Жамбыл жері қазір нағыз қарбалас шақты бастан өткеріп жатыр. Жаз бойы бапталған егін пісіп, сары алтындай толқынданған алқаптарға комбайндар кірген. Қыркүйекке қарай егін орағы науқаны аяқталады. Бұл диқандардың бір жыл бойы тынбай төккен маңдай терінің жемісін жинайтын ең жауапты кезең.
Биыл облыс көлемінде 343,4 мың гектарға масақты дәнді дақылдар егілді. Қазірдің өзінде 294,5 мың гектары орылып, қамбаға 260,5 мың тонна өнім толтырылды. Әр үйдің дастарқанына тартылар нанның дәмі дәл осы еңбектің арқасы. Облыстың бидай алқабы 157 682 гектарға жетсе, арпа 185 810 гектарға егілген. Бүгінге дейін бидайдың 82,9 пайызы, арпаның 88,2 пайызы жиналды. Алқаптардағы дән мол болғанымен, биылғы түсім өткен жылмен салыстырғанда сәл төмен. Орташа есеппен гектарына 4,8 центнерден 12,9 центнерге дейін өнім алынып отыр. Қуаңшылықтың әсері сезілгенімен, еңбек қарқыны бәсеңдей қоймаған.
Науқанға барлығы 490 комбайн, мыңға жуық жүк көліктері мен ауылшаруашылығы техникалары тартылған. Сырттан арнайы 50 комбайн әкелініп, орақтың қызған шағында көмекке келген. Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандары комбайнмен ең жақсы қамтамасыз етілген өңірлер қатарында. Ал Тараз қаласында 3, Мойынқұм ауданында бар-жоғы 1 комбайн жұмыс істеп жүр.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, биыл егіс көлемі былтырғыға қарағанда 33,2 мың гектарға артып, 640 мың гектарға жеткен. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 361,9 мың гектар, майлы дақылдар – 38,1 мың гектар, бақша дақылдары – 12,7 мың гектар, картоп – 8,3 мың гектар, көкөніс – 31,1 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 181,3 мың гектар алқапты алып жатыр. Картоптың 1,6 мың гектарынан 35,5 мың тонна, көкөністің 6,8 мың гектарынан 192,3 мың тонна, майлы дақылдардың 2,5 мың гектарынан 1,7 мың тонна, ал бақша дақылдарының 8,8 мың гектарынан 245,2 мың тонна өнім алынды. Мұндай молшылық өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Жердің құнарын сақтап, өнімді молайту үшін минералды тыңайтқыштарды уақытында енгізудің маңызы зор. Биыл 498,5 мың гектарға 99,6 мың тонна тыңайтқыш сіңіру жоспарланып, оның 54,3 мың тоннасы алқаптарға толық енгізілді. Егін орағымен қатар, мал азығын дайындау да қарқынды жүруде. Биылғы жоспар – 305,9 мың гектардан шөп жинау болса, соның 269,2 мың гектары орылып, 1,6 млн тонна пішен, 100,6 мың тонна пішендеме және 373 мың тонна сабан дайындалды. Қуаңшылыққа қарамастан, «Қазсушар» облыстық филиалы мен шаруашылықтар арасында 570 млн текше метр суға 3888 шарт жасалып, шаруаларға 370 млн текше метр су жеткізілген. Бұл бақша дақылдарын толық суаруға мүмкіндік берді. Көпжылдық шөптер кемінде екі рет суарылып, үш рет орылды. Ал қант қызылшасы, майлы дақылдар мен көкөніс алқаптарына су жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Егін орағының күндік қарқыны да көңіл қуантады. Бір комбайн тәулігіне 12 гектар жер орып, жалпы облыс бойынша күніне шамамен 1169 гектар алқаптан дән жиналуда. Осы қарқынмен алдағы бір-екі апта ішінде қалған 40 мың гектарды толық орып бітіру көзделіп отыр. Бұдан соң шаруалар қант қызылшасы, майлы дақылдар мен көкөніс жинауға кіріспек.
Алтын күз – ауыл еңбеккерлері үшін мерейлі мезгіл. Қырман басында қап-қап астық үйіліп, күн көкжиекке қарай батса да комбайндардың ызыңы бір сәтке де басылар емес. Мұндай қарқынды жұмыс қыс азығын қамдауда үлкен рөл ойнайды. Өз кезегінде жамбылдық шаруалар мен сала мамандары аянып қалып жатқан жоқ.