мәдениет пен руханият саласындағы мазмұнды бастамалар мен мәнді бетбұрыстар жайлы баяндады. Өңірдің инвестициялық әлеуетін өнеркәсіптік-өндірістік өсім мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар жайлы пікір алмасты. Сәуле Мешітбайқызыкемел істердің бағыт-бағдарын саралап, елдік бастамалардың өрісін кеңейткен өңір азаматтарына алғысын жаудырды. Мұнайлы өлкедегі өткір әлеуметтік мәселелер халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің қырағы назарында екенін жеткізіп, ақпараттық қолдау танытуға әзір екенін атап өтті.
Маңғыстау облысының басты әрі өзекті мәселелерінің бірі – ауызсу. Өңір басшысы әңгіме барысында тіршілік нәріне тапшылықтың орнын толтыру үшін атқарылған ауқымды жобалар жайлы толымды ақпаратпен бөлісті. Қазіргі таңда облыстың жалпы суға деген тәуліктік қажеттілігі 211 мың текше метр болса, қолда бар қуаттылық 188 мың текше метр шамасында. Соңғы жылдары бұл мәселені шешу үшін нақты қадамдар жасалды. 2023 жылы тапшылық 77 мың текше метр болса, бұл көрсеткіш бірнеше су тұшыту жобаларының іске асуымен 38 мың текше метрге дейін қысқарды. Ал 2025 жылдың ақпанынан бастап Каспий су тұщыту зауытының толық іске қосылуымен бұл көрсеткіш 23 мың текше метрге дейін төмендеді.
Былтыр Сайын-Шапағатов ауылында тәулігіне 4 мың, Ақтау қаласында 7 мың, МАЭК базасында екі жоба бойынша 10 мың, Баянды ауылында 3 мың, Қаражанбас кен орнынан қосымша 15мың текше метр су жобасы жүзеге асты. Бүгінде Каспий су тұщыту зауыты тәулігіне 4 мың текше метр су өндіреді. Бұл Ақтаудағы су тапшылығын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.
Ақтау қаласының магистральдық және төменгі жылу желілерін қайта жаңарту бірнеше кезең бойынша жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, өткен жылы 11,5 шақырым жылу құбыры жаңартылса, биыл тағы 10 шақырымды қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар 2025 жылдың жылыту маусымына дейін толық аяқталады. Жоба толық жүзеге асқанда қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 79%-дан 75%-ға дейін төмендейді.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, Ақтауда соңғы 50 жылда алғаш рет 11,3 шақырым магистралдық жылу жүйесі жаңартылған. Сондай-ақ, 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымында анықталған 375 ақау толығымен жойылды. Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарын жылумен қамтамасыз ету үшін қуаты 422,4 МВт болатын жаңа қазандық салынып жатыр. Газ жеткізу бойынша «Жаңаөзен–Ақтау» магистралдық газ құбырының төртінші желісінің 140 шақырымы салынды. Жоба толық іске қосылғанда Ақтауға келетін газ көлемі 3,1 млрд текше метрден 4,6 млрд текше метрге дейін артады.
Сондай-ақ биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды. Жылу желілерін жөндеу бойынша биыл 20,2 шақырым күрделі жөндеу және 9 шақырым ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда 8,7 шақырым немесе жалпы көлемнің 30% жөнделді. Барлық жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталады деп ойлаймыз.
«МАЭК» ЖШС бойынша 2025-2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес үш ірі нысанда күрделі жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ, «МРЭК» АҚ бойынша 495,4 км электр желісін жөндеу жоспарланса, қазіргі таңда оның 38%-ы орындалды. Ақтау қаласында 1 маусымнан бастап жылу желілерін тазалау және қысыммен тексеру жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 300 үйге ревизия жасалды. Бұл жұмыстар 15 қазанға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 19 ш/а, 31Б, 32Б, 32В, 35 шағынаудандарындағы 8 автономды қазандық арқылы 32 тұрғын үйге жылу беріледі. Аталған қазандықтарда да жөндеу және тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Түбекте туризмді түлету – өңір экономикасын өркендетудегі өрісті салалардың бірегейі. Биыл Маңғыстау өңіріне 500 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Туризм саласында 2025-2029 жылдар аралығында 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде биыл «Wyndham Garden Aktau», «Town Center» сауда кешені, Қарақиядағы визит-орталық және бірнеше глэмпинг жобалары іске қосылады. Ал Бозжыра шатқалындағы бұрын қоғамда резонанс тудырған қонақүй құрылысы жобасы бойынша шешім қабылданып, жоба жаңа талаптарға сай қайта қаралды. Қазіргі кезде бұл аумақта тек экологиялық визит-орталықтар мен глэмпингтер сияқты табиғатпен үйлесімді жеңіл құрылымдар бой көтеруде. Яғни, «Pana Asia» ЖШС тарапынан Бозжыра шатқалында визит-орталық пен глэмпингтер құрылысы басталды. Визит-орталық 2025 жылы, ал глэмпингтер 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Кендірлі демалыс аймағында 50 мың текше метр теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылып, аумақты сумен қамту жұмыстары қатар жүруде. Туризм инфрақұрылымын дамыту үшін жол, байланыс, инженерлік желілер тартылады. 2028 жылы «Bozjyra Safari Hotel», 2029 жылы «Aqualina Camp» сияқты ірі жобалар іске қосылмақ.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысында Кендірлі аумағында жаңа халықаралық әуежай салу жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Құрылыс үшін Қарақия ауданы мен Құрық ауылының әкімшілік аумағынан 599 гектар жер телімі бөлініп, «Қазаэронавигация» РМК-ға уақытша жер пайдалану құқығымен рәсімделді. Жер телімі қазіргі Кендірлі демалыс аймағынан 13 шақырым жерде орналасқан.
Бірінші кезеңде 2200 метрлік және 35 метрлік ұшу-қону жолағы салынады. Бұл жолақтар Q400, ATR 42/72, CRJ200 сияқты шағын және орта әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді, нәтижесінде Астана мен Алматыдан тікелей туристік рейстер ашу көзделіп отыр. Келешекте ұшу жолағын кеңейту арқылы Airbus A320 және Boeing 737 секілді ірі әуе кемелерін де қабылдау жоспарланған.
Сәуле Мешітбайқызы Ел Президенті тарапынан облыс басшысына жүктелген міндет әрі ел-жұрт пен облыс тұрғындары тапсырған аманат сан алуан екенін атап өтті. Сондай-ақ ел мүддесіне, оның мұқтажы мен қажетіне қызмет жасауы өте кұптарлық жәйт екенін ескеріп, облыс басшысының қызметіне сәттілік тіледі.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Маңғыстау облысы